Accessibility links

Нұрсұлтан Назарбаев қызметіне қайта кірісті


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұлықтау салтанатында қолын конституцияға қойып ант қабылдап тұр. Астана, 29 сәуір 2015 жыл. 24.kz арнасынан скриншот.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұлықтау салтанатында қолын конституцияға қойып ант қабылдап тұр. Астана, 29 сәуір 2015 жыл. 24.kz арнасынан скриншот.

Бес жыл мерзімге кезектен тыс сайланған Қазақстан президенті бүгін ұлықталып, ант қабылдады

Кезектен тыс сайлауда қайта сайланған Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты бүгін Астанада ұлықтау салтанаты өтті.

Тәуелсіздік сарайында өткен ұлықтау салтанатында Конституциялық кеңес төрағасы Игорь Рогов Назарбаевтың конституцияның 42-бабы бойынша ант қабылдағаннан кейін ресми түрде қызметіне кірісетінін мәлімдеді. Бұдан соң Назарбаев конституцияға қолын қойып тұрып Қазақстан халқына ант қабылдап, мемлекеттік туды сүйді.

Нұрсұлтан Назарбаев үкімет мүшелері, парламенттің қос палатасы - сенат пен мәжіліс депутаттары, Конституциялық кеңес мүшелері, Жоғарғы сот судьялары қатысқан жиында ант қабылдаған соң Орталық сайлау комиссиясы төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов Назарбаевқа президент куәлігін тапсырды.

Ант қабылдаған соң Назарбаев сөз сөйледі. Ол сөзінде "өзіне сеніп тапсырылған жаңа мандат Қазақстан тәуелсіздігін нығайтудағы ортақ істі бағалау" екенін айтты. "Бұл халықтың "Мәңгілік ел" идеясын , Қазақстан-2050 стратегиясын ,"Нұрлы жол" бағдарламасын және бес институцияоналдық реформаны қолдауы. Бүкіл өмірін өз халқының бақытына арнаған адам үшін бұдан артық құрмет жоқ. Мен үшін халықтың сенімінен асқан ешнәрсе және оны ол үдеден шығудан артық бақыт жоқ" деді.

- Біз хаостан көркею жолына бірге өттік. Катаклизм мен дүрбелеңсіз советтік жүйеден нарықтық экономикаға,демократиядан жаңа этникааралық келісімге өттік. Қазақстан өзге елдермен салыстырғанда экономикалық өсімін сақтап қалды, азаматтардың өмір сүру деңгейін нашарлатқан жоқ. Өзгелер жүз жылда жасайтын өзгерістерді біз қысқа уақытта жасадық. Қазір «экономикалық дамудың қазақстандық ғажайыбы» деген термин қалыптасты, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Назарбаев бұдан ары Қазақстанның ары қарай дамуына сыртқы бес негізгі қауіп-қатер әлі төніп тұрғанын айтты. Оның сөзінше, қазір Қазақстан дамуына "әлемдік тәртіптің дағдарысқа ұшырауы, әлемдік экономиканың тұрақсыздығы, оның ішінде санкциялық, сауда және валюта соғысы, климаттың өзгеруі сияқты процесстер" кері әсер етпек.

Қазақстанның Еуразияның "логисткикалық орталығына" айналатынын айтқан Назарбаев "Экспо-2017" көрмесі құрылымы негізінде ерекше мәртебесі бар "Астана" қаржы орталығы құрылатынын да жеткізді.

Нұрсұлтан Назарбаев бұған қоса Қазақстанның Ресей, Қытай, АҚШ, ислам елдері және басқа да мемлекеттермен қарым-қатынасты жақсарта беретінін, постсоветтік кеңістіктегі және ислам әлемі елдеріндегі дағдарыстар мен жанжалдарды реттеуге үлес қосуға дайын екенін де мәлімдеді.

Назарбаев экономиканы модернизациялау жөніндегі ұлттық комиссияға өзінің мемлекеттік құрудағы ары қарайғы 100 нақты қадамы жобасын ұсынатынын айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев 26 сәуірде өткен кезектен тыс президент сайлуында жеңіске жетіп, кезекті бес жыл мерзімге қайта сайланған. Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) ресми мәліметі бойынша, Назарбаевты қолдап сайлаушылардың 97,75 пайызы дауыс берген.

Сайлауға Назарбаевпен қатар Қазақстан халықтық коммунистік партиясы атынан Тұрғын Сыздықов, Қазақстан кәсіподақтары федерациясының төрағасы Әбілғазы Құсайынов та қатысқан. ОСК есебі бойынша, Сыздықов сайлаушылардың 1,61 пайыз даусын, Құсайынов 0, 64 пайыз даусын иеленген.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG