Accessibility links

«Құлыбаев Назарбаевты алмастыра алады» деп мәлімдеді президент кеңесшісі


Президент Нұрсұлтан Назарбаев (ортада) пен "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Тимур Құлыбаев (Назарбаевтың оң жағында тұр) шетелдік инвесторлар кеңесіне қатысушылармен бірге. Астана. 18 мамыр 2011 жыл.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев (ортада) пен "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Тимур Құлыбаев (Назарбаевтың оң жағында тұр) шетелдік инвесторлар кеңесіне қатысушылармен бірге. Астана. 18 мамыр 2011 жыл.

Қазақстан президентінің кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев Нұрсұлтан Назарбаевтың "күш-қуаты бабында" екенін және 2016 жылғы сайлауға дейін өз қызметін атқаруды көздеп отырғанын айтты.


Ертісбаев ресейлік "Коммерсанть" газетінде дүйсенбі, 25 шілде күні жарияланған сұқбатында ел президентіне қатысты жайларға тоқталған.

Қазақстан президентінің Гамбург клиникасында емделгені жайындағы ақпарттарға түсініктеме бере келе, Ертісбаев мұны «әдеттегі жоспарлы медициналық тексерілудің бірі ғана» деді.

"Нұрсұлтан Назарбаевтың мұрагері кім болуы мүмкін?" деген сауалға:

- Таяуда мемлекет басшысымен сөйлестім. Ол 2016 жылдың желтоқсанындағы кезекті президент сайлауына дейін елді индустриалды-инновациялық дамытуға арналған көптеген жоспары бар екенін айтты. Сондықтан бұл мәселені тек «аяқ астынан бола қалған жағдайда» деп қана қарастыруымызға болады,- деп жауап берді Ертісбаев.

Ермұхамет Ертісбаев қуғындағы бизнесмен Мұхтар Әблязовтің Тимур Құлыбаевқа бірнеше рет айып тағуына оның мұрагер болу мүмкіндігі себеп болып отыр деп мәлімдеді.

- Мемлекет басшысы күтпеген жерден кете қалып, төтенше жағдай бола қалса, президенттің стратегиялық бағыты мен мемлекеттік-саяси құрылымның негізгі бағыттарын сақтап, әрі қарай алып кете алатын адам Құлыбаев екенін Мұхтар Әблязов өте жақсы біледі. Осы тұрғыдан келгенде Тимур Құлыбаев Мұхтар Әблязовқа да, Рахат Әлиевке де, сол сияқты тағы да басқа қашқындарға бірқатар қолайсыздық туғызып отыр, - дейді ол.

Оның сөзіне қарағанда, Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімов президент болуға ұмтылмайды.

- Мен Кәрім Қажымқанұлын 1995 жылдан, АТФ банкте қызмет істеген кезінен бастап білемін. Ол - өте ақылды адам. Сондықтан ол Әблязов айтып отырғандай рөл атқаруға тырыспайды. Ал алдағы саяси күрестер кезінде белсенді рөл ойнауы – басқа мәселе, - деді Ермұхамет Ертісбаев.
XS
SM
MD
LG