Accessibility links

Назарбаев университеті «адам өмірін ұзартатын дәріні» көрсетті


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Алматы, 2 тамыз 2011 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Алматы, 2 тамыз 2011 жыл.

Астанада өткен халықаралық ғылыми конференция барысында «адам өмірін ұзартуға арналған дәрі» - йогурт тәрізді биоөнім дайын болғаны жарияланды.

Қарашаның 1-і күні "ҚазАқпарат" агенттігінің хабарлауынша, Назарбаев университетінің Өмір туралы ғылымдар орталығының бас директоры Жақсыбай Жұмаділов ғылыми конференция қонақтары мен қатысушыларына өз мекемесі жасаған, «адамның денсаулығын жақсарту арқылы өмірін ұзартатын» «Нәр» симбиотикалық биоөнімнің дәмін татқызған.

Назарбаев университетінде өтіп жатқан «Регенерациялық медицина мен сапалы ұзақ өмір сүру» атты екінші халықаралық конференция кезінде:

- Бүгін көптеген сауалдар «Нәр» биоөніміне қатысты туындады. Ия, осындай биоөнім бізде жасалды. Ол зертханалық сынақтан өтті. Қазіргі уақытта клиникалық сынаудан өтуде. Дегенмен, мен бір ғана биоөнім ұзақ өмір сүру мәселесінің шешім болып табылмайтындығын баса айтқым келеді. Бұл ең біріншіден денсаулық сапасын жақсартуға бағытталған. Ал денсаулық ұзақ өмір сүру кепілі, - деді Жақсыбай Жұмаділов журналистерге.

Назарбаев университетіндегі Өмір туралы ғылыми орталықтың мақсаты - «жасанды жүректің көлемін кішірейту, адам ағзасының қартаюында қабыну мен инфекциялардың рөлі жөніндегі зерттеулерге қатысу, аурулардың алдын алу мен оларды емдеу үшін, қатерлі ісік пен діңдік жасушаларды зерттеу үшін генетикалық тестілеуді зерттеу».

«ЖАСАРТАТЫН, ӨМІРДІ ҰЗАРТАТЫН ДӘРІ»

Адам жасын ұзарту, қартаюға қарсы дәрі ойлап табу – Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бірнеше рет айтқан мәселесі.

Ол жасартатын дәрі жайлы 2010 жылдың 20 қазанында, «2020 жылға дейін есептелген жеделдетілген индустриалдық-инновациялық бағдарламаңыз жүзеге асқанға дейін өкілеттігіңізді ұзартайық» деп өзіне ұсыныс жасаған Роман Ким (Қазақстан кәрістері қауымдастығының президенті) есімді азаматқа айтқан.

– Онда сонымен қатар маған жасартатын және қуат беретін дәріні де қоса ұсын. Мүмкін, мұндай дәрмек Кореяда бар шығар? Мен айттым ғой, 2020 жылға дейін келісер едім, тек маған жасартатын дәрі тауып бер, – деген еді Нұрсұлтан Назарбаев.

Президент соңғы рет 2010 жылы желтоқсанның 7-сінде Назарбаев университеті студенттеріне дәріс оқығанда болашақта Қазақстаннан Нобель сыйлығын алатын адамның шығатынына сенімді екенін, өзі құралпы адамдардың кәрілікке қарсы дәріні тағатсыздана күтіп отырғанын тағы да айтты.

– Менімен жасты адамдар ұзақ өмір сүруге мүмкіндік беретін, өмірді ұзартатын жаңалықтарды қатты тосып жүр, мұның тезірек болғанын қалайды, – деген еді Нұрсұлтан Назарбаев.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG