Accessibility links

Назарбаев Берлинге неге барады?


Қаңтардың 9-ы күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Берлинде Германия канцлері Ангела Меркельмен кездеседі. Осыған орай саясаттанушы Расул Жұмалы Астананың Украина дағдарысын реттеудегі рөлі жайлы ойларын айтты.

Азаттық: - Қазір Украина дағдарысы қандай жағдайда тұр?

Расул Жұмалы: - Украинадағы бір жылдан асқан дағдарысты сол мемлекеттің ғана ішкі ісі деу қиын. Дағдарыс ауқымы мен азаматтық соғыс зардаптары бұл елден тыс территорияларға жайылып барады. Бұл шиеленіс ТМД-мен, оның ішінде Ресеймен қарым-қатынастарға әсер етіп қана қоймай, Ресей мен Батыс елдері арасын да ушықтырды. Саясаткерлер, сарапшылар мен саясаттанушылар көптен бері «Украина дағдарысы екі блоктың бұрынғы өкілдері арасындағы жағдайды бұрын-соңды болмаған жағдайда ушықтырып жіберді, қырғиқабақ соғыс элементтері қайта жаңғырды, соның кесірінен «арқан тартысы», «сауда соғысы» қозды, бір-біріне өзара санкция салды» деп жатыр. Ресей Қырымды аннексиялап, сепаратизмді қолдау арқылы халықаралық нормаларға қайшы агрессиялық әрекетке барды. Шиеленісті мүлде тоқтату мүмкін болмаса да (меніңше, әзірше бұл мүмкін емес), болашақ компромистер жөнінде ішінара ымыраға келуге тырысу керек.

Азаттық: - Кездесу қаңтардың ортасына қарай әуелі Астанада өтеді деп болжанған, бірақ оның өтер-өтпесі қазір белгісіз болып қалды. Ал Қазақстан президенті келіссөз жүргізу үшін Берлинге аттанды.

Ресей Қырымды аннексиялап, сепаратизмді қолдау арқылы халықаралық нормаларға қайшы агрессиялық әрекетке барды. Шиеленісті мүлде тоқтату мүмкін болмаса да, болашақ компромистер жөнінде ішінара ымыраға келуге тырысу керек.

Расул Жұмалы: - Меніңше, Кремль өзінің әлдебір мәртебесін сақтап қалу үшін Кеден және Еуразия одағындағы соңғы одақтастарын пайдалануға тырысып отыр. Еуропа елдері басшылары да кездесулерден нақты нәтиже шығарына сенбейтіндіктен бұл кездесудің Астанада өтетініне сенімім жоқ. Біздің президент Берлинге Меркель, Олланд, Порошенко және Путинді «норманд форматындағы» кездесуге, Астанаға келуге үгіттеу үшін бара жатуы мүмкін. Бірақ бұл кездесудің өтетініне саясаткерлер де, бақылаушылар да онша сенбейді.

Азаттық: - Бұл саммитті өткізудің Қазақстан үшін қандай пайдасы бар?

Расул Жұмалы: - Меніңше, бұл жерде бірнеше факторды атауға болады.

Бір жағынан, 1990 жылдардан бастап Қазақстан халықаралық аренада белсенді саясат жүргізуге, оның ішінде ара ағайындық қызмет атқаруға тырысып келеді. Біздің мемлекет басшысы Тәжікстан, Таулы Қарабақ аймағындағы жағдайларды реттеуге белсенді араласты, көптеген интеграциялық ұйымдарды құрып, үлкен халықаралық форумдар өткізу туралы бастамалар көтерді. Ал мына қадам да тікелей президент Назарбаевтың сыртқы саяси кредосының жалғасы болуы мүмкін.

Ал екінші жағынан алғанда, Украина - Ресей ғана емес, ТМД-ның өзге елдері, оның ішінде Қазақстан үшін де маңызды ел. Украина территориясында бейбітшілік орнағаны постсоветтік кеңістік елдерінің бәріне тиімді. Қазақстан да жағдайды реттеуге барынша үлес қосуды көздейді. Ал Ресей келіссөздер барысында өзіне тиімді шарттарға қол жеткізу үшін Қазақстанның бітімгерлік, делдалдық мүмкіндігін, Батыстың кейбір топтарының Қазақстанға деген сенімін пайдаланғысы келуі де мүмкін.

Мұнымен қатар, Астана Батыс елдеріне, Брюссель мен Вашингтонға Ресейдің қолшоқпары емес екенін, Украина дағдарысына қатысты, жалпы постсоветтік мәселелерді шешуде өзіндік позициясы бар екенін көрсеткісі келеді. Ресейдің Батыс елдеріне салған қарымта санкциясына қатысты Мәскеу мен Астана, Мәскеу мен Минск арасындағы келіспеушілік есіңізде ме? Оның үстіне біздің ел Абхазия мен Оңтүстік Осетиядағы ресейшіл режимдерді мойындаған жоқ, қазір Украинаның оңтүстік-шығысында болып жатқан жағдайға қатысты да бейтарап көзқарас ұстанып отыр. Сондықтан бұл Астананың Батыс елдеріне білдіргісі келетін белгілі бір емеуріні болуы да мүмкін. Яғни Астана белсенді бітімгерлік рөлін атқарғысы әрі сыртқы саясатында өзіндік позициясы бар, Батыс елдері ойлағандай Ресейдің сателлиті емес екенін көрсеткісі келеді. Бұл - Еуразия одағы іске қосылғаннан кейін туындауы мүмкін саяси қатерлерді азайтудың амалы да болуы мүмкін.

Азаттық: - Қазір «Астана кездесуі тараптар нақты келісімге келсе ғана өтеді» деген болжам көп айтылады. Бұл тұрғыдан алғанда кездесуден қандай үміт күтуге болады?

Астана белсенді бітімгерлік рөлін атқарғысы әрі сыртқы саясатында өзіндік позициясы бар, Батыс елдері ойлағандай Ресейдің сателлиті (бағыныштысы – ред.) емес екенін көрсеткісі келеді.

Расул Жұмалы: - Кездесудің өтер-өтпесі белгісіз. Сыртқы істер министрлігі департаменттері басшылары - «норманд төрттігінің» бірер күн бұрын ғана Берлинде өткен алдын ала кеңестері еш нәтиже бермеді. Украина мен сепаратистер және оларды қолдап отырған Ресей бір-бірінің талабына көнгісі жоқ. Украина билігінің халықаралық норма аясында өзінің территориялық тұтастығын қалпына келтіргісі келетіні түсінікті. Ал Ресей саяси элитасының ішінде ымыраға жарым-жартылай көнуге келіскісі келетіндер бар. Олардың шарты - «Қырым мәселесін талқыламаймыз, ал Украинаның оңтүстік-шығысындағы жағдайды реттеу мәселесінде әлдебір мәмілеге келісуіміз мүмкін».

Бірақ бұл позицияны Ресей элитасының аз ғана бөлігі қолдайды. Ал Путиннің маңына шоғырланған қатулы топ Украинаның оңтүстік-шығысы мәселесі бойынша да ымыраға келгісі келмейді. Сондықтан Астанада кездесу өткеннің өзінде жағдайды реттеуде әлдебір жағымды өзгеріс, бетбұрыс болады деуге келе қоймас. Болашақта өтетін келіссөздер барысында тараптар соғыс жүріп жатқан территорияда атысты тоқтату, халықаралық бақылаушылар мен гуманитарлық миссиялардың жұмыс істеуін қамтамасыз ету, тұтқын алмасу сияқты әлдебір тактикалық келісімдерге ғана келуі мүмкін. Меніңше, тараптар бұдан артық келісімге келе алмайды.

Азаттық: - Сұхбатыңызға рахмет.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG