Accessibility links

Н.Назарбаев: Алматының орталығында құрылыс тоқтатылсын


Президент Н.Назарбаев Алматының орталығында құрылыс жұмыстарын тоқтатуға тапсырма берді. Жаңа құрылысты енді «дағдарысты» Алатау ауданында салсын деген Президенттің сөзі қоғамда түрлі пікір туғызды.

Президент Н.Назарбаев қаладағы құрылыс мәселесіне ерекше көңіл бөлу керектігін қадап айтты:
- Мен Алматы әкіміне қаланы, әсіресе, оның тарихи бөлігін нығыздай беру мәселесін кешенді түрде қарастырып, тоқтатуды тапсырдым. Қазір біз жаңа Алатау ауданын аштық. Құрылыс салғысы келетіндер сол жерге баруы тиіс. Онда бос жерлер бар. Сол ауданды дамыту керек. Қаланың экологиялық ахуалын, көлік қозғалысын жақсарту қажет. Біз келесі жылы Алматыда метро ашамыз. Мен екі жыл бұрын Үлкен және Кіші Алматы өзендерінің бойында, Ұлттық саябақта кез-келген құрылысты тоқтатуға, қоршауларды алып тастауға, өзендерді тазартуға тапсырма бердім. Ол жер жұрттың демалатын орнына айналуы тиіс.
Алтынбек Сәрсенбайұлы атындағы қоғамдық қордың жетекшісі Айдос Сарым президенттің бұл бастамасын орынды деп отыр.
- Жаңадан құрылып жатқан ауданға бүкіл күшті салу керек. Маңызды деген құрылыстар сол жаққа ауысса жақсы болар еді. Себебі, Алматының өз тарихи келбетін сақтап қалу керек. Осыны істеуге биліктің ерік-жігері жетсе болды, - деді Сарым.
Ал «Ұлт тағдыры» қозғалысының мүшесі Болат Дүйсенбі, президент тапсырмасының орындалатындығына сенімсіз. Ол Алматы қаласына қатысты айтылып отырған бұл ескертудің алғашқы еместігін тілге тиек етті:
- Елбасын қолдау керек. Бірақ оның тапсырмасы қаншалықты орындалатыны күмән тудырады. Неге десеңіз, Президенттің Бутаковка маңындағы, Медеу шатқалында салынған үйлер алынуы керек деген тапсырмасы әлі орындалған жоқ. Соған қарағанда бұл тапсырманың да орындалуы, орындалмауы екіталай.
Былтыр президент үкіметке Алматының табиғаты әсем жеріне салынған құрылыстарды тексеру жөнінде тапсырма берген болатын.
Өткен жылдың қыркүйек айында президент Н.Назарбаевтың тапсырмасымен Алматының тау бөктеріндегі салынған құрылысқа байланысты комиссия құрылған болатын. Президент бұл іс бойынша премьер-министрге берген тапсырмасында: «Менің тікелей нұсқауыма қарамастан, Медеуде зәулім тұрғын үйлер салу жалғасуда, Кіші Алматы шатқалында Медеуге дейін түгелдей құрылыстар салынған, Бутаковкада бәрін қоршап тастаған, өзенге адамдар өтетін жер де жоқ. Алматылықтардың наразылығында шек жоқ. Үлкен Алматыда заңды бұза отырып, жүздеген экологиялық нормадан тыс құрылыстар салынған» деген еді.
Қазақстанның Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы төрағасының орынбасары Әміржан Қосанов президенттің бұл жолғы тапсырмасының да орындалатындығына күмәнмен қарайды:
- Президент: «Алатау бөктеріндегі ең шұрайлы жердегі құрылыстарды тәртіпке келтіріңдер», дегенде, ол саяжай, үйлер билікке етене жақын адамдардың меншігі болып шыққан дегенді естігенім бар. Сондықтан «жабулы қазан, жабулы күйінде қалды». Президенттің кешегі тапсырмасын тағы да естідік. Әрине, біз биліктің кез-келген шешімін, ұсынысын сынаудан аулақпыз.
Президенттің берген тапсырмасына байланысты қандай жұмыстардың қолға алынып жатқандығы туралы Алматы қалалық әкімшілігіне бірнеше мәрте хабарласқанымызбен, жауап алудың мүмкіншілігі болмады.
XS
SM
MD
LG