Accessibility links

Қытайдың жаңа банкі Американы алаңдатады


Қытай басшысы Си Цзиньпин (ортада) Азиялық инфрақұрылымдық инвестициялар банкі жиынына қатысушылармен бірге. Пекин. 24 қазан, 2014 жыл.

Қытай басшысы Си Цзиньпин (ортада) Азиялық инфрақұрылымдық инвестициялар банкі жиынына қатысушылармен бірге. Пекин. 24 қазан, 2014 жыл.

Қытайдың «Азиялық инфрақұрылымдық инвестициялар банкін» (AIIB) құру туралы шешімі Вашингтонды алаңдатып отыр. Енді Ресей де осы ұйымға бірігуге әзір екенін мәлімдеді.

AIIB қатарына қосылған елдердің қатары көбейіп келеді. Осы ретте Америка өз алдына оқшауланып қалғандай көрінеді.

Ресей премьер-министрінің орынбасары Игорь Шувалов наурыздың 28-і күні Қытайдағы халықаралық форумда мәлімдеме жасап, Ресей президенті Владимир Путиннің AIIB-ге қосылуға ұйғарғанын айтты.

АҚШ ОҚШАУЛАНЫП ҚАЛДЫ

Қытай 31 наурызға дейін мүше болуға ниетті елдерді қабылдауға әзір екенін ескерткен. Cодан бері АҚШ-тың Еуропа мен Азиядағы көптеген одақтастары құрылтайшы болуға келісті. Ұлыбритания, Германия, Франция, Италия, Оңтүстік Корея сияқты мемлекеттер Азия инфрақұрылымын дамытуға қаржы бөлетін, 50 миллиард доллар қоры бар банкке мүше боламыз десті.

Әдетте ғаламдық банкке бір елдің қосылғаны туралы жаңалық тосын естілмейді. Бірақ осы жолы ЕО-ның Қытай басшылық ететін банкке мүше болуы АҚШ-қа қыр көрсету тәрізді қабылданды. Америка басында достарын бұл шешімнен бас тартуға немесе кейінге шегеруге үгіттеді.

Ал көпшілік алдында Вашингтон AIIB-ге жылы лебізін білдіріп, жариялылықтың халықаралық стандарттарына сай болсын, қоршаған орта мен еңбекке қатысты ғаламдық стандарттарға қайшы келмесін деген тілегін айтты. АҚШ мемлекеттік департаментінің баспасөз хатшысы Мари Харф ханым «AIIB осы халықаралық стандарттарды сақтаса, ғаламдық маңызға ие болады» деді.

Бірақ сарапшылар Вашингтонның іштей бұған қатты қобалжитынын, Қытай өркендеп, болашақта әлемдік экономикалық жетекші елге айнала ма деп қорқатынын айтады. Халықаралық консалтингтік IHS компаниясының Азия істері бойынша бас экономисі Раджив Бисвас «Екінші дүниежүзілік соғыстан бері әлем экономикасында жетекшілік етіп келе жатқан АҚШ-қа AIIB бәсекелес болуы мүмкін» дейді.

ДҮНИЕЖҮЗІЛІК БАНККЕ БӘСЕКЕЛЕС ПЕ?

Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) және Дүниежүзілік банк сияқты ұйымдардың құрылуына ұйытқы болған Бреттон-Вудс жүйесі соңғы 70 жыл бойы әлемдік экономиканың негізгі "сүйеніші" болып келеді.

Бисвастың пікірінше, енді АҚШ жаңа азиялық банк Дүниежүзілік банк сияқты институттармен бәсекелес бола ма деп қауіптенеді. Қытай ДБ-ке мүше болса да, ол жерде ықпалы аз, ал экономикалық қуаты артып келеді. «ХВҚ-дағы Қытайдың рөлін күшейту» реформалары АҚШ конгресінде қолдау таппады.

Ақпарат агенттіктері, әсіресе, қытайлық БАҚ, басқа елдердің AIIB-ге қосылуға ұмтылған күнін «ерекше есте қалатын күн» деп сипаттады. Қытайдың ресми ақпарат агенттігі Синьхуа «АҚШ «ашулы» әрі «ар-ұятты ұмытқан» тәрізді» деп кекетіп, Вашингтонның жеткілікті қолдамауын «іштей қызғанып тұрса да, сырттан менсінбеген болады» деп жазды.

ҚЫТАЙ МЕН РЕСЕЙ ҚАНДАЙ ПАЙДА ТАБАДЫ?

БАҚ-пен салыстырғанда Қытай шенеуніктері бұл мәселеге едәуір ұстамдылықпен қарайтынын көрсетті. Қытай қаржы министрі Лоу Цзивей «AIIB Дүниежүзілік банк пен ХВҚ-мен бәсекелеспейді, керісінше оны толықтыруға тырысады» деді.

Ал ХВҚ-ның басқарушы директоры Кристин Лагард наурыздың 22-сі күні «AIIB-нің бастамасын қолдаймыз. Біздің арамызда бәсекелестік болуы мүмкін емес» деді.

Қытай басшысы Си Цзиньпин (оң жақта) Азиялық инфрақұрылымдық инвестициялар банкі жиынына қатысушылармен кездесіп отыр. Пекин. 24 қазан, 2014 жыл.

Қытай басшысы Си Цзиньпин (оң жақта) Азиялық инфрақұрылымдық инвестициялар банкі жиынына қатысушылармен кездесіп отыр. Пекин. 24 қазан, 2014 жыл.

Жаңа банк Орталық Азия елдеріне аса қажетті инвестицияны алуға ықпал етеді деген үміт бар. Қазақстан, Тәжікстан, Өзбекстан сияқты елдер осы жылдың аяғында жұмысын бастайтын жаңа ұйыммен істес болуға әзірміз деп отыр.

Бисвастың айтуынша, банктің мақсаты – Қытай, Сингапур немесе Еуропаның бай мемлекеттерінен алған инвестицияны Оңтүстік Шығыс және Орталық Азияның дамушы елдеріне салу. Кейбір есептер бойынша, Азияның инфрақұрылымын 2020 жылға дейін дамыту үшін 8 триллион долларға жуық қаржы керек. AIIB тым құрыса осының біраз бөлігін қамтамасыз ете алады.

Ресей мен Қытай стратегиялық серіктес болса да, азиялық елдердің табиғи ресурстарына ықпал ету үшін таласып келеді. Мәскеудегі Renaissance Capital Investment ұйымының Ресей және ТМД елдері бойынша бас экономисі Олег Кузьмин Ресейдің жаңа ұйымға мүше болғаннан не ұтары белгісіз дейді. «Бұл институттың қызметіне қатысты мәліметтер аз. Ресей бұдан нақты қандай пайда табарын түсіне алмай отырмыз» дейді ол.

Дегенмен, Ресей билігінде отырғандар ұйымның сыртында қалмай, мүшелікке өткеніміз дұрыс деп шешті. Бірақ Қытай AIIB-ді Азиядағы ықпалын күшейту үшін пайдалана ма, жоқ па – ол жағы белгісіз.

Бисвас АҚШ сияқты ұйымға кірмеген елдер үшін бұл сауалдың өзекті екенін айтады. Бірақ Қытай да ұйымға мүше болған 30-дан астам елдің біреуі ғана, жобаны қаржыландыруды олар бірігіп шешеді.

Марк Бейкердің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.

XS
SM
MD
LG