Accessibility links

Тәуелсіздік күніне орай баяндамасында президент Желтоқсан оқиғасы туралы бір ауыз сөз айтпады


Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан президенті. Астана, 29 қаңтар 2010 жыл.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан президенті. Астана, 29 қаңтар 2010 жыл.

Салтанатты сөзінде президент Назарбаев мамырдың 1-і күні жаппай шеру ұйымдастыру туралы ұсыныс жасады. Тәуелсіздік күніне арналған биылғы баяндамасында президент "демократия" сөзін бір де бір мәрте айтпады.


«1 мамыр халықаралық ынтымақтастық күні жаңа форматта тойлануы тиіс. Бұл күні Астана мен барлық облыс орталықтары және қалаларда жаппай шеру өткізіп, бірлігімізді, бауырлас мемлекет екенімізді көрсетуіміз қажет» деп мәлімдеді Астанада Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев желтоқсанның 15-і.
Владимир Козлов, тіркелмеген "Алға" партиясының төрағасы. Алматы, 25 қыркүйек 2010 жыл

Тіркелмеген «Алға» партиясының төрағасы, алдағы жылдары өтетін президент сайлауынан үміткер екендігін мәлімдеген Владимир Козлов Назарбаевтың бұл мәлімдемесінен екіжүзділік көріп отырғанын айтады.

"ҰЛТАРАЛЫҚ ҚАТЫНАСТЫ НАШАРЛАТҚАН - БИЛІКТІҢ НЕМКЕТТІЛІГІ"

– Мен соңғы жылдары президент Назарбаевтың билігіндегі екіжүзділік туралы айтып отырмын. Әлеуметтік сала нашарлап бара жатқанына қарамастан, әдемі концепциялар, оны талқыға салу, биліктің бізге күннен-күнге өміріміздің жақсарып келе жатқанын айтуы есіме бір ертегіні түсіреді. Шындығында, биліктің немкеттілігінен ұлтаралық қатынастар нашарлаған, – деді Владимир Козлов Азаттық қызметіне.

Қоғам қайраткері Мұрат Әуезов «Ел бірлігі доктринасы қабылданғаннан кейін 1 мамырды халықаралық ынтымақтастық күні ретінде атап өтудің жаңа концепциясын дайындау қалыпты жағдай» дегенді айтты. Алайда ол құжаттарды сарапшылардың көмегімен дайындау қажет деді.
Мұрат Әуезов, қоғам қайраткері. Алматы, 30 қыркүйек 2010 жыл

– Концепцияны толығымен шенеуніктердің қолына бере салуға болмайды. Олар концепцияны дайындауда ұйымдастырушы ретінде танылсын. Тереңірек дайындауға доктринаны дайындаған секілді бірлесе, дауласа отырып дайындайтын мамандарды тартқан жөн, – дейді Мұрат Әуезов Азаттыққа берген сұхбатында.

"ТӘУЕЛСІЗДІК КҮНІ ҚАРАЛЫ КҮН ЕМЕС"

«Вайнах» шешен-ингуш қоғамының төрағасы Ахмед Мурадов ол мейрам белгілі бір партиялар идеологиясын жарнамалайтын, портреттер көтеріп, ұрандату шеруіне айналып кетпеуін қаламайтынын жеткізді.

– Қазақстанда халық 1 мамыр халықаралық ынтымақтастық күнін басқа форматта, басқа концепцияда тойлатудан қол үзген. Егер демонстрацияға шығатын болса, қандай да бір талаппен немесе белгілі бір ұсыныстармен шығады. Бұл идеяны қаншалықты халық қолдайды?

Меніңше, егер билік халықпен бірге бірлікті, неге қол жеткізгенімізді көрсету үшін шығар болса, бұл идея тартымды болар еді. Егер халық тек биліктің маңыздылығын көрсетер болса, бұл мейрамды атап өтудің өте жақсы формасы емес. Н.Назарбаев прагматик болғандықтан бұндай мәселелерде мықты маман. Сондықтан оның ұсынысы өміршең болады, – деген пікір білдірді Ахмед Мурадов тілшімізге.
Аманғазы Кәріпжанов, Желтоқсан оқиғасының қатысушысы. Алматы, 5 желтоқсан 2010 жыл

Ал 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысушылардың бірі Аманғазы Кәріпжан Азаттық радиосына «Қазақстанның тәуелсіздік алуына түрткі болған, бүкіл әлемдік социалистік жүйеге бетбұрыс жасаған біздің желтоқсандықтардың мүддесі үнемі екінші орында қалып отырады» деген ренішін жеткізді. Жылда осы уақытта Желтоқсан оқиғасына қатысушыларды тек әкімнің орынбасары ғана қабылдайтынын айтқан ол «ендігі жылы бізді Қазақстан президенті қабылдаса екен» деп ұсыныс айтты.

– Елбасы 25 жылдың ішінде желтоқсаншыларды бір көріп, өзінің ықыласын білдіретін болса деп ойлаймын, – деген Аманғазы Кәріпжан сөз соңында: – Тәуелсіздік күнін қаралы күндердің (желтоқсанның 17-сі мен 18-інің) қолтығына әкеліп тықпалап қойдық, – деп өкініш білдірді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG