Accessibility links

Назарбаев билігі тұсында АҚШ-тың тағы қанша президенті ауысуы мүмкін?


Нұрсұлтан Назарбаев Алматыдағы Медеу мұз айдынында Олимпиада алауын ұстап барады. 2008 жыл 2 сәуір.

Нұрсұлтан Назарбаев Алматыдағы Медеу мұз айдынында Олимпиада алауын ұстап барады. 2008 жыл 2 сәуір.

Биыл 24 сәуірде Қазақстан Коммунистік партиясы орталық Комитетінің бірінші хатшысы (яғни республиканың №1 коммунисі) Нұрсұлтан Назарбаевтың Жоғарғы Кеңес сессиясында алғаш рет президент болып сайланғанына тура 20 жыл толады, ал шілде айында республиканың №1 басшысы болып сайланғанына 21 жыл толады.

Бүгінгі №1 қазақ мемлекетін басқаруды Коммунистік партияның лидері ретінде бастап, пост-советтік президент ретінде билеп отыруының 20 жылдық мерейтойын бүкіл елді дүрліктіріп тойлауы екіталай. Ол, тіпті, шілденің 6-сында өзінің 70 жасқа келуін тойлауға да тыйым салды емес пе?

Бірақ Ақорданың сөзі мен ісінде жер мен көктей айырмашылық бола беретініне әбден еті өлген жұрт «16 миллионға жетер-жетпес халқы бар елдегі 2 миллионға жуық шенеуніктер «армиясы» «Қазақстан Республикасының Бірінші Президентінің» 70 жылдығын тойламайды» дегенге сене қояр ма екен?

Астанадағы жаңа Nazarbayev University өз есігін дәл биыл жазда айқара ашатынын премьер-министр Кәрім Мәсімов жер жаһанға жариялап үлгерді. Бас министрдің «жаз» деп шілденің 6-сын айтып отырмасына кім кепіл?!

Әйтсе де, ең бастысы ол емес. Н.Назарбаевтың Вашингтондағы Ақ үй қожасымен төрт жылдық үзілістен соң әрең кездескенін елдегі ресми баспасөз құралдары тегіс жар салып жариялап шықты.

Ең қызығы – «Елбасы» билік басында үзіліссіз отырған 20 жыл ішінде Ақ үйде төрт президент ауысып үлгеріпті. Оның өзінде де Билл Клинтон мен кіші Джордж Буш төрт жылдан екі мерзім, яғни 8 жылдан отырған болса, үлкен Джордж Буш төрт жылдық мезгілін толығымен өтеді. АҚШ-тың қазіргі президенті Барак Обаманың қызметіне кіріскеніне 1 жылдан асып кетті. Ал Қазақстанның Конституциясына 2007 жылдың мамырында енгізілген түзетулер № 1-ге президент болып шектеусіз сайлану құқын берді.

Сонда Ақорданың қазіргі қожайыны тағы неше АҚШ президентінің бұрынғы әріптесіне айналғанына куә болмақ?

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG