Accessibility links

Жастарға Назарбаевтың "көшбасшылық қасиеті" оқытылып жатыр


"Көшбасшылық пен тұлға" монографиясы. Астана, 26 қараша 2012 жыл

"Көшбасшылық пен тұлға" монографиясы. Астана, 26 қараша 2012 жыл

Тұңғыш президент мұражайында үш жыл бойы жазылған «Көшбасшылық және тұлға» атты жаңа ғылыми-зерттеу монографиясы таныстырылды.

Астанада желтоқсанның 1-і «Қазақстан республикасының тұңғыш президенті» күні жақындаған сайын осы датаға байланысты түрлі шаралар өтіп жатыр. Соның бірі – «Көшбасшылық және тұлға» атты халықаралық ғылыми-тәжірбиелік семинары Қазақстан республикасы тұңғыш президенті мұражайында ұйымдастырылды. Басқосу көшбасшы, тұлғаның қалыптасуы жайына арналды.

Семинар барысында «Көшбасшылық және тұлға» деген тақырыппен жарыққа шыққан ғылыми-зерттеу монографиясының сигналдық нұсқасы көрсетілді. Жазылуына 3 жыл уақыт кеткен бұл кітап тұлға қалыптастыруға қатысты Нұрсұлтан Назарбаевтың туған жері, оқыған білім ордасы, еңбек еткен жерлері, жалпы, өмір жолын сипаттайды.

Тұңғыш президент мұражайы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өмір жолы жас ұрпақ үшін өнеге деп біледі.

Оның айтуынша, мұражай қызметкерлері келушілерге президент өмірі жайлы дәрістер оқып тұрады.
Тұңғыш президент мұражайы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова. Астана, 26 қараша 2012 жыл.

Тұңғыш президент мұражайы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова. Астана, 26 қараша 2012 жыл.


- Президенттің ғұмыры туралы шағын сюжеттерде талапты балаларды мақсатсүйгіштік пен табандылық табысқа жеткізетінін айтамыз, - дейді ол.

Сонымен қатар, баспасөз баянында айтылғандай, мұражай «отбасында, мектепте және басқа да әлеуметтік институттарда лидерлік қасиеттердің қалыптасуы» ғылыми жобасын да қолға алған. Мұражайлық қызметтен тыс жүзеге асқан ғылыми жобаның мақсаты – лидерлік феномен мен әлеуметтік топтың тұлғаны қалыптастыруда алатын орнын зерттеу деп көрсетілген.

Зерттеу қорытындысына көңіл бөлген ғалымдар адам бойындағы лидерлік қабілет алдымен отбасында қалыптасатынын анықтағандарын айтады. Дегенмен, көшбасшылық феноменін зерттеген олар бір ғана отбасы институты тұлғаны толық қалыптастыра алмайды деп түйген.

Мұражай таратқан мәліметке сәйкес, көшбасшылық, тұлға қалыптастыруда отбасының мәртебесін анықтамақ ниетпен Астана қаласындағы «Отбасылық тәрбие институты» білім және ғылым министрлігі мен Астана қалалық білім басқармасымен бірігіп, арнайы сауалнама-зерттеу жүргізген. Қаладағы 62 мектептің 10-11-ші сыныпта оқитын 2224 оқушысының, 1627 ана мен 877 әкенің жауаптары сараланған. Зерттеу нәтижесінде, қазіргі заманғы отбасында баланың әкесі өз баласының тәрбиесін әйеліне немесе мектепке сеніп тапсыратыны белгілі болған.
Юрий Лазебник, Украинаның Қазақстандағы елшілігінің кеңесші-уәкілі. Астана, 26 қараша 2012 жыл

Юрий Лазебник, Украинаның Қазақстандағы елшілігінің кеңесші-уәкілі. Астана, 26 қараша 2012 жыл


Мұражайда өткен семинарда Украина республикасындағы Днепродержинск қаласындағы техникалық училищені Нұрсұлтан Назарбаевтың бітіргеніне 50 жыл толғанын, осы оқу ордасының да президенттің көшбасшылық тұлғасын қалыптастырғаны айтылды. Украинаның Қазақстандағы кеңесші-уәкілі Юрий Лазебник екі мемлекеттің арасындағы бауырмалдық қарым-қатынасты сипаттай келе көшбасшы феноменіне ойысты.

- Қазақстанда ондаған жылдар бойы елді алға сүйреп келе жатқан көшбасшы бар. Осы 20 жыл ішінде Украинада төрт президент ауысты. Дәстүрі басқаша боп тұр, - деді дипломат.

Юрий Лазебник Украинада Тұңғыш президент күні деген мерекенің болғанын қаламайды. Бірақ мұндай мейрамның болғанын сөкет те көрмейді.

Мұражай жас қазақстандықтардың бойына көшбасшылық қасиет сіңіру жобасы мен осы саладағы зерттеулерді 2013—2015 жылдары ары қарай жалғастырмақшы.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG