Accessibility links

Назарбаев: Еңбек дауын қоздырушы паразиттер жауапқа тартылуы керек


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев индустриалық форумда сөйлеп отыр. Астана, 3 шілде 2012 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев индустриалық форумда сөйлеп отыр. Астана, 3 шілде 2012 жыл.

Астанада өтіп жатқан индустриалық форумда Нұрсұлтан Назарбаев еңбек дауларын тудыратын "арандатушылар мен паразиттердің" құқықтық жауапкершілігіне тоқталып өтті.

"Қазақстан жаңалықтары" агенттігінің жазуынша, Индустриаландыру күніне арналған бүкілхалықтық телекөпірде Назарбаев еңбек дауларының алдын алу мен оны реттеу тетіктерінің жетілмегенін, "әлеуметтік және еңбек дауларын ушықтырғандарды" құқықтық жауапқа тарту жағының кемшілігі бар екенін айтты.

"АҚША ТАБУҒА ҮЙРЕНІП АЛҒАН АРАНДАТУШЫЛАР"

- Әлеуметтік модернизация жасағанда ең алдымен әлеуметтік және еңбек қатынастарының оңтайлы үлгісі жасалуы тиіс. Ал бізде еңбек дауларының алдын алу және ол туралы ескертудің тетіктері жөнді дамымаған. Еңбек және әлеуметтік дауларды ушықтырғандарды құқықтық жауапкершілікке тарту жағы да жетілмеген. Көп жағдайда оған жұмыс берушілердің еңбек шартын бұзуы, өндіріс процесін тоқтатуы, жалақыны уақытында төлемеуі себеп болады, - деген Назарбаев осындай жағдайда "ешқайда жұмыс істемейтін, ақша жасауға үйреніп алған арандатушылардың" да болатынын атап өткен.
Өздері еш жерде жұмыс істемейтін, бірақ бәрін бір нәрсеге қарсы тұруға үгіттеп, ақша табуға үйреніп алған арандатушылар мен паразиттер де бар. Олар сол кәсіпорында жұмыс істемейді, сырттан келеді де, "көтерілсеңіздер, сіздерге бірнәрсе береді" дейді. Бірақ "тегін ірімшік тек қақпанда ғана болатыны" белгілі.
- Сонымен қатар, өздері еш жерде жұмыс істемейтін, бірақ бәрін бірнәрсеге қарсы тұруға үгіттеп, ақша табуға үйреніп алған арандатушылар мен паразиттер де бар. Олар сол кәсіпорында жұмыс істемейді, сырттан келеді де "көтерілсеңіздер, сіздерге бірнәрсе береді" дейді. Бірақ "тегін ірімшік тек қақпанда ғана болатыны" белгілі, - деді Назарбаев.

Президенттің айтуынша, арандатушылардың әрекеті Қазақстанның еңбек кодексі мен басқа да заңдарда жұмыс берушілер немесе арандатушылар тарапынан еңбек дауын ушықтырғандарға қолданылатын жазаның жоқтығынан болып отыр.

Назарбаев еңбек дауларын реттеуде Қазақстанның кәсіподақтар туралы заңының тиімсіздігі де өз алдына бір мәселе екенін де ескертті. Ол кәсіподақ туралы заңда тіпті "әлеуметтік әріптестік" деген ұғым жоқ екенін айтып, парламентке ол туралы жаңа заң дайындауды тапсыру керек деген.

Қазақстан президенті бұдан өзге де түрлі мәселелердің басын шалды. Ол «қазір экономикалық дағдарыс жайлаған АҚШ-тан бастап, бүкіл Батыстың жағдайы мүшкіл екенін, индустриаландыру болмай, экономикалық даму мен бәсекелестікке жол жоқ екенін» де атап өткен.

- Сондықтан біздің бағытымыз дұрыс, осы жолда жүріп, осы ойларды іске асыруымыз керек, - деді Назарбаев.

"МӘДЕНИЕТСІЗ, БІЛІМСІЗ, ҚҰНСЫЗДАР"

Индустриалық форумда Қазақстан президентінің назарынан жол таңдамайтын, қазақстандықтар "джип" атап кеткен көлік мінетіндер де тыс қалмады.

- Мақтан үшін жол таңдамайтын көлік алатындар, тіпті осы үшін танкіге де отыруға дайын адамдар өздерінің мәдениетсіздігін, білімсіздігін, құнсыздығын көрсетеді, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Ал жұмыссыз жүргендерге қарата Қазақстан президенті:
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев индустриалық форумда сөйлеп отыр. Астана, 3 шілде 2012 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев индустриалық форумда сөйлеп отыр. Астана, 3 шілде 2012 жыл.


- Бүгінгі индустриалды-инновациялық бағдарламаның Қазақстанның болашағы үшін маңызы зор. Жаңа жұмыс орындары ашылып жатыр. Бірақ жұмыссыздардың бәрі бірдей жұмыс істеуге ұмтыла бермейді. Біз оларға жұмыс ұсынамыз, бірақ істегісі келмейді. Өкінішке қарай адамдардың психологиясы кәсіби біліктілігін көтеріп, жаңа жұмысқа орналасуды емес, таксист болу, я көп балалы отбасыларға немесе мүгедектерге берілетін жәрдемақымен өмір сүруді қалап тұрады. Егер біз бәсекеге қабілетті ел боламыз десек, осы психологиядан арылуымыз керек, - деді.

Жұмыссыз азаматтардың көп жағдайда "таксист болу, я көп балалы отбасыларға немесе мүгедектерге берілетін жәрдемақымен өмір сүруді қалап тұратынын" айтқан соң, Назарбаев базарда сауда жасаудың да "масқара" екенін түсіндірді.

- Негізгі мәселе осында... Бүгін еңбек етем деген адамға Қазақстанның әр жерінен жұмыс тауып алуға болады. Оңай жолмен жүріп неше түрлі нәрселерді жасауға болады. Бірақ қол-аяғың сау, ауылда да, қалада да жұмыс беріп отырмыз ғой, неге жұмыс істемейсің? Жоқ, базарда жүру керек масқара болып, ана жерде, мына жерде жүру керек, бірақ жұмысқа барғысы келмейді...Дүниежүзіндегі ең көп жұмыс істейтіндер корейлер екен. Мына батыстағылар суткасына алты-жеті сағат жұмыс істейміз деп не болды әнеки, белшесінен қарызданып, қазір бұрынғы істеп жүрген кездегі жалақысын алмай отыр. Қазір күніне он сағат, аптасына алты күн жұмыс істейді. Бір түйір көмір тұрмақ, темір тұрмақ қолдарында ешнәрсесі жоқ ел ("корейлер"-ді айтады - ред.) бүгін дүниенің ең озық он елінің арасында тұр. Себебі – жұмыскер. Көршілерімізді алып қараңыздар, жермен қалай жұмыс істейді, - деп мәлімдеді Назарбаев.

Нұрсұлтан Назарбаевтың индустриалдық форумда сөйлеген сөзі:

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG