Accessibility links

Әлиев-Назарбаев тартысы аяқталған жыл


Рахат Әлиев пен Нұрсұлтан Назарбаев әңгімелесіп тұр. 2001 жыл.
Рахат Әлиев пен Нұрсұлтан Назарбаев әңгімелесіп тұр. 2001 жыл.

Бұрынғы қайынатасы Нұрсұлтан Назарбаевпен ұзақ жылдарға созылған тартыс Рахат Әлиевтің қазасымен аяқталды. Оның бұрынғы әйелі Дариға Назарбаева вице-премьер болып тағайындалды. Биыл саяси сахнаға олардың кіші ұлдары Айсұлтан Назарбаев шықты.

2015 жыл Алматыдағы «Нұрбанктің» екі топ-менеджерін қастандықпен өлтіру ісін қарауы тиіс Вена соты қарсаңында Рахат Әлиевтің қайтыс болуымен ерекшеленді.

РАХАТ ӘЛИЕВТІҢ АҚЫРЫ

Биыл 24 ақпанда Вена түрмесіндегі біркісілік камераның санитарлық торабынан соңғы тоғыз жылда қуғында болған Қазақстан президентінің ықпалды әрі бұрынғы күйеубаласы өлі күйінде табылған. Түрме әкімшілігі 52 жастағы Рахат Әлиев «өз-өзіне қол салған» деп мәлімдеген болатын. Австрия прокуратурасының хабарлауынша, сараптама нәтижесінде оның қанынан Австрия территориясында пайдалануға толық тыйым салынған ұйықтататын дәрі - барбитурат табылған.

Рахат Әлиевтің қазасына қатысты істі қараған судья Мария Шергубель «өз-өзіне қол салған деген болжамды жоққа шығаратын ешқандай дәлел жоқ болғандықтан, іс жабылады» деп жуырда ашық мәлімдеді. Бірақ Рахат Әлиевтің веналық адвокаттары оның қазасына қатысты жайттарды жан-жақты әрі мұқият тексеруді талап етеді. Олар токсикологиялық және формокологиялық тестердің нәтижесіне «толық емес» деп күмәнданады. Мысалы Азаттыққа берген сұхбатында адвокат Клаус Айнедтер «әлгі сараптамаға марқұмның бауырының (ағза – ред.) бір бөлігін ғана емес, түгел алғанда, тест айқын нәтиже көрсетер еді» деп санайтынын мәлімдеген.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеубаласы Рахат Әлиев. Австрия, Вена, 2008 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеубаласы Рахат Әлиев. Австрия, Вена, 2008 жыл.

Рахат Әлиев «Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты сынап әрі кейбір жоғары лауазымды тұлғаларды әшкерелегенім үшін өміріме қауіп төнуі мүмкін» деп талай мәлімдеген. Ол Вена түрмесінде отырған кезде «қастандық жасап, мұны өз-өзіне қол салды деп көрсетеміз деп ақша бопсалаған» бұрынғы екі камераласының үстінен полицияға шағымданған. Биыл тамызда, марқұмның қазасынан жарты жыл өткеннен кейін, Австрия соты «Әлиевті қорқытып-үркіту арқылы ақша боспалады» деген айыпты жоққа шығарған екі күдіктіні ақтап шығарған.

Рахат Әлиев «қастандықтан қауіптенгендіктен мені тұтқындау туралы жоспарды естіген кезде 2014 жылдың жазында Австрия полициясына өзім берілдім» деп те мәлімдеген болатын. Әлиевке баспана беріп, оны Қазақстанға экстрадициялаудан бас тартқан Австрия билігі банкирлер Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновті 2007 жылы Алматыда қастандықпен өлтіруге қатысы бар-жоғын анықтау үшін өз тергеу амалдарын жүргізген. Оған бұл айып әуелі Қазақстанда, ол саяси ниетін мәлімдеп, қайынатасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қырына іліккеннен кейін тағылған болатын.

«Сотта көптеген компромат жариялаймын, оның ішінде Қазақстан президенті режимін қолдайтын Батыс елдері басшыларын да әшкерелеймін» деп сес көрсеткен Рахат Әлиев Венадағы сотқа жетпей көз жұмды. «Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғалы Австрия үшін мүлде тосын жайт» болып саналған сот оның қазасынан екі айдан кейін басталды. Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы офицерлері Әлнұр Мұсаев пен Вадим Кошляк бұл істегі басты айыпталушы Рахат Әлиевтің сыбайластары ретінде Австрия сотына тартылды.

Вадим Кошляк (сол жақта) пен Әлнұр Мұсаев банкирлер өліміне қатысты сотта отыр. Австрия, Вена, 14 сәуір 2015 жыл.
Вадим Кошляк (сол жақта) пен Әлнұр Мұсаев банкирлер өліміне қатысты сотта отыр. Австрия, Вена, 14 сәуір 2015 жыл.

Вена соты Қазақстан үкіметі жолдаған материалдар мен қазақстандық куәгерлердің сөзіне сенбейтінін мәлімеген соң «Нұрбанк» ісін қараған процесс тоқтап қалды. Айыптаушы тарап соттың жан-жақты әрі нақты жауап ала алмау себебін уақыттың тапшылығымен, аудармадағы қиындықтармен, «қазақ менталитеті» және куәгерлерден жауап алу хаттамасын толтырудың «өзіндік ерекшелігімен» түсіндірген.

2015 жылы шілденің 10-ы күні Вена соты Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновті қастандықпен өлтіруге Мұсаев пен Кошляктың қатысы жоқ деп тапты. Сот Кошлякты алматылық банкирлерді ұрлап әкету айыбы бойынша ғана кінәлі деп танып, оның алдын ала қамауда отырған мерзімін ескеріп, сот залынан ҰҚК бұрынғы төрағасы Әлнұр Мұсаевпен бірге босатты. Қастандықпен өлтірілген екі банкирдің жесірлерінің адвокаттары, Австрия прокуратурасы және Қазақстан бас прокуратурасы соттың бұл шешіміне наразылық білдірді. Бірақ Венаның қылмыстық істер жөніндегі жер сотының «Нұрбанк» ісіне қатысты шығарған шешімі әлі күшінде.

ДАРИҒА НАЗАРБАЕВАНЫҢ ӨРЛЕУІ

Марқұм Рахат Әлиевтің 52 жастағы бұрынғы әйелі Дариға Назарбаева билік басынан тағы көріне бастады. Биыл қыркүйекте президент Назарбаевтың үлкен қызы үкіметтің әлеуметтік блокқа жауап беретін вице-премьер қызметіне тағайындалды. Дариға Назарбаеваны қарашада Лондон сапарына ертіп барған әкесі екеуін Букингем сарайында Ұлыбритания патшайымы екінші Елизаветаның өзі қабылдаған. Бірақ Ұлыбританияның кейбір БАҚ-тары оны «Назарбаевтың әйелі» деп жаңылысып жазған болатын.

Рахат Әлиев пен Дариға Назарбаеваның ерлі-зайыпты кездерінде түскен суреттері.
Рахат Әлиев пен Дариға Назарбаеваның ерлі-зайыпты кездерінде түскен суреттері.

Назарбаевтың үлкен қызы «Хабар» телеарнасын, «Асар» партиясын басқарып әрі өзін әнші ретінде өнер көрсетіп бұрын да жұрт назарына іліккен. Бірақ 2007 жылы қуғындағы Рахат Әлиевпен сырттай ажырастырған соң Дариға Назарбаева «тасаға» ығысып, ол жақтан кей ақпарат құралдарына «билікке таласым жоқ» деп мәлімдеген.

Дариға Назарбаева бірер жылдан кейін саяси және қоғамдық өмірге қайта оралды. 2012 жылдың қаңтарында «Нұр Отан» билік партиясы тізімі қатарында парламент депутатына айналып, ол жерден атқарушы билікке ауысқанға дейін вице-спикер қызметіне дейін өсті.

Билікшіл саясаттанушылар баспасөзде, ал билікшіл журналистер мен блогерлер әлеуметтік желілерде президенттің үлкен қызының үкіметке ауысуын қолпаштап мұны президент Назарбаевтың мұрагері ретінде өрлеуіне балайды. Бірақ «бұл әлдебір түпкілікті тағайындаудың алдындағы ауыс-түйіс қана» деп санайтындар да бар.

АЙСҰЛТАН НЫҢ НАЗАРЫ ФУТБОЛҒА АУДЫ

Рахат Әлиев пен Дариға Назарбаеваның кіші ұлы – 25 жастағы Айсұлтан Назарбаев биліктен өз орнын алғысы келетін ниетін ашық мәлімдеп жатыр. Ол бақылаушылардың көбі «майшелпек» санайтын Қазақстан футбол федерациясы (ҚФФ) президенті болғысы келеді. Ел президентінің жиені әрі вице-премьердің баласы «Астана» футбол клубы мен ҚФФ президентін қатар атқару «мүдделер қайшылығына» ұласады деп ашық мәлімдеп, ҚФФ басшысы Ерлан Қожағапановты отставкаға кетуге шақырған. Қожағапанов «Астана» президенттік клубы басшысы қызметінен кеткеннен кейін Айсұлтан Назарбаев «біліктілігі» жетпейді деген уәжбен оның Қазақстан футбол федерациясы президенті қызметінен де кетуін талап еткен. Өткен айда Астанадағы республикалық футбол форумында «экономикалық дағдарысқа» байланысты мемлекеттік бюджеттен футболды қаржыландыру қысқаруы мүмкін екені мәлімделген.

Рахат Әлиевтің әкесі, академик Мұхтар Әлиевті жерлеу рәсімінде отырған Айсултан Назарбаев (сол жақтан бірінші) пен Нұрәлі Әлиев (сол жақтан екінші). Алматы, 13 қаңтар 2015 жыл.(Суретті бассаңыз, үлкейеді)
Рахат Әлиевтің әкесі, академик Мұхтар Әлиевті жерлеу рәсімінде отырған Айсултан Назарбаев (сол жақтан бірінші) пен Нұрәлі Әлиев (сол жақтан екінші). Алматы, 13 қаңтар 2015 жыл.(Суретті бассаңыз, үлкейеді)

Ұлыбританияның «Сандхерст» әскери академиясындағы оқуынан Қазақстанға оралғаннан кейін Назарбаевтың жиені лейтенант офицер шенін, 2013 жылы аға лейтенант шенін алған. Оның Қазақстан қорғаныс министрлігіне қарасты бас барлау басқармасында қызмет еткені белгілі. Ал қазір немен айналысатыны жайлы ашық ақпарат жоқ, бірақ жас жігіт өмірдегі өз орнын көздеп қойған сияқты.

Бұдан сәл ертеректе жергілікті БАҚ Айсұлтан Назарбаевтың «Алланың қалауымен осындай әулетте, яғни елбасымыз әрі президентіміздің отбасында дүниеге келдім. Президенттің жиені болу - менің тәулігіне 24 сағат бойы атқаратын негізгі қызметім» деген сөздерін келтірген.

Алғашқы жария мәлімдемелерінде Алланы жиі еске алған Назарбаевтың жиені жуырда қандай «қиын адам» болса да, қилы ақылгөйлердің кеңесіне қарамастан, әкесінен бас тарту ойында жоқ екенін мәлімдеген.

Желтоқсанның 13-і күні, яғни көзі тірі болғанда 53 жасқа келетін Рахат Әлиевтің туған күнінен үш күн өткенде Айсұлтан Назарбаев Facebook желісіндегі парақшасында «Алладан қорқатын адам ретінде ешкімді сөгіп-жазғырмаймын, ерте ме, кеш пе - бәріміз Оның алдына барып, амал-сауаптарымыздың есебін береміз. Істің ақ-қарасын ажырату - әркімнің шамасы келе бермейтін қиын іс. Өткен-кеткенді еске алған кезде тіпті президенттің өзі «әкеңнің тағдырына қатысты шешімді қабылдарда қатты уайымдадым» деп отырады деп жазды.

Нағашы атасының тегіне жазылған Рахат Әлиевтің екінші баласы «Желтоқсанның 10-ы күні әкемді тек жақсы сөздермен еске алдым» деп жазды.

XS
SM
MD
LG