Accessibility links

«Ғылым туралы» жаңа заң ҚазҰУ-дың журфагын дүрліктіріп тастады


Азат Әбіқай, Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетінің студенті наразылық шарасында. Алматы, 18 ақпан 2011 жыл

Азат Әбіқай, Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетінің студенті наразылық шарасында. Алматы, 18 ақпан 2011 жыл

Елдегі ірі оқу орындарының біріндегі студенттер журналистика факультеті жабылады деген бейресми ақпаратқа байланысты наразылық танытып, университет басшылығына бар мәселелерін жайып салды. ҚазҰУ-ды зерттеу университетіне айналдыру идеясы іске аспай жатып дауға ұласты.


Ақпанның 18-і күні Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті журналистика факультетінің студенттері ректорат алдына жиналып, факультеттің жабылатындығы жайлы тараған ақпаратқа орай өздерінің наразылықтарын білдірмек болды. Студенттер оқу орнында дүйсенбіден бері журналистика факультетінің тарайтындығы жайында айтылған ақпаратқа байланысты университет әкімшілігінен түсінік беруді талап етті.

«ҚАЗАҚСТАНДА ЕКІ-АҚ ЖУРФАК ҚАЛАДЫ»

- Журналистика факультеті формасын өзгертіп, басқа бір факультеттермен қосылып, қоғамдық-гуманитарлық сала болып қалады деп жатыр. Оған ешуақытта келіспейміз. Себебі, бұл Қазақстанда қалыптасқан журналистика мектебінің қара шаңырағы, - деді ақпарат құралдарына ойын айтқан студенттердің бірі Азат Әбіқай.

Келесі студент Сәуле Тұрсын болса, студенттер арасында жауаптан гөрі сұрақтар мен күдіктер көп екенін айтады.
Сәуле Тұрсын, ҚазҰУ журналистика факультетінің студенті. Алматы, 18 ақпан, 2011 жыл

- Біз басшыларға «бас жақтан қандай бұйрық келді, жазбаша мәтінін көрейік» десек, олар «жоқ, бұл ойланып жатқан мәселе» дейді. Кейбіреулер бұл мәселенің шешіліп қойғанын айтады. Олай болса, не себепті студенттермен ақылдаспайды.

Біз келесі жылы бітіреміз. Болашақта қолымызға қандай диплом тиеді? Ешкім білмейді, - дейді журналистика факультетінің студенті Сәуле Тұрсын.

Ректорат алдына студенттермен қатар университет басшылығы өкілдері мен полиция да келіп, наразылық шарасын болдырмауға күш салды. Ал жан-жақтан торуылдап жүрген полиция өзге студенттердің шараға қосылуына мүмкіндік бермеді.

Студенттер мен осында келген БАҚ өкілдерінің алдына шығып сөйлеген журналистика факультетінің деканы Ғалия Ибраева факультеттің жабылмайтындығын айтып, студенттерді тыныштандыруға тырысты.
ҚазҰУ студенттерінің наразылық шарасын бақылап тұрған полиция қызметкерлері. Алматы, 18 ақпан 2011 жыл

- Министріміз Бақытжан Тұрсынұлы Жұмағұлов ресми түрде бұдан былай Қазақстанда қазір жұмыс істеп жатқан 28 журналистика факультетінің орнына екі журналистика факультеті болады деп мәлімдеді. Дәл осы екі журналистика факультетіне екі есе көп грант бөлінбекші. Сондықтан журналистика факультеттері жабылып жатыр деп қалайша айтуға болады, - деді Ғалия Ибраева.

«ФАКУЛЬТЕТ ЖОЙЫЛМАЙДЫ»

Наразылық таныту шарасы оқу орны ғимаратының ішінде жалғасты. Мұнда көпшілікті оқу орнының бірінші проректоры Мұқамбетқали Бүркітбаев күтіп отыр екен. Ол қазіргі таңда Білім және ғылым министрлігінің республика бойынша зерттеу университетін құру үшін конкурс өткізіп жатқанын, егер ҚазҰУ сол мәртебеге ие болса, «бәріне жаман болмайтынын» айтты.
ҚазҰУ басшылығы наразы студенттермен кездесіп отыр. Алматы, 18 ақпан 2011 жыл

- Әлемде зерттеу университеті болу үшін бірнеше критерийлерге сәйкес болу керек. Сол критерийге сәйкес келу үшін біз әрине, трансформация жасаймыз. Бірақ бұл факультеттер жойылады деген сөз емес. Аптасына бір рет декандармен бірігіп, бәрімізге сәйкес келетін модельді жасап жатырмыз. Бірақ қалай болған күннің өзінде факультет жойылмайды, - деді көпті дүрліктірмеуге тырысқан проректор Мұқамбетқали Бүркітбаев.

ҚОЛАЙСЫЗ САБАҚ КЕСТЕСІ

«Факультеттің жабылу мәселесіне» орай жиналған студенттер университет басшылығы қатысқан бұл жиында өздерін толғандырған өзге мәселелер жайында да ойларын іріккен жоқ. Атап айтқанда, осы жылдан бастап енгізілген, таңғы сағат сегіз жарым мен кешкі жетіге дейін созылатын қолайсыз сабақ кестесі, практика мен теорияның үйлесімсіздігі туралы реніштерін жеткізді. Олар басшылыққа «сабақ уақытын созғанша оқытудың әдістерін өзгертіңіздер» деген ұсыныс айтты.
Мұқамбетқали Бүркітбаев, ҚазҰУ-дың бірінші проректоры. Алматы, 18 ақпан 2011 жыл

Бұдан бөлек, олар журналистика факультетінің «ұлттық сипатынан айрылып бара жатқанын», онда белді-белді ұстаздардың жетіспеушілігінен факультеттің беделі барған сайын төмендеп бара жатқанын айтты. Бұл тұста студенттерді оқытушылар жағы да қолдады.

Жиын соңына таман 200-ден астам студенттің қолы қойылған талап-хат ректорға жөнелтілді. Онда екі түрлі талап - журналистика факультетінің деканын өзгерту мен сабақ кестесін қолайлы жасау жазылған.

ДАУДЫҢ БАСЫ....

Қазақ ұлттық университетінің зерттеу университетіне айналатындығы туралы бейресми ақпарат ғаламторда бұған дейін де пайда болған еді. Бұл ақпараттың шығуына «Ғылым туралы» заң түрткі болып отыр. Бұл заңды қаңтар айының соңында Қазақстан парламенті мақұлдап, президенттің құзырына жіберген болатын. Заңға Қазақстан президенті бүгін, ақпанның 18-інде қол қойды. Мамандардың айтуынша, жаңа заңдағы басты жаңалықтардың бірі – елде зерттеу университеттерін құру.

- Зерттеу университеттері – осы ғылымдағы тікелей тәжірибеге технология арқылы енгізудің бірден-бір дұрыс жолы. Біз осы жолға түскелі отырмыз. Түсуіміз керек. Ғылым өз бетімен, тәжірибе өз бетімен бөлек-бөлек жүруіне болмайды, - деді Сенат депутаты Ғарифолла Есім ақпанның 18-күні Азаттық тілшісіне.
Наразылық таныту шарасына жиналған ҚазҰУ студенттерінің бір тобы. Алматы, 18 ақпан, 2011 жыл

Біз Сенат депутатынан «зерттеу институты мәртебесіне ие болған білім ошақтары қандай өзгеріске ұшырайды?» деген сұрақ қойған едік.

- Негізінен зерттеу университетінің бірнеше типі бар. Бір типінде бакалаврлар болмайды. Тек магистрлерді, PhD дайындайды. Ал кейбірінде бакалаврлар бар және онымен бірге әрі қарай дайындайды. Бірақ статусқа ие болған университеттерде құрылымдық өзгерістер міндетті түрде болады. Өзінің тәртіптері бар. Бұл өзгерістер біреуге ұнауы-ұнамауы мүмкін. Мәселе онда емес. Мәселе білім-ғылымның технологияның сапалық деңгейінің көтерілуінде, - дейді Ғарифолла Есім.

Журналистика факультеті студенттерінің наразылығы туралы видео

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG