Accessibility links

Назарбаев отбасының билікке деген махаббаты


Алматының орталық көшелерінің бірінде тұрған билбордта Нұрсұлтан және Сара Назарбаевтар бейнеленген. Алматы, қаңтар, 2009 ж.

Алматының орталық көшелерінің бірінде тұрған билбордта Нұрсұлтан және Сара Назарбаевтар бейнеленген. Алматы, қаңтар, 2009 ж.

Билік олжа табудың құралы деп қабылданады. Сондықтан да, президент Нұрсұлтан Назарбаевтың туыстары билікке ұмтылады дейді режимді сынаушылар. Олар Назарбаевтың отбасын сынап жатқанда, шындығында оның үш отбасы бар деп жазады Рахат Әлиев.

РАХАТ ӘЛИЕВ – НЕПОТИЗМНІҢ ТУЫНДЫСЫ ӘРІ ҚҰРБАНЫ

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жақын туыстары, негізінен оның немере туыстары, мемлекеттік қызметте прокурорлықты, немесе арнаулы қызметтегі басқа да орындарды артық көреді. Олардың аты-жөндерін тек мемлекеттік басқару органдарының, ұлттық компаниялар немесе банктер басшыларының тізімінен ғана емес, сонымен бірге қоғамдық құрылым басшылары арасынан да көруге болады. Мысалы, Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың білім беру қорын алғашқы күннен оның ортаншы қызы Динара Құлыбаева басқарса, «Ақорда» қоғамдық қорын «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясынан ауысқан Қайрат Сатыбалды/ Назарбаев басқарады.

Өткен жылдың соңында Нұрсұлтан Назарбаевтың тұңғыш немерелерінің бірі Нұрәли Әлиев Қазақстанның Даму банкінің бірінші вице-президенті болды. Ол мұнда анасы Дариға Назарбаева екеуі акциялардың негізгі иеленушісі болып табылатын "Нұрбанк" басшылығынан келді.

Президенттің күйеу баласы Тимур Құлыбаев – «Форбс» журналының тізіміне енген ресми миллиардер. Елдегі және шетелдердегі аса ірі активтердің қожасы. Өткен жылы өз бизнесінен мемлекеттік құрылымдағы қызметке келіп, «Самұрық-Қазына» қорының екінші басшысы болды.

Рахат Әлиев өзінің жаңа ғана шыққан, көптен күткен «Өкіл қайын ата» атты кітабында Назарбаевтың туыстарына ірі бизнеспен айналысқаннан, жоғары, бірақ аса маңызды емес қызметтерде отырғаннан басқа жол жоқ деп жазады. Рахат Әлиевтің айтуынша, әйтпесе "сарай төңкерісі болғалы жатқан жоқ па" деп Нұрсұлтан Әбішұлының өзінің күдіктенуі мүмкін. Рахат Әлиевтің жазуынша, Назарбаевтың туыстары мезгіл-мезгіл бірінші отбасының басшысынан әлденені сұрап алуға, бірақ қандай жағдайда болсын саясатпен айналыспауға міндетті.

Саясат айналасындағылардың арасында Назарбаевтың отбасы туралы әңгіме бола қалғанда Ақорданың өзіндегілер "қай отбасын айтып тұрсың" деп сыбырласады дейді Рахат Әлиев өзінің атышулы кітабында. Әлиевтің айтуынша, Назарбаев үш отбасымен тұрады. Үшінші әйелі оған 2005 жылдың сәуір айында ұл тауып берді. Міне билікті сол ұлына бермекші деп жазады Рахат Әлиев.

Рахат Әлиевтің жазғанына қарағанда Назарбаев оппозициядан да, баспасөзден де қорықпайды. Ол өзінің жақын маңындағылардан ғана қорқады. Рахат Әлиевтің логикасына салсақ, сондықтан да ол жақын туыстарын ол жерде оған компромат жинап, жаманатты қылу үшін әртүрлі құйқалы, мықты қызметтерге жібереді. Бұл жерде "жазушы" Әлиев өзі де сол непотизмнің бел баласы екендігі туралы жақ ашпайды.

Алматының соты осыдан екі жыл бұрын Рахат Әлиевтің толып жатқан байлығын: зауыттарды, газеттерді, ұшақтарды, тікұшақтарды, бассейндерді, үйлерді... т.б. тартып алған болатын. Рахат Әлиев қарсылық жасаған жоқ. Бірақ, қайтып келген соң барлығын Қазақстан Бас прокуратурасының тізімі бойынша қайтарып алатынын мәлімдеді.

САЯСАТШЫЛАР МЕН САРАПШЫЛАР НЕПОТИЗМДІ АҚШАҒА ҚҰНЫҒУШЫЛЫҚТАН ДЕП ТҮСІНДІРЕДІ

Осы жолдар авторы сұрау салған қоғамдық тұлғалардың барлығы мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың көптеген туыстарының мемлекеттік қызметке, ұлттық компанияларға, қандай да бір қоғамдық қорларға ұмтылу себептері өте қарапайым ғана - тек баю үшін деп түсіндіреді.

«Общественная позиция» газетінің бас редакторы Розлана Таукина президенттің және басқа да ірі шенеуніктердің туыстары мемлекеттік органдарда қызмет істеуді баюдың оңай жолдарының бірі ретінде ғана қарастырады деп мәлімдеді:

«Мысалы, ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сүйікті немерелерінің бірі Нұрәли Әлиевті алайық. Оның жеке бизнесі, жеке банкі бар. Жоқ. Ол осының барлығын біреуге қалдырып, Қазақстанның Даму банкіне ауысады.

Ол өзінің банкін неге тастап кеткенін білесіз бе? Өйткені, олар түкке тұрмайтын менеджерлер. Олар тіпті өз бизнесін де жүргізе алмайды. Олар әдетте біреудің жолға қойылған, дамыған бизнесін тартып алады. Тартып алған соң, бизнес шашылып қалмас үшін оны басқаратын тәжірибелі менеджерлер іздей бастайды.

Ал өздері бұл кезде ешқандай жұмыс істемейтін жерге барады. Сондықтан да, президент елдің кез-келген азаматын қолынан жетектеп прокуратура мен сотқа апара аламын дейді. Солай болып та жатыр.

Бірақ тек туыстар емес! Олар әрқашан сүттен ақ, судан таза болып шығады. Олардың «қамқоршыларының» мығым болғандығы сондай, қаншалықты нашар жұмыс істесе де, ағаттыққа жол берсе де ешқашан жазаланбайды».

«ОЛ ЖАҚТА МОЛ АҚША БАР, ҰРЛАУҒА ЖӘНЕ ЕШНӘРСЕГЕ ЖАУАП БЕРМЕУГЕ БОЛАДЫ»

Оппозиция жетекшілерінің бірі, парламенттің экс-депутаты, Қазақстан Коммунистік партиясының хатшысы Төлен Тоқтасынов Азаттық радиосына берген сұхбатында былай деді:

«Бүгінде Қазақстандағы мемлекеттік құрылымдарда жұмыс істеу - табыстың жақсы көзі екені оп-оңай түсінікті. Бұндай жағдай, Назарбаевтың туысы ма, туысы емес пе, оған қарамастан кез-келген шенеунікке қатысты. Мысал керек болса ҚТЖ-ны алуға болады».

«Ар.Рух.Хақ.» қоғамдық ұйымының жетекшісі Бақытжан Төреғожинаның пікірінше, Қазақстандағы барлық билікті президент отбасының жекешелендіріп алуы қоғам үшін қалыпты жағдайға айналған. Бақытжан Төреғожина Азаттық радиосына берген сұхбатында былай деді:

«Назарбаевтың шұбырған туыстарының мемлекеттік қызметке және ұлттық компанияларға деген «махаббаттарын» оп-оңай түсіндіруге болады. Ол жақта көп ақша бар, ұрлауға және ешнәрсеге жауап бермеуге болады.

Президент отбасының барлық билікті жекешелендіріп алуы қалыпты жағдай деп есептелетіндіктен біздің оған етіміз өліп кеткен. Біз бұған бейжай қараймыз. Демократиялық жағынан дамыған басқа мемлекеттер үшін мұндай құбылыстар жабайылық, шектен шыққандық болып бағаланар еді.

Біз енді министрлерді, вице-министрлерді және Мұхтар Әблязовтың жақын серіктестері мен туыстарын тұтқындап, түрмеге жапқанына да үйрене бастадық. Бұндай жағдайлар біз үшін заңдылық сияқты болып көрінеді. Ең қорқыныштысы осында!»

КЕЗЕК НЕМЕРЕЛЕРГЕ КЕЛДІ

Экс-сенатор Уәлихан Қайсаровтың пікірінше, президенттің жақын туыстары мен Қазақстанның басқа да жоғары дәрежелі шенеуніктерінің жақын-жуықтарының билікке жаппай ұмтылуына көптеген факторлар, оның ішінде оларда ішкі мәдениеттің жоқтығы әсер етеді:

«Бұған бірнеше факторлар әсер етеді. Бірінші элемент, адамның сыртқы емес, ішкі мәдениетінің жоқтығы. Ол өзі қызметтегі адам болса, оның үстіне мемлекеттегі жоғары шенді басшының жақын туысы болса, егер бұл адамның ішкі мәдениеті болмаса, онда оны ешқандай моральдық та, этикалық та нормалар тоқтата алмайды.

Екінші элемент. Менің ойымша, олардың бойынан «ең басты туыстарының» жұмыс істеу тәсілін бақылай отырып, содан алған жыртқыштық тәрбие байқалатын сияқты. Яғни, бетімен кетушілік, жауапсыздық, ешқандай заңға бағынбаушылық, басқаларға ешнәрсе істеуге болмаса, оған бәрін істеуге болатындығы. Бұл, шынында да жанына жақын жүргендерге ықпал етеді.

Үшінші элемент. Менің ойымша ол бұған оларды белсенді түрде үйретті. Өзіне сенімді болуы үшін оларға жоғары қызметтерді таратты. Оған қажет болған кезде оларды біртіндеп билікке қарай сүйреді. Біз бұны байқап та отырмыз.

Ол қажет болған кезде күйеу баласын өрге тартты. Қызын, екінші күйеу баласын да жоғарыға шығарды. Қажет болғанда, немере туыстарын да сүйреледі. Ендігі кезек үшінші буын, немерелерге келді. Енді ол немерелерін көтере бастады».

НЕ ҮШІН ҚАЙРАТ НАЗАРБАЕВ ЖАЙ ҒАНА САТЫБАЛДЫ БОЛА ҚАЛДЫ?

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың көптеген туыстары билікке басқа фамилиялармен келетіндігі құпия болудан қалған. Мысалы, Сатыбалды Қайрат немесе Әділет министрлігінің жауапты хатшысы Әбіш Самат Сатыбалдыұлы – Нұрсұлтан Назарбаевтың інісінің балалары.

Алайда, оппозициялық «Свобода слова» газетінің бас редакторы Гүлжан Ерғалиева президенттің маңайындағы басқалар да өз балаларын мемлекеттік қызметке немесе ұлттық компанияларға осындай әдіспен сүйрей бастағанына назар аударады. Гүлжан Ерғалиева Азаттық радиосына былай дейді:

«Біздің жоғары дәрежелі мемлекеттік шенеуніктеріміздің толып жатқан туыстары қазір экономикада және басқа да салаларда түрлі фамилиялармен жүр. Мысалы, президенттің іс басқарушылығына ауысқан Сарыбай Қалмырзаевты алуға болады.

Енді олар не істейді? Олар өз балаларының фамилиясын өзгертеді. Енді ол балалар басқа фамилиямен шешуші мемлекеттік қызметтерге келеді. Енді оның ұлы Қалмырзаев емес екен. Енді ол жай ғана Сарыбай, яғни, енді оның фамилиясы Сарыбай.

Міне, енді ол «Қазмұнайгаз» жүйесіндегі бір елеулі мұнай тасымалдаушы компанияның директоры, тіпті бас директоры болған. Біздің жоғары шенеуніктеріміз осылай жасайды!»

БҰЛ БАРЛЫҚ ДИКТАТОРЛЫҚ РЕЖИМДЕРГЕ ТӘН СИПАТ

«Талмас» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Айнұр Құрманов Қазақстандағы қазіргі жағдайды диктатор Сухартоның кезіндегі Индонезиямен салыстырады:

«Шамасы бұл тек Қазақстан емес, барлық диктаторлық режимдерге тән сипат болса керек. Сухартоның диктатурасы кезінде де Индонезияда да осындай схема болды. Яғни, оның балалары мен күйеу балалары банктерді, ұлттық компанияларды т.б. басқарды.

Сондықтан да, қазіргі болып жатқан «мемлекет иелігіне алу» мәселелеріне, мемлекеттің жекеменшік қаржы секторына, атап айтқанда банк секторына баса көктеп кіруіне, президенттің жақын туыстары немесе олармен байланысты қаржы-өнеркәсіптік топтардың меншікті қайта бөліске салуы деп қана қарау керек».

Азаттық радиосымен әңгімелескендердің барлығы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекеттік органдарда, ұлттық компаниялар мен қорларда әр түрлі шешуші қызметтерде отырған жақын туыстарының қатарында мыналарды жиірек атады: президенттің күйеу баласы - Тимур Құлыбаев пен қызы - Динара, күйеу баласы - Данияр Хасенов, немересі – Нұрәли Әлиев, інісі – Болат Назарбаев, немере туысы – Қайрат Сатыбалды. Күйеу баласы Рахат Әлиевтің аты сирек аталатын болды. Басқа да туыстарының аты оқта-текте айтылып қалады. Мысалы, Қайрат Сатыбалдының шешесі Светлана Назарбаева.

ТИМУР ҚҰЛЫБАЕВ ПЕН ДИНАРА НАЗАРБАЕВАНЫҢ БІР ЖЫЛДА КЕДЕЙЛЕНІП ҚАЛУЫ МҮМКІН ЕМЕС

«Журналистер қауіп-қатерде» қорының президенті Розлана Таукина генерал немере туыстар мен атақты келін туралы айтады:

«Бұл жағынан алғанда «Самұрық-Қазына» қорында жұмыс істейтін президенттің екінші күйеу баласы Тимур Құлыбаевтың атағы дүркіреп тұр. Ол ресми түрде қордағы екінші басшы болғанымен, бұл мемлекеттік құрылымды шындығында Құлыбаевтың басқарып отырғанын білеміз. Ол басқа да салалар мен мемлекеттік компаниялардың басшылығына өзіне берілген адамдарды қояды.

Нұрсұлтан Назарбаевтың немере туысы Қайрат Сатыбалды біресе ҰҚК-де, біресе «Қазмұнайгаз» компаниясында, тағы бірде темір жолда істейтінін де білеміз. Енді бірде ол тағы бір өте маңызды мемлекеттік құрылымға барып, сол жердегі жұмысты "ақсатуға көмектеседі".

Прокуратурада жұмыс істеп, өте жылдам көтеріліп келе жатқан президенттің немере туыстары да бар. Президенттің туыстары басқа да мемлекеттік органдарда да жұмыс істейді. Олардың да генералдық шен-шекпендері бар.

Мемлекеттік қызметте тек ерлер жағы ғана «табысты» жұмыс істеп жатқан жоқ. Әйелдер жағы да бизнеске ендіріліп немесе жұмыс істеп, мемлекеттік тапсырыстарды «табысты» игеріп жатыр. Мысалы, Светлана Назарбаева (менің білуімше ол Қайрат Сатыбалдының анасы) деген президенттің атақты келіні бар. Ол баспа саласында жұмыс істейді және оппозициялық басылымдарды басуға тиым салады».

Оппозициялық «Свобода слова» газетінің редакторы Гүлжан Ерғалиева Динара және Тимур Құлыбаевтардың байлығының мөлшері жөнінде болжам жасайды:

«Бізде билікті өз туыстарының екінші, үшінші буынына беру жүзеге асуда. Бұл -өте қауіпті тенденция. Бұл -бәрінен де қорқынышты. Бұл - билікті олар мемлекетті көтеру үшін беріп жатқан жоқ қой. Олар өз балаларын бір-ақ нәрсеге үйретті. Қолға алу, баю және билікті отбасының уысынан шығармау. Олар билікке мемлекет есебінен отбасылық байлығын көбейтуге ғана келеді.

«Форбс» журналы өткен жылы Тимур және Динара Құлыбаевтарды миллиардерлердің тізіміне кіргізіп, ал биыл енгізбей қоюын, олар бұл журналмен қалай да келісіп алғандықтан деп есептеймін (бірақ анық көзім жетпейді).

Сонымен бірге, «Форбс» тек бір жерде көрсетілген, заңды табыстарды есептейді. Ал Қазақстанда бизнес негізінен заңсыз жүретінін біз жақсы білеміз. Олардың бизнесі көлеңкеде, ресми емес. Ал шындығында оларда 2 миллиард емес, 20 миллиард доллардан бар болар.

Сондықтан да, Қазақстанда билік тек баюдың құралы, тек отбасылық мүддеге жұмыс істеп жатқан экономиканы бақылаудың құралы ретінде ғана қабылданады».

Айнұр Құрмановтың пікірінше, кейбір ірі кәсіпорындар мен мемлекеттік холдингтердің бірінші басшылары Қазақстан президентінің туыстары болмағанымен, билеуші отбасымен тығыз байланыста және шындап келгенде, осы отбасының «приказчиктері» болып табылады. Айнұр Құрманов былай дейді:

«Болат Назарбаевтың «Қазақмыс» компаниясы директорлар кеңесінің мүшелігінде болуы да қандай да бір ұлттық компанияның немесе экономиканың стратегиялық саласының президенттің тікелей туыстары емес, олармен байланысты, осы отбасының «приказчиктері» болып табылатын адамдардың бақылап отырғанын көрсетеді. Ал олардың үстінен президенттің жақын маңындағылар немесе оның туыстары, мысалы, Болат Назарбаев бақылайды».

«ОЛ АЙНАЛАСЫНА САНАЛЫ ТҮРДЕ ӨЗ АДАМДАРЫН ҚОЙДЫ»

«Азат» партиясы Астана филиалының жетекшісі Уәлихан Қайсаров:

«Мен президент мұндай бассыздыққа жай ғана жол беріп қойған жоқ, ол мұндай жүйені саналы түрде құрды, айналасына саналы түрде өз адамдарын қойды деп ойлаймын.

Қазіргі президенттің тек өзінің бас пайдасы үшін ғана құрылған осы бір күйреткіш жүйесін қалай құртамыз дегенде мен біріншіден Қазақстанда бұны кім істеу керектігін белгілеп алуымыз керек деймін.

Мәселе мынада. Бүгінде Қазақстан халқы аморфты құрылым сияқты. Олар ашуланады, наразылық білдіреді де одан арыға бармайды. Сондықтан былай деп айтуға болады: егер президент бір нәрсе жасаймын десе, бәрі өзінің қолында. Мұндай жағдайды бір аптаның ішінде де түзеуге болады.

Мәселе сонда, ол бұлай жасағысы келмейді. Мінеки оппозициялық күштер жағдайға ықпал еткісі келеді. Бірақ президенттің өзі қабылдаған заңдарына өзін бағындыруға, заңның барлық адам үшін бірдей болуына күштері жетпейді», - деп атап көрсетеді.

Айнұр Құрманов Қазақстандағы түбегейлі саяси реформалар жасалмай, қазіргі президент биліктен кетпей, ештеңе түбірімен өзгермейді деген ойда:

"Дәл қазір болып жатқан оқиғалар - билікте отырған қорқаулардың меншікті кәдімгі қайта бөліске салуы. Билікте осы кландық-туыстық топтар отырғанда ешнәрсе өзгермейді. Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет басынан кеткенде ғана Қазақстанда түбірлі саяси-экономикалық өзгерістер болуы ықтимал. Дегенмен ол өзін мәңгілік билеуші деп есептейтін болар".

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG