Accessibility links

Кеден одағы елдері басшылары «Жыл адамы» атанды


Солдан оңға қарай: Беларусь президенті Александр Лукашенко, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей президенті Владимир Путин. Минск, 23 маусым 2006 жыл.

Солдан оңға қарай: Беларусь президенті Александр Лукашенко, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей президенті Владимир Путин. Минск, 23 маусым 2006 жыл.

Орыс биографиялық институты Нұрсұлтан Назарбаевқа, Владимир Путинге және Александр Лукашенкоға "Жыл адамы" атағын берді.

Бұл туралы қарашаның 14-інде аkorda.kz сайты хабарлады.

Сайт «Мемлекет көшбасшылары ЕурАзЭҚ пен Кеден одағын құруға қосқан үлестері үшін марапатталды» деп жазады. Үш президентке де «Жыл адамы» атағы «Мемлекеттік саясат» аталымы бойынша берілген.

Akorda.kz сайты Назарбаевтың Орыс биографиялық институтының сарапшылар кеңесінің мүшелері мен лауреаттарға жеделхат жолдағанын хабарлайды. Ол хатта Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев «ұлттық сыйлықтың» өзіне берілгені үшін алғысын білдірген және «Кеден одағына мүше елдер көшбасшыларының жеңісі еуразиялық интеграцияның маңызды екенін тағы да көрсетіп берді» деп жазған.

Сайт мәліметі бойынша, Орыс биографиялық институты 1993 жылы бекіткен «Жыл адамы» сыйлығы жеке тұлғаларға ғылым, мәдениет, мемлекеттік басқару, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі, қайырымдылық, ағартушылық қызмет салаларындағы жетістіктері үшін беріліп келеді.

Өткен жылғы сыйлықтың лауреаттары қатарында Мәскеу және бүкіл Ресей Патриархы ІІ Алексий, жазушы Александр Солженицын, академик Жорес Алферов пен Лео Бокерия және өзге көрнекті қоғам қайраткерлері, ғалымдар, ірі кәсіпорындар басшылары бар. Солженицын мен Алферовтің Нобель сыйлығының лауреаттары екені белгілі.

Википедияның ақпаратына қарағанда, Назарбаев бұған дейін де «Жыл адамы» атағын алған. 1993 жылы және 2005 жылы оған бұл атақты Қырғызстандағы «Руханият» руханилықты дамыту халықаралық ассоциациясы берген. Назарбаев 1993 жылы Бішкекте өткен «Жыл адамы» атағын беру салтанатына өзі қатысып қайтты. 2005 жылы телеграмма алды.

2000 жылы Назарбаевқа «Абылай хан» және «Алтын адам» қорлары мен мәдени және тарихи ескерткіштерді қорғау қоғамы бірігіп «Ғасыр адамы» атағын берді. Ұйымдастырушылар «Ғасыр адамы» дипломы мен медалін Нұрсұлтан Назарбаевқа Алматы қаласы әкімдігінің ғимаратында тапсырды. 2011 жылы Қазақстан ғалымдары Назарбаевты "Ғасыр ғұламасы" деген атақпен марапаттады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG