Accessibility links

Жаңа үкіметтегі ескі өзгеріс


Қазақстан үкіметінің құрамы. Астана, 12 сәуір 2011 жыл. (Сурет премьер-министр Кәрім Мәсімовтің ресми сайтынан алынды)

Қазақстан үкіметінің құрамы. Астана, 12 сәуір 2011 жыл. (Сурет премьер-министр Кәрім Мәсімовтің ресми сайтынан алынды)

Сәуірдің 12-і Кәрім Мәсімов президент тағайындаған облыс әкімдерін таныстыруға кірісті. Ал қайта жасақталған жаңа министрлікте алты министр ауысып, қалғандары қызметтерінде қалды.


Атап айтқанда, денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова, мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед, білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов, қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрғали Әшімов, еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова, қаржы министрі Болат Жәмішев, төтенше жағдайлар жөніндегі министрі Владимир Божко, байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағұлов және мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев қайта тағайындалды.

Саясаткер Уәлихан Қайсар 20 жылдан бері президенттің өзгермеуі, енді сайлаудан кейінгі үкіметтің де айтарлықтай өзгеріске ұшырамағандығы президент Назарбаевтың өзгерісті қаламайтындығын байқатады деген пікір айтады.
Уәлихан Қайсар, саясаткер

- Қазақстан президентінің енді еш реформа жасайтын мүмкіншілігі жоқ. Бұрынғы өзінің ескі ойы бойынша қалыптасқан жолымен жүріп жатқан адам, - деді ол.

Бірақ, жаңа үкіметтің құрамындағы сыртқы саясат пен ішкі істер сияқты маңызды сала басшыларының жаңарғаны – атап өтуге тұрарлық жайт. Қазақстанның сыртқы істер министрі қызметіне Ержан Қазыханов, ішкі істер министрі болып Құлмұханбет Қасымов тағайындалды. Берік Қамалиев көлік және коммуникация министрі қызметіне, ал Талғат Ермегияев Қазақстанның спорт және туризм министрі лауазымына бекітілді. Асылжан Мамытбеков ауылшаруашылық министрі, ал Қайрат Келімбетов экономикалық даму және сауда министрі болды.

«АРАБТАНУШЫ»

Саясаттанушы Данияр Әшімбаев, Ержан Қазыхановты өз ісін білетін маман деген пікір айтады.

- Ол – жақсы практик, білімді дипломат. Тәжірибесі де жеткілікті. Оның министр болып тағайындалуы – қалыпты жайт. Ол саяси тұлға емес, дегенмен өз ісін жақсы білетін маман. Бізде жақын арада саммит, азиада сынды ерекше шаралар өтпейді ғой... Қазыханов қарапайым еңбекқор адам, – дейді саясаттанушы.
Сыртқы істер министрлігіне арабтанушы Қазыхановтың келуі қазіргі таңда араб елдерінде болып жатқан оқиғаларды зерттеп, ондай жайтты Қазақстанда болдырмау үшін жасалған шешім.

Алайда, парламент сенатының депутаты Ғани Қасымов, Қазақстанның осы жазда Ислам конференциясы ұйымына төрағалық ететіндігі «арабтанушы Ержан Қазыхановтың» министр болуына әсер етті деген ой айтады. Өзі де арабтанушы Қасымов, кезінде сыртқы істер министрлігінде жұмыс істеп жүріп, Қазыхановты жұмысқа алғандығын атап өтті.

- Ержан Қазыханов – өте дарынды дипломат. Тек халықаралық саясатты ғана емес, халықаралық құқық саласын жетік біледі, - дейді сенатор Қасымов.
Оның пікірінше, сыртқы істер министрлігіне арабтанушы Қазыхановтың келуі қазіргі таңда араб елдерінде болып жатқан оқиғаларды зерттеп, ондай жайтты Қазақстанда болдырмау үшін жасалған шешім.

«БІЛІКТІ МАМАН»

Саясаттанушы Данияр Әшімбаев, ішкі істер министрі қызметіне келген Құлмұханбет Қасымов ведмствоға кәсіби-білікті мамандарды жинастырып, олардың жұмысын ұйымдастыра білуі қажет екендігін айтады. Оның сөзінше, практик Қасымов өзінің алдындағы министрлерге қарағанда бұл істі үйіріп әкетуі тиіс.

- Бауыржан Мұхамеджанов саяси тұлға болды. Баймағамбетов ұзақ жылдар әділет министрлігі мен білім беру саласында қызмет етті. Тұрысбеков тіптен күш құрылымдарында қызмет етпеген адам еді. Енді, міне, өз жүйесінің қыр-сырын жетік білетін маман тағайындалып отыр, - деді Данияр Әшімбаев.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан президенті өзінің инаугурациясында. Астана, 8 сәуір 2011 жыл

Дегенмен саясаткер Уәлихан Қайсар, жүйе тұтастай ауыспайынша келіп-кететін министрлерден пайда жоқ деген көзқараста.

- Бұл мемлекетте қай кезде, қай министрлікте, қандай адам болса да, [саяси өзгеріс] ол адамға байланысты емес. Ол тек бір ғана адамға байланысты. Назарбаев өзі кетпей тұрып жүйесін өзгертпейтін болса, кімді тағайындаса да, нәтиже шықпайды, - деді саясаткер.

Сейсенбі күнгі үкіметтің жасақталуы кезінде Өмірзақ Шүкеевтің премьер-министрдің бірінші орынбасары, Ербол Орынбаевтың орынбасар, ал Әсет Исекешевтің орынбасар және индустрия және жаңа технологиялар министрі қызметінде қалды. Осылайша сейсенбі күні премьер-министр Кәрім Мәсімов министрлер кабинетін толығымен жасақтады. Тек әділет министрінің ғана есімі әлі белгісіз.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG