Accessibility links

Белсенділер Назарбаевтың «100 қадамына» «20 қадам» ұсынды


Азаматтық белсенділер Ильшат Кензин (оң жақта) пен Руфина Галимзянова сот жүйесін реформалауға қатысты жиында отыр. Алматы, 2 маусым 2015 жыл.

Азаматтық белсенділер Ильшат Кензин (оң жақта) пен Руфина Галимзянова сот жүйесін реформалауға қатысты жиында отыр. Алматы, 2 маусым 2015 жыл.

Алматыда бір топ азаматтық белсенді сот жүйесін реформалау жөніндегі ұсыныстарын айтты. «Біздің 20 қадам соттан жапа шеккен адамдарға шынымен пайдалы» дейді олар.

Маусымның 2-сі күні Алматыда «Әділдік үшін» қозғалысының белсенділері Қазақстандағы сот жүйесін реформалауға қатысты пікірлерін ортаға салды.

«БІР ҚАДАМ АЛҒА, ЕКІ ҚАДАМ АРТҚА»

Белсенділер Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 5 институционалдық реформасын жүзеге асыруға байланысты ұсынған «100 нақты қадам» бағдарламасы жайлы да сөз етті.

– Президент ұсынған «100 нақты қадамның» ішінде сот-құқықтық жүйені өзгертуге 18 қадам ғана тиесілі. Оның өзі аяқталмаған, шимай секілді әсер қалдырады, – дейді әлеуметтік саяси зерттеулер орталығының директоры Олеся Халабузарь.

Ол президент Назарбаевтың бағдарламасындағы өзіне ұнамсыз жайттың бірі «сот тыңдауларында прокурорлардың санын қысқарту» екенін айтады.

– Прокурорларға қатысты, олардың сотқа қатысуы, квалификациясы туралы мәселе бізде өте күрделі, Сотқа қатысып отырған прокурордан «Не үшін қатысып отырсыз?» деген сұрақ қойсаңыз «Сіздің заңды құқығыңызды сақтау үшін отырмын» деген жауап алуыңыз екіталай. Ал шын мәнісінде соттың заң аясында өтуін қадағалайтын прокурор болуы тиіс, – дейді Олеся Халабузарь.

«Әділдік үшін» қозғалысының өкілі Ильшат Кензин де «100 нақты қадам» бағдарламасына көңілі толмайтынын мәлімдеді. Оның сөзінше, белсенділер ел президентінің бағдарламасына балама ретінде «Халыққа қарай 20 қадам» деп аталған ұсыныстар жиынтығын құрастырған.

– Президенттің «100 қадамын» «бір қадам алға, екі қадам артқа» деп бағалауға болады. Өйткені ешқандай ілгерілеу жоқ. Сондықтан біз – сот жүйесінен әбден жапа шеккен қазақстандықтар – шынымен пайдасы тиетін 20 қадам ұсынып отырмыз, – дейді Ильшат Кензин.

Құқық қорғаушылар мен белсенділер сот жүйесін реформалауға қатысты жиын өткізіп отыр. Алматы, 2 маусым 2015 жыл.

Құқық қорғаушылар мен белсенділер сот жүйесін реформалауға қатысты жиын өткізіп отыр. Алматы, 2 маусым 2015 жыл.

Белсенділер ұсынған «20 қадамда» сот төрағаларын әр төрт жыл сайын қайта сайлау, сот үкімімен бірге сот отырысының бейнежазбасын беру, егер сот бейнежазбасы редакцияланғаны анықталған жағдайда қылмыстық жауапкершілікке тарту, азаматтарды жалғыз баспанасынан айырмау, азаптауға қатысты жазаны күшейту, азаптау фактісі болған түзету мекемесі немесе құқық қорғау органдары басшыларын қызметтен алу, сыни материалдар жариялайтын БАҚ өкілдеріне қысым жасаушылардың қылмыстық жазасын күшейту секілді мәселелер айтылған.

Алматыда өткен жиынға келген азаматтық белсенділер бұл ұсыныстарын тіркеп, президент Нұрсұлтан Назарбаевқа хат жазды. «Соңғы бес жылдан бері барлық инстанцияларға жазған хаттарымызға тек сырғытпа жауап алып келе жатырмыз» деген белсенділер ел президентінің «ең болмаса бірнеше өкілімен жеке кездесу өткізуін» де сұрады.

Биыл сәуірдің 26-сында мерзімінен бұрын өткен президент сайлауынан кейін қайта сайланған Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлт жоспары – бес реформаны жүзеге асыруға арналған 100 нақты қадам» бағдарламасын ұсынған. Бағдарламаның мақсаты ретінде «институционалдық реформаларды іске асыру, қоғам мен мемлекетті одан әрі жаңғырту» жайлары аталған. Бұл құжатты жақтаушылар оны «мұқият жасалған сапалы стратегиялық бағдарлама» деп сипаттаған. Бірақ кейбір сарапшылар бағдарламада саяси реформалар тыс қалғанын айтқан.

  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG