Accessibility links

«Иран келіссөзі» Қазақстанға абырой әперді ме?


Алматыға келген Иран делегациясы. Алматы, 26 ақпан 2013 жыл.

Алматыға келген Иран делегациясы. Алматы, 26 ақпан 2013 жыл.

Қазақстанның ғаламдық ядролық қауіпсіздік мәселесінде маңызды міндет атқаруға ұмтылысын оң бағалаған шетелдік журналист елдің саяси дамуын сынайды.

Transitionistas сайты ақпанның 27-сі күні Қазақстанда өткен Иран ядролық бағдарламасы жөніндегі келіссөздер туралы мақала басты.

Мақала авторы Джошуа Фауст сөзін «Орталық Азия елдерін көбінесе «дамымайтын батпақ» елдер деп келемеждейді. Бірақ Қазақстан ғаламның ядролық қауіпсіздігі мәселесінде маңызды рөл атқарады» деп бастайды.

Джошуа Фауст «Кезінде Мәскеу жасаған ядролық сынақтардан жапа шеккен ел соңғы бес жылда уран өндіруден алдыңғы қатарға шықты» деп, ары қарай осы аптада Алматыда өткен Иранмен алты елдің арасындағы келіссөздерге тоқталған.

«УРАНҒА БАЙ ҚАЗАҚСТАН МҰНАЙҒА ДА МОЛ ҮМІТ АРТАДЫ»

Автор Қазақстанның ғаламдық ядролық қауіпсіздік мәселесінде неліктен маңызды рөл атқаруға тырысатынын түсіндіріп өткен.

Cемей полигоны сынақ алаңының бірінің аспаннан түсірілген көрінісі. Курчатов қаласының маңы, 18 маусым 2009 жыл.

Cемей полигоны сынақ алаңының бірінің аспаннан түсірілген көрінісі. Курчатов қаласының маңы, 18 маусым 2009 жыл.

«1991 жылы тәуелсіздік алған Қазақстан ядролық қаруға ие болып қалды. 1990 жылдары «Нанн-Лугар» бағдарламасы бойынша Қазақстандағы ядролық арсенал бақылауға алынды. 2011 жылы Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өтті. Осы мерекеге орай Вашингтонда кездесу ұйымдастырылды» деп жазады автор.

Өзінің осы жиынға қатысқанын айтқан Джошуа Фауст «Кездесуде қазақ шенеуніктері америкалық зиялы қауымға СССР-дан қалған ядролық қарудың қауіпсіздігіне жауапты болғандары туралы баяндады» дейді.

Қазақстанның өзінде де уранның мол кені бар екенін ескертіп өткен автор «Қазір үкімет уранды белсенді түрде өндіріп отыр» дейді.

Автордың дерегіне қарағанда, «2007 жылы Қазақстанның атом-электр станциялары уран өндірісінің ғаламдық орталығына айналғысы келген. Ресей бұл іске МАГАТЭ-ні араластырды. Осы кездері Қазақстан үкіметі Үндістан, Қытай және Жапонияны уранмен қамтамасыз ететін болып, осы елдермен дербес келісімдер жасасқан. Бұл келісімдерден АҚШ-та қалыс қалмаған».

Оңтүстік Қазақстандағы Тайқоңыр уран кеніші. 5 маусым 2010 жыл.

Оңтүстік Қазақстандағы Тайқоңыр уран кеніші. 5 маусым 2010 жыл.

«2007 жылы «Қазатомпром» ұлттық компаниясы Жапонияның Toshiba Corporation фирмасымен бірігіп, Westinghouse компанияларының акциясын сатып алды» дейді Фауст.

Қазақстанды басқа елдер көбінесе мұнайға бай мемлекет ретінде танитынын айтқан автор «көп жағдайда ол пікір шындыққа жанасады» дейді.

Мақалада осыған қатысты мынадай дерек бар: «Елдегі уран секторының дамуына қарамастан, мұнай компаниялары өндіріске алдағы он жылда 154 миллиард АҚШ долларынан астам инвестиция салуды жоспарлап отыр».

«ДАМУ ТУРАЛЫ ДАҚПЫРТТЫ ЖАҢАӨЗЕН ЖОҚҚА ШЫҒАРДЫ»

Мақала авторы «Осы аптада Иран мен алты елдің арасында келіссөздер өтті. Қазақстанның ғаламдық ядролық қауіпсіздік мәселесін реттеудегі рөлі бір-екі сатыға көтерілді» дейді.

Ол келіссөз нәтижелері туралы ақпараттардың мардымсыз болғанын айтып, «Біреулердің Иранның қырсық позициясын сөз еткенін, кей шенеуніктердің тіптен жартымды ақпарат айта алмағанын» жазған.

Авторға маңызды келіссөздердің өтетін орны ретінде Қазақстанның таңдалғаны қызық көрінген. «Қазақстанның экономикалық тұрғыда қарқынды дамығысы келетінін және ғаламдық саясатта маңызды рөл атқаруға құлшынысы бар екенін» байқаған автор «Қазақстан 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) осы мақсатта төрағалық етті» дейді.

Жаңаөзен оқиғасы кезінде полицияның оғынан қаза тапқан жігіттің денесі. Жаңаөзен, 16 желтоқсан 2011 жыл.

Жаңаөзен оқиғасы кезінде полицияның оғынан қаза тапқан жігіттің денесі. Жаңаөзен, 16 желтоқсан 2011 жыл.

Фауст «Бірақ ЕҚЫҰ Қазақстанда өткен сайлауларды «әділетсіз, демократиялық талаптарға сай өтпеді» деп сынады. Иранға қатысты келіссөз де Қазақстанның ғаламдық ядролық қауіпсіздік пен энергетика өндірісінде елеулі рөлге ие болғысы келетінін байқатады» деп жазады.

Қазақстанның бұл пиғылын Еуропа одағы, АҚШ, тіпті БҰҰ-ның да теріс көрмейтінін айтып өткен автор мақала соңында өзінің өзгеше пікірін жазады.

Ол Қазақстанды қарқынды дамып келе жатқан ел ретінде сипаттай алмайтынын түсіндіріп, оған дәлел ретінде 2011 жылы үкіметтің Жаңаөзен қаласында ереуілшілерге оқ атқанын айтқан. Оның ойынша, «Қазақстанның дамуы туралы аңыздың негізсіз екенін Жаңаөзен оқиғасы анық көрсеткен».

Осылайша автор Иранның ядролық бағдарламасы туралы Алматыда өткен келіссөздер Қазақстанның ғаламдық ядролық қауіпсіздік саласындағы беделін көтергенімен, саяси мәселелерге келгенде бұл елдің проблемасы көп деген ой айтады.

2011 жылы желтоқсанның 16-сы мен 17-сі күндері Жаңаөзен мен Шетпедегі толқуларда ресми деректер бойынша 17 адам қайтыс болып, 100-ден астам адам жарақаттанған еді.

«ҚАЗАҚСТАННЫҢ ӘРЕКЕТТЕРІНЕН КӨЗБОЯУШЫЛЫҚ КӨРІНІП ТҰРДЫ»

Америкалық саяси шолушы «Келіссөздер кезінде Қазақстанның әрбір әрекетінен көзбояушылық көрініп тұрды» деп жазады. «Қонақтарды қабылдаған Қазақстан бейтарап болып көрінгісі келгенімен, Батыстың экономикалық мүддесіне бағынышты екенін байқатып алды» дейді ол.

Қазақстан сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов (сол жақта) Иран ұлттық қауіпсіздік кеңесінің жоғарғы хатшысы Саид Джалили. Алматы, 26 ақпан 2013 жыл.

Қазақстан сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов (сол жақта) Иран ұлттық қауіпсіздік кеңесінің жоғарғы хатшысы Саид Джалили. Алматы, 26 ақпан 2013 жыл.

«Иранның ғаламдық ядролық қауіпсіздік мәселесінде дағдарыс тудырған ел екені анық, оның ізін Пәкістан мен Солтүстік Корея басып тұр. Ал Қазақстанның экономикасы Батыстан басқарылса да, саясаты бейтарап екені рас. Мәселен, Қазақстанның Ресей жетекшілік ететін Еуразия одағына қосылу шешімі - Батыс пен Ресейдің ықпалын теңестірудің бір амалы» деген пікір айтады автор.

Осындай тұжырым жасаған Фауст «Болашақта Қазақстан Батысқа қосыла ма, әлде басқалармен (Шығыс елдеріндегі авторитарлық жүйелерді айтады - ред.) қала ма - белгісіз. Қазақстанның еуропалық энергетика, ғаламдық қауіпсіздік және халықаралық саясатта жасампаз немесе қиратушы күш болатыны оның осы мәселеде қай тарапты таңдайтынына тәуелді» деп аяқтайды мақаласын.

Алматыда ақпанның 26-сы және 27-сі күндері Иран мен алты ел (Ресей, АҚШ, Қытай, Ұлыбритания, Франция және Германия) делегациялары арасында Иранның ядролық бағдарламасы жөнінде көліссөздер өтті. Жиынның нәтижесі туралы ақпараттар мардымсыз. Иран тарапының Алматыда айтқан ұсыныстарын сарапшылар Стамбул (Түркия) қаласында тағы бір пысықтап, 2013 жылдың сәуір айында делегациялар қайтадан Алматыда кездесетін болды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG