Accessibility links

Назарбаев: Азаматтық қоғам дамуына жағдай жасалған


БҰҰ саммитінің күн тәртібін бекіту жөніндегі жиынында сөйлеп тұрған Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Нью-Йорк, 27 қыркүйек 2015 жыл.

БҰҰ саммитінің күн тәртібін бекіту жөніндегі жиынында сөйлеп тұрған Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Нью-Йорк, 27 қыркүйек 2015 жыл.

Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ жиынында елде «азаматтық қоғам дамуына жағдай жасалғанын» мәлімдеді. Ал халықаралық ұйымдар Қазақстандағы азаматтық қоғам ахуалын сынап келеді.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Нью-Йоркте өткен БҰҰ саммитінің күн тәртібін бекіту жөніндегі жиынында қыркүйектің 27-сі күні сөйлеген.

Ол Қазақстанның "мемлекеттілігі нығайып, азаматтық қоғамның дамуына қажет жағдайлар жасалғанын" айтқан. Оның сөзінше, республиканың ішкі жалпы өнімі "19 есеге ұлғайып", халықтың жан басына шаққандағы табысы "13 мың долларға жеткен" және кедейшілік деңгейі "34 пайыздан 3 пайызға дейін азайған". Ол бұған қоса, қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығы 70 жастан асып, ана мен бала өлімі 65 пайызға азайғанын хабарлаған.

Қазақстан президенті саммитте Арал теңізі мәселесін де қозғаған. Ол теңіздің тартылуы аймаққа ғана емес, әлемге қауіп төндіретінін айтқан. Назарбаевтың сөзінше, Аралдың тартылуынан жыл сайын ауаға 75 миллион тоннаға дейін шаң мен улы тұз жайылады.

- Қазақстан Дүниежүзілік банк қолдауымен Арал теңізінің солтүстік бөлігін қалпына келтірді. Біз БҰҰ-мен және халықаралық қоғамдастықпен бұрынғы Семей ядролық полигоны аймағын сауықтыруда белсенді ынтымақтастық орнаттық. Орталық Азия елдеріне бұл экологиялық проблемалармен күресу үшін көмек қажет, - деді Назарбаев.

Оқи отырыңыз: БҰҰ Астананы адам азаптауды доғаруға шақырды

Нұрсұлтан Назарбаев "Еуразия экономикалық одағы, Жібек жолы экономикалық белдеуі мен Еуропа Одағы 21-ғасырдың Үлкен Еуразия деп аталатын біртұтас интеграциялық жобасына бірігуі қажет" деген.

Назарбаев қазіргі миграциялық дағдарыс Таяу Шығыс, Африка және Азия елдеріндегі қақтығыстар салдарынан ғана емес, мемлекеттер дамуындағы теңсіздіктерден де туындап отырғанын айтқан. Ол бейбітшілік проблемаларын зерттейтін Стокгольм институтының 2014 жылы барлық мемлекеттердің қорғаныс саласына жұмсаған шығыны 1,7 триллион доллардан асты деген дерегін келтірген.

Назарбаев БҰҰ саммитіне қатысу үшін Нью-Йоркке қыркүйектің 26-сы күні барған еді.

Халықаралық Freedom House құқық қорғау ұйымы бұған дейін Қазақстан демократияны дамыту жағынан бұрынғы СССР мен Шығыс Еуропаның 29 елі топтастырылған рейтингте "төменгі орында тұр" деп мәлімдеген болатын.

Тағы бір мақала: Белсенділер қудалаудан қорғану жолын іздейді

Таяуда Қазақстандық адам құқығы және заңдылықты қорғау жөніндегі бюросы, Тәжікстанның «Нота Бене» қоғамдық қоры, қуғындағы «Түркіменнің адам құқығы жөніндегі бастамасы» және бельгиялық «Адам құқығы бойынша халықаралық серіктестік» үкіметтік емес ұйымдары бірлескен шолу әзірлеген еді. Онда да Қазақстанда азаматтық қоғам дамуына негіз болатын тәуелсіз БАҚ, үкіметтік емес және кәсіподақ ұйымдарының қызметі шектеліп, саяси негізде айыпталғандарға сот әділ өтпейтіні айтылған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG