Accessibility links

Назарбаев Кеден Одағына қатысты Ресейді сынады


Солдан оңға қарай: Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Беларусь президенті Александр Лукашенко, Ресей президенті Владимир Путин. Минск, 24 қазан 2013 жыл.

Солдан оңға қарай: Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Беларусь президенті Александр Лукашенко, Ресей президенті Владимир Путин. Минск, 24 қазан 2013 жыл.

Қазақстан президенті Минскіде өткен Еуразиялық экономикалық кеңес жиынында Ресейдің интеграциялық процестерді саясиландырып отырғанын сынады.

Қазанның 24-і күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Беларусь астанасы Минск қаласында өткен Жоғарғы еуразиялық экономикалық кеңес жиынында "Еуразиялық экономикалық комиссия мүшелерінің жұмысы саясиланған және комиссия мүшелеріне Ресей тапсырма береді" деп сынады.

"АЙТПАСҚА БОЛМАДЫ"
Кеден Одағы
2007 жылы экономикалық интеграция мақсатында құрылған ұйым. Одаққа үш ел (Беларусь, Қазақстан, Ресей) мүше, екі ел (Армения, Қырғызстан) мүше болуға дайын. Одақ жұмысын Мәскеуде орналасқан Еуразиялық экономикалық комиссия үйлестіреді.
Ресей, Қазақстан және Беларусь басшыларының Минскіде өткен жиынында президент Назарбаев "Еуразиялық экономикалық комиссия - Кеден Одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістікті құруға қажетті шарттарды түзу үшін құрылған, мемлекеттен жоғары орган. Комиссия қызметінде жұмысты саясиландыру, интеграциялық процестерді тереңдетуге бағытталған қаржы мен күш-жігерді орынсыз жұмсау байқалады" деді.

Президент Назарбаев "комиссияның жұмыс істеу принциптерін бұзуға жол бермеу керек" екенін де айтты.

"Еуразиялық экономикалық комиссияның талқылау қажет ететін құжаттары шешім қабылдауға бір күн қалғанда ғана жіберіледі. Келісім бойынша, комиссия мен алқа мүшелері ешбір үкіметке (Ресей, Қазақстан, Беларусь үкіметтерін айтады - ред.) есеп бермейді. Бірақ комиссия алқасына мүше Ресей өкілдері Ресей үкіметінің отырыстарына қатысып, нұсқау алып отыратынын айтпасқа болмайды" деп мәлімдеді Қазақстан президенті.

ВИДЕО: Президент Назарбаевтың мәлімдемесі


Президент Назарбаевтың сөзіне қарағанда, Қазақстан тауарларын Ресей мен Беларусь нарығына кіргізуге кедергілер жасалады.

"Қазақстанның ет өнімдері Ресей нарығына әдейі өткізілмейді. Себебі Ресейде олардан Қазақстанның санитарлық талаптарында жоқ нормалар талап етіледі. Бірқатар жаңа техникалық регламенттердің енгізілуіне байланысты Беларусь азық-түлік өнімдерін Ресейге жеткізу де қиындап тұр. Қазақстан электр энергиясын Беларуське Ресей аумағы арқылы, транзитпен сата алмайды" деді Нұрсұлтан Назарбаев.

"РЕСЕЙ БАСҚАРАТЫН ҰЙЫМ" МЕН ТҮРКИЯ
Еуразиялық экономикалық қауымдастық
Кеден Одағы пен Бірыңғай экономикалық кеңістік құру процесін үйлестіретін орган. Бес ел (Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан) - мүше, үш ел (Армения, Молдова, Украина) - бақылаушы. Қауымдастық бірыңғай қаржылық және энергетикалық нарық қалыптастыруды мақсат тұтады. Атқарушы органы Мәскеуде орналасқан.
​Қазақстан президенті бұған қоса, құрамына Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан кіретін Еуразиялық экономикалық қауымдастықты таратуды ұсынған.

Ол "екі бірдей ұйымның қатар жұмыс істеуіне мұқтаждық жоқ екенін" айтып, Қырғызстан мен Тәжікстанды Кеден Одағына бақылаушы елдер ретінде қосуды айтқан.

Жиында Нұрсұлтан Назарбаев "Кеден Одағына Түркияны да қосайық" деген пікір білдірген. Оның айтуынша, шетелде өзіне "СССР немесе Ресей қол астындағы соған ұқсас ұйым құрылып жатқаны" туралы көп сұрақ қойылады. "Түркия президенті маған Кеден Одағына кіру туралы ұсынысын білдірген. Түркия үлкен ел ғой, оны қабылдасақ бәлкім мұндай әңгімелер де тоқтайтын шығар" деді Назарбаев.

"ДСҰ-ҒА КІРУГЕ КЕДЕН ОДАҒЫ БӨГЕТ"

Президент Назарбаев "Өте маңызды мәселенің бірі - Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) кіруі. Ресей бізге бұл ұйымға кіру мәселелерінде қолдау көрсетуге уәде берген еді. Қазақстан ендігі бұл ұйымға кіріп те қоятын еді. Бірақ кіре алмай отырмыз. Өйткені біз Ресейдің нарықты қорғау шараларын қолдадық. Бұл Ресей-Қазақстан қатынастарының мәселесі ғана емес, Беларуське де бұл мәселенің қатысы бар" деді.

Нұрсұлтан Назарбаев "кеңес жұмысына қатысушылар Еуразиялық экономикалық одағын құру туралы келісімге қол қоюға уағдаласқанын, одақ 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмысын бастауы тиіс екенін, бірақ бұл одақ құрылғанға дейін Қазақстанның ДСҰ-ға кіруі қажет екенін" айтқан.
Беларусь президенті Александр Лукашенко мен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Мәскеу, 20 желтоқсан 2011 жыл.

Беларусь президенті Александр Лукашенко мен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Мәскеу, 20 желтоқсан 2011 жыл.

​Кейбір сарапшылар қазан айының басында, Қазақстанға Беларусь президенті Александр Лукашенко ресми сапарына орай, «Ресей ұсынатын еуразиялық интеграция перспективасы Лукашенконы да, Назарбаевты да тіксінтеді» деген пікір айтқан еді.

Мәселен, саясаттанушы Толғанай Үмбетәлиева "Әуел баста көзделген теңқұқықтық жайына қалып, Қазақстан саяси тәуелсіздігінен айрылып қалуы мүмкін жағдайға жетті. Оның үстіне Ресейдің пост-советтік кеңістіктегі агрессиялық ұстанымы да үркітеді. Сол себепті Қазақстан Ресеймен қандай да бір ашық қақтығысқа барудан тартынып, оған қарсылық ретінде Беларусьпен әлдеқандай альянс құрғысы келеді" деген болжам жасаған.

Жиында Қырғызстан мен Арменияның Кеден Одағына кіруін үш елдің де басшылары қолдайтыны айтылды. Алайда бұл екі елдің президенттері Жоғарғы еуразиялық экономикалық кеңес отырысына келген жоқ. Қазанның 17-сі күні Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев "Жыл басынан бері Ыстықкөл облысында қақтығыстар тыйылмай келеді. Тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушылар тиісті жазасын алады. Олардың бірі Минскіде отыр" деп мәлімдеді.

2010 жылы сәуір айында Қырғызстандағы революциядан қашқан бұрынғы президент Құрманбек Бакиев Александр Лукашенконың шақыруымен Беларусті паналаған еді.

Қазақстан, Ресей және Беларусь арасындағы интеграциялық ұйымдар туралы "Еуразия Одағына апара жатқан ұйымдар" деген мақаладан толық мәлімет ала аласыздар.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG