Accessibility links

Назарбаев ашып, қайта жабылған жобалар


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Биохим" зауытын ашып тұр. 2006 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Биохим" зауытын ашып тұр. 2006 жыл.

Азаттық тілшісі кезінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев ашқан, "серпінді жоба" ретінде таныстырылған бірқатар зауыт пен кәсіпорынның қазіргі жайын зерттеп көрді.

Қазақстанда үдемелі-индустриалдық жобалар ретінде ашылған ондаған зауыт пен кәсіпорын бірнеше жыл өткесін дағдарысқа ұшырап, я өнім шығармаған күйі жабылып қалды. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев аймақтарды аралау кезінде мұндай «өндіріс орындарын» ашу салтанаттарына қатысып, оларды ел экономикасының өсу көрсеткіштері ретінде мысал етеді. Азаттық тілшісі сондай 10 жобаның тағдырын зерттеп көрген еді. Төмендегі картадағы қызыл шеңберлерді бассаңыз, өндіріс жобалары туралы ақпарат ашылады.



1. «Тұлпар» автомобилі зауыты

1996 жылы қазақстандық «Достық-Интеравто» мен оңтүстік кореялық LG International Kia Sportage моделінің қазақстандық үлгісі – «Тұлпар» автокөлігін жасау және жылына 40 мың данасын шығару жөнінде уағдаласқан. Жобаға салынуы тиіс 1 миллион АҚШ долларының 60 пайызын Қазақстан қаржыландырмақ болған. 1997 жылы наурыз айында зауытқа президент Нұрсұлтан Назарбаев келді, келесі айда шыққан алғашқы «Тұлпар» Қазақстан президентіне сыйға тартылды. 1998 жылы зауыт жабылып қалды.

2. Балқаш мырыш зауыты

2003 жылы жылына 100 мың тонна мырыш өндіреді деп жоспарланған зауыттың ашылуына Қазақстан президенті қатысқан. Балқаш мырыш зауыты «Қазақмыс» корпорациясының басты жобаларының бірі болатын. Зауыт құрылысына 120 миллион доллардан астам қаржы жұмсалған. 2009 жылы маусым айында Балқаш мырыш зауытының бас директоры зауыт жұмысының тоқтағанын хабарлады.

3. «Ютекс» мақта өңдеу кешені

2004 жылы президент Назарбаев Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Ютекс» мақта өңдеу кешенінің ресми ашылу салтанатына қатысты. «Қазақстанда бұрын-соңды мұндай фабрика болған жоқ» деп мәлімдеген еді ол.

Өндірістік кешен жобасының жалпы құны 19,3 миллион долларға тең, оның 13 миллионын «Қазақстан даму банкі» несие түрінде, ал 6,3 миллионын Ұлыбританияның Intrex Worldwide компаниясы инвестиция түрінде бөлген. Жоба бойынша Қазақстанда алғаш рет мақта өсіруден бастап одан жіп иіруге дейінгі толық өндірістік циклді жүзеге асыру қарастырылған еді. Кәсіпорынның жобалық қуаты жылына 6 мың тонна жіп иіруге жетеді деп есептелген.

«Ютекс» компаниясы менеджерінің Азаттық тілшісіне айтуынша, бұл зауыт 2011 жылдан соң жұмыс істемейді.

4. «ҚазСат» спутнигі

Православ діні қызметкері "КазCат" спутнигінің "жолын ашып" жатыр. Байқоңыр, 17 маусым 2006 жыл.

Православ діні қызметкері "КазCат" спутнигінің "жолын ашып" жатыр. Байқоңыр, 17 маусым 2006 жыл.

2006 жылы маусым айында Қазақстанның Ресейге 65 миллион доллар төлеп жасатқан «ҚазСат» спутнигі ұшырылды.

Салтанатты рәсімге Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей президенті Владимир Путин қатысты.

2008 жылы маусым айында спутник істен шықты.



5. «Биохим» зауыты

2006 жылы күзде президент Назарбаев Солтүстік Қазақстан облысындағы «Биохим» зауытын салтанатты түрде ашты. Жобаның құны - 88,6 миллион АҚШ доллары. «ТМД көлемінде теңдесі жоқ» деп сипатталған бұл кәсіпорын жылына 57 мың тонна биоэтанол, 19 200 тонна балауыз, 24 мың жем-азық ашытқысы, 25 600 тонна көмірқышқыл газы, 58 мың тонна ұн, 50 мың тонна кебек өндіреді деп жоспарланған еді. Өнімнің 30 пайызы Қазақстанда, 70 пайызы сыртқы рынокта сатылмақ болған. 300-ден астам адам тұрақты жұмыс істеуі тиіс болған.

2012 жылы бұл кәсіпорынды банкрот деп тану үшін сот процесі жүрді.

6. Тасқала цемент зауыты

2007 жылы Батыс Қазақстан облысы Тасқала ауданында салынбақ болған бұл зауыт үдемелі-индустриалдық жобалардың бірі ретінде президент Назарбаевқа таныстырылған. Жоба құны 210 миллион долларға бағаланған. 2009 жылы құрылысын аяқтау көзделген зауыт жылына 2 миллион тоннаға дейін цемент өндіреді деп жоспарланған.

2010 жылдың бас кезінде Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов «цемент зауыты құрылысын жобалаушылар ең басты мәселені, яғни үлкен жобаны энергетикалық қуат көздерімен қамту жайын, оған кететін шығындар мен ресурстарды қоса есептеу қажеттігін түпкілікті түрде қарастырмағанын, соның салдарынан жобаның тұйыққа тіреліп тұрғанын» айтты.

7. «Ақтау-сити» қаласы

2007 жылы қыркүйек айында президент Назарбаев Ақтау қаласының жанынан салынатын «Ақтау-Сити» қала құрылысы жобасын бастаудың салтанатты рәсіміне қатысты. Ол «Ақтау-Сити» халықаралық стандарттарға сай қазіргі заманғы үлгідегі қала болатынын» мәлімдеді.

Ақтау қаласындағы билбордтар. 3 мамыр 2013 жыл.

Ақтау қаласындағы билбордтар. 3 мамыр 2013 жыл.

Жоспар бойынша, жаңа тұрғын үй құрылысының көлемі 4 миллион шаршы метрге тең болуы тиіс еді. «Ақтау-Ситиде» тәуелсіздік аллеясы, мәдениет, білім, медицина, сауда және спорт нысандары, бизнес-орталықтар мен саябақтар салынып, қаланы электр энергиясымен және сапалы ауыз сумен қамтамасыз ететін қазіргі заманғы кәсіпорындар іске қосылмақ болған.

2013 жылы маусымда өткен баспасөз-конференциясында Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев «Ақтау-Сити» бастапқы жоспарлағандай болмайтынын айтты.

8. SiliciumKazakhstan кремний зауыты

2008 жылы желтоқсан айында Қазақстан президенті Қарағанды облысының Теміртау қаласында ашылған кремний зауытына келді. Металлургтер алдында сөйлеген ол жаңа зауыттың халықаралық стандарттарға сай келетінін, тәуелсіздіктің 17 жылдығына жасалған тамаша сый екенін айтты.

Қазір зауыт жұмыс істемейді. Биыл БТА банк SiliciumKazakhstan компаниясына берген 420 миллион долларға жуық кредитін қайтару жөнінде сотқа берді. Компанияның бас директоры Александр Сутягинский биыл наурыз айында 12 жылға бас бостандығынан айырылған. Сутягинский 2006 жылы президент Назарбаев ашып, кейін тоқтап қалған «Биохим» кәсіпорының да жетекшісі болған.

9. «Азия Керамик» керамогранит зауыты

2010 жылы наурыз айында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Шымкентте «Азия Керамик» керамогранит зауытын ашты. «Зауыттың жылдық өндірістік қуаты – 2,5 миллион шаршы метр керамогранит тақталары. Барлығы 250 адам жұмыс істейтін болады» деп хабарланды.

«Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының жобаларының бірі» деп аталған нысанның құны – 35 миллион доллардан астам деп көрсетілді. Қаржының басым бөлігін – 31,8 миллион долларды «Қазақстанның даму банкі» несие түрінде берді, 4 миллион долларды түрік инвесторлары салды. Зауыт президенттің келуіне орай алғашқы өнімін шығарып, Нұрсұлтан Назарбаев оған қолтаңбасын қалдырды.

Президент ашқан кәсіпорын қазір тоқтап тұр.

10. Ауыл шаруашылығына арналған «Фермер» ұшағы

2011 жылы президент Назарбаев Қарағанды облысына барған сапарында «ҚазАвиаСпектр» серіктестігінің ауыл шаруашылығына арналған ұшақ шығаратын зауытының ашылу рәсіміне қатысты. «Авиациялық құрылыс тап осы жерден басталады. Бұл - мүлде жаңа инновациялық өндіріс» деді президент.
Авиациялық құрылыс тап осы жерден басталады. Бұл - мүлде жаңа инновациялық өндіріс.

Қарағанды облысы әкімдігі баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа қарағанда, үдемелі-индустриалдық даму бағдарламасы бойынша салынған бұл жобаның құны – 1,648 миллиард теңге. Мемлекет бұл жобаға «Жол картасы 2020» бағдарламасы бойынша 750 миллион теңге, «ҚазАгро» ұлттық холдингі 846 миллион теңге жеңілдетілген кредит берген.

Ашылған кезде жылына 36 «Фермер-2» және «Фермер-500» ұшағын шығаратын болған бұл зауыт бір жылдан кейін де ешбір ұшақ шығармаған. Зауыт басшылығының сөзіне қарағанда 2014 жылға қарай ғана зауыт жұмыс істей бастауы мүмкін.
  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG