Accessibility links

Назарбаев «перзенттік парызын» кітаппен де «өтейді»


Ұлттық кітапхана сөресіндегі Нұрсұлтан Назарбаевтың кітаптары. Алматы, 4 шілде 2012 жыл.

Ұлттық кітапхана сөресіндегі Нұрсұлтан Назарбаевтың кітаптары. Алматы, 4 шілде 2012 жыл.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев 1985 жылдан бері жүзден астам кітап «жазды». Саясаткер 1997 жылы шыққан бір кітабында «қаусап қалса да, СССР-ді 18 жыл басқарған» Леонид Брежневті сынаған еді.

Президент Назарбаев 1999 жылы «Тулаған толқында» деп аталатын кітабы жарық көрген кезде баспасөз өкілдеріне:

- Бұл кітаптың мен үшін мән-маңызы ерекше. Мен оны өзімді тарихымдағы тұңғыш Президенті етіп сайлаған туған халқымның алдындағы бір перзенттік парызымды өтеу үшін, қазағымның ұлы мен қызына жүрегімнің сөзін жеткізу үшін жаздым, - деген.

Нұрсұлтан Назарбаев оған дейін де, одан кейін де ондаған кітаптың авторы атанды. Алматыдағы ұлттық кітапхана қызметкері былтыр, 2011 жылы «Нұрсұлтан Назарбаев. Библиографиялық көрсеткішін» екі тілде екі кітап етіп жасағандарын айтады.

Ал орталық ғылыми кітапханада биыл көктемде жарық көрген «Нұрсұлтан Назарбаевтың библиографиялық көрсеткіші» одан асып түсіп, 5 томға жеткен.
"Ғұламалар" әулеті. Сәбиттің карикатурасы.

"Ғұламалар" әулеті. Сәбиттің карикатурасы.


Алайда Нұрсұлтан Назарбаев жөніндегі кітаптар әлі де шығып жатыр. Солтүстік Қазақстан облысының бұрынғы әкімі, ЕурАзЭҚ-тың қазіргі бас хатшысы Тайыр Мансұровтың биыл маусымның 29-ында тұсауы кесілген «Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірде жүзеге асқан Еуразиялық жобасы» атты кітабы тізімді толықтыра түспек.


«ӨЗІ ЖАЗҒАН» 102 КІТАП

Ұлттық кітапхана қызметкерлері Азаттық радиосының тілшісіне электронды каталогта Нұрсұлтан Назарбаевтың авторлығымен қазақ және орыс тілдерінде әр жылдары жарық көрген 102 кітап тіркеуде тұрғанын көрсетті.

Нұрсұлтан Назарбаевтың бір кітабы ғана 1985 жылы жарық көрген. Одан кейінгілері 1991 жылы шыққан «Әділеттің ақ жолы» және 1992 жылы шыққан «Қазақстанның егеменді мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының стратегиясы» деген кітаптардан басталады.

- Кітапқа айналған бұл бағдарламаны жасауға сол кездегі республика жетекшілерінің бірі Ерік Асанбаев үлес қосқан болатын, - деді Азаттық тілшісімен сөйлескен саясаткерлердің бірі.
Нұрсұлтан Назарбаевтың балалық шағы туралы кітап. Алматы, 19 қазан 2010 жыл.

Нұрсұлтан Назарбаевтың балалық шағы туралы кітап. Алматы, 19 қазан 2010 жыл.


102 кітаптың ішінде Нұрсұлтан Назарбаевтың жыл сайынғы «жолдауларының» кейбірі және баспасөз бетіндегі сұқбаттары мен мақалалары бар.

Президент кітабының бірер жылдан кейін тағы қайталап шығуы да оның санын көбейте түскен. Мәселен, 2001 жылы шыққан «Эпицентр мира» деген кітабы 2003 және 2010 жылы аздаған өзгерістермен тағы да жарық көрген. Оның қазақшасы «Жер кіндігі» де «қоғамдық сұранысқа орай» бірнеше рет шығарылған.

«ҚҰРАСТЫРУШЫЛАР»

Нұрсұлтан Назарбаевтың кітабын құрастырушылардың ішінде президент кеңсесінің жетекшісі және Назарбаев туралы ән авторларының бірі Махмұт Қасымбековтің аты-жөні жиі кездеседі. Ол 2001 жылы Назарбаевтың «Туған елім тірегім: Қанатты сөздер», 2003 жылы «Өзекжарды ойлар» деген кітабын құрастырған.

Махмұт Қасымбеков 2007 жылы президент мәдениет орталығының сол кездегі жетекшісі Мырзатай Жолдасбековпен бірге Нұрсұлтан Назарбаевтың сөйлеген сөздері мен сұқбаттардан құралған «Халыққа арнау. Слово к народу» деп аталатын 592 беттік жинағын шығарған.
2010 жылы, яғни бір жыл ішінде Назарбаевтың екі тілде қатарынан 13 кітабы шыққан екен.
Ал 2008 жылдан бастап (Мырзатай Жолдасбековтің жетекшілігімен, Махмұт Қасымбековтің ғылыми кеңесшілігімен) президент Назарбаевтың «Елмен сырласу» деп аталатын 10 томдық сөздері мен сұқбаттар жинағы құрастырыла бастап, былтыр толық аяқталыпты.

2010 жылы, яғни бір жыл ішінде Назарбаевтың екі тілде қатарынан 13 кітабы шыққан. Олардың кейбіреуі «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жарық көрген.

ПРЕЗИДЕНТ ТУРАЛЫ 172 КІТАП

Азаттық тілшісіне ұлттық кітапхана қызметкерлері Нұрсұлтан Назарбаев туралы жазылған кітаптардың да тізімін шығарып берді. «Әлем Қазақстан туралы. Әлем Президент туралы», «Бәйтерек: Президент Нұрсұлтан Назарбаев туралы Ұлттық кітапхана сөресіндегі Нұрсұлтан Назарбаевтың кітаптары. Алматы, 4 шілде 2012 жыл.

Ұлттық кітапхана сөресіндегі Нұрсұлтан Назарбаевтың кітаптары. Алматы, 4 шілде 2012 жыл.

замандастар толғанысы», «Елбасы», «Кемеңгер», «Ұлт көшбасшысы», «Елін сүйген, елі сүйген елбасы», т.б. атаулармен жалғаса беретін кітаптардың авторлары арасында мемлекеттік қызметкерлер де, белгілі ақын-жазушылар да, өнер адамдары да жеткілікті.

Мәселен, Қасымжомарт Тоқаев 2008 жылы «Нұр мен көлеңкені» жазса, былтыр Абай Тасболатов «Жоғары бас қолбасшы – қауіпсіздік кепілі» деп аталатын қазақша және орысша екі кітап жазып шыққан екен.

Сөйтіп ұлттық кітапханада Нұрсұлтан Назарбаевтың авторлығымен тіркелген кітаптардың саны 102-ге болса, Нұрсұлтан Назарбаев туралы кітап саны одан да асып, 172-ге жетіпті.

«УЛАНҒАН МҰРА» НЕМЕСЕ БРЕЖНЕВТІҢ «КЕРЕКСІЗ» КІТАПТАРЫ

Қазақстан президентінің 1997 жылы Лондон қаласында ағылшын тілінде жарық көрген кітабы «Уақыт туралы, тағдырлар туралы, өзім туралы» деп аталады.

Қазақ баспасөзінде жарияланған үзінділеріне қарағанда, кітап авторының советтік басшылық пен тоталитарлық қоғамды сынап өткені байқалады. Автор экономикалық, саяси, идеологиялық және адамгершілік тұрғыдағы қисынсыздықтардың бәрін «уланған мұраға» жатқызып, «мұндай қоғамның күні өтті» деп жазған.

«Ахуал 70-80 жылдар үдесінде ерекше шиеленісіп кетті. Бас хатшы бұл кезде әбден қаусап біткен-ді. Әйтсе де оның жеке басына табыну бұрынғы қалпында қалды...
СССР-дің бірінші хатшысы Леонид Брежнев (ортада) Мәскеу олимпиадасының ашылуын тамашалап тұр. 1980 жыл

СССР-дің бірінші хатшысы Леонид Брежнев (ортада) Мәскеу олимпиадасының ашылуын тамашалап тұр. 1980 жыл

Әділін айтсақ, тізгінді ұстап тұрған Брежнев те, саяси бюро да, орталық комитет те емес еді. Елді партиялық номенклатураның қуатты, тармақталған және әбден ысылған аппараты басқарды. Қауқары қайтқанынша Брежнев республикалық партия ұйымдарының басшыларын өзі тікелей іріктеді. Олар төменгі сатыдағы партиялық буындардың жетекшілерін тағайындады.

Кезек қолына тиген кейінгілер өндірістік-партиялық құрылымдарға басшыларды өздерінің қалауынша таңдап қояды. Бұл орайда қалауға ілінген адамның «сенімділігі» мен «қамқоршыға деген адалдығы» алдымен басшылыққа алынатын» деп жазды Қазақстанды ширек ғасырға жуық басқарып келе жатқан президент Назарбаев.

Ал кітап шыққан жылы, яғни 1997 жылы 57 жастағы Назарбаев 1994 жылы сайланған жоғарғы кеңесті бір жыл өте таратып жіберіп, өз өкілеттігін референдум арқылы ұзартып алған болатын.

Азаттық тілшісі Алматыдағы ұлттық кітапхана қорының электронды каталогында тіркелген СССР компартиясының бас хатшысы Леонид Брежневтің еңбектерін түгендегенде барлығы 165 кітап болды. Есесіне «Брежнев жолдастың» өзіне арналған кітаптардың саны жеті-сегізге зорға жетті.

«Брежневке арналған кітаптар неге аз?» деген сауалымызға кітапхана қызметкерлерінің бірі:

- Брежневтің кітаптары ешкімге керексіз болған соң электронды каталогқа енгізілмей қалған болар, - деп жауап берді.
  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG