Accessibility links

Жаңа кодексте «саяси» баптар жазасы қатайды


Азаматтық белсенді Әсел Нұрғазиева 2011 жылы желтоқсанда Жаңаөзен оқиғасы кезінде қаза тапқандардың суреттерін ұстап қала әкімдігінің алдында тұр. Жаңаөзен, 29 тамыз 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Азаматтық белсенді Әсел Нұрғазиева 2011 жылы желтоқсанда Жаңаөзен оқиғасы кезінде қаза тапқандардың суреттерін ұстап қала әкімдігінің алдында тұр. Жаңаөзен, 29 тамыз 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Алдағы жылы күшіне енетін жаңа қылмыстық кодексте кейбір тұрмыстық қылмыстарға жаза жұмсартылып, саяси деп аталатын баптарда жауапкершілік қатайтылған.

Жаңа қылмыстық кодексте ел президентіне тіл тигізгені, тыйым салынған ереуілдерге жетекшілік жасағаны және әлеуметтік араздық туғызғаны үшін айыппұл сомасы елеулі түрде ұлғайтылды.

Лаңкестік әрекетпен байланысты қылмыстар және кәмелетке толмағандарға қарсы жыныстық сипаттағы қылмыстар үшін жазалау шаралары қатайтылған. Соның ішінде, жаңа кодекс жас балаларды зорлаған қылмысы үшін сотталғандардың шартты мерзімінен бұрын еркіндікке шығуына жол бермейді.

Азаттық жаңа және әлі қолданысқа енгізілмеген қылмыстық кодекстің кейбір негізгі баптарын салыстыратын топтаманы ұсынып отыр.

КӨРІНЕУ ЖАЛҒАН АЙТПА

Халықаралық құқық қорғау ұйымдарының жала жабу бабы бойынша қылмыстық жаза қолданбау жөніндегі үндеулеріне қарамастан, кодексте диффамация үшін айыппұл көлемі елеулі түрде ұлғайтылған. Бұдан өзге, қылмыстық кодексте «әдейі жалған ақпарат таратқаны» үшін жауапкершілік туралы жеке бап пайда болды. Бұл бап бойынша барынша ықтимал жаза – он жылға бас еркінен айыру болмақ.

Жаңа қылмыстық кодексҚолданыстағы қылмыстық кодекс

130-бап. Жала жабу

1000 айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салынады, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына жазаланады, не бiр жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығы шектеледі, не сол мерзімге қамауға алынады.

129-бап. Жала жабу

100 айлық есептiк көрсеткiштен 200 айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салынады, не 120 сағаттан 180 сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тарту, не бiр жылға дейiнгi мерзiмге түзеу жұмыстары жазасы беріледі.

274-бап. Әдейі жалған ақпарат тарату

1000 айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салынады, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына жазаланады, не бiр жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге мерзiмге қамауға алынады.

4. Осы баптың бірінші, екінші немесе үшінші баптарында қарастырылған:

1) қылмыстық топ жасаған;

2) ерекше жағдайларда немесе әскери жағдайда, немесе соғыс кезінде, не көпшілік іс-шаралар өткізу кезінде жасалған әрекеттер

бес жылдан он жылға дейін мерзімге қамау жазасы беріледі.

Қолданыстағы қылмыстық заңда мұндай бап болған жоқ

ПРЕЗИДЕНТКЕ ТІЛ ТИГІЗГЕНІ ҮШІН ЖАЗА

Жаңа қылмыстық кодексте ел президентінің ар-ұжданы мен қадiр-қасиетiне қол сұғу жөнінде мазмұны барабар екі бап бар: оның бірінде мәселе «тұңғыш президент – ұлт көшбасшысы» (Нұрсұлтан Назарбаев) жөнінде, ал екіншісінде «Қазақстан Республикасының президенті» жөнінде. қолданыстағы кодекспен салыстырғанда, жария қорлағаны үшін айыппұл көлемі бірнеше есеге – үш мың АЕК-ге ұлғайтылған (бұл 5,55 миллион теңгеге немесе 30 мыңнан астам АҚШ долларына тең).

Жаңа қылмыстық кодексҚолданыстағы қылмыстық кодекс

375-бап. Қазақстан Республикасы президентiнiң ар-ұжданы мен қадiр-қасиетiне қол сұғу және оның қызметiне кедергi жасау

Қазақстан Республикасы президентiн жария қорлағаны немесе оның ар-ұжданы мен қадiр-қасиетiне қол сұққаны үшін – екі мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салу, не сол мөлшердегі түзеу жұмыстарына тарту, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу, не дәл сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады.

Бұқаралық ақпарат құралдарын немесе ақпараттық-коммуникациялық желілерді пайдалана отырып жасаған дәл сол әрекет үшін – үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салу, не сол мөлшердегі түзеу жұмыстарына тарту, не үш жылға дейінгі бас бостандығын шектеу, не дәл сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

318-бап. Қазақстан Республикасы президентiнiң ар-ұжданы мен қадiр-қасиетiне қол сұғу және оның қызметiне кедергi жасау

1. Қазақстан Республикасы президентiн жария қорлаған немесе оның ар-ұжданы мен қадiр-қасиетiне қол сұққаны үшін – 200 айлық есептiк көрсеткiштен 700 айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салу, не 180 сағаттан 240 сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тарту, не бiр жылға дейiнгi мерзiмге түзеу жұмыстарына, не бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу, не дәл сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы беріледі.

2. Бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалана отырып жасаған дәл сол әрекет үшін – бес жүз айлық есептiк көрсеткiштен мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салу, не бiр жылдан екi жылға дейiнгi мерзiмге түзеу жұмыстарына тарту, не үш жылға дейінгі бас бостандығын шектеу, не дәл сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы белгіленген.

«САЯСИ» БАПТАР

Жаңа қылмыстық заңда әлеуметтік араздық туғызу туралы бап санкциялары қатайтылған. Қазақстанда бұл бап бойынша Жаңаөзен оқиғаларынан соң оппозициялық саясаткер Владимир Козловты айыптап соттаған еді. Бұл баптан кінәлі деп танылғандарға жазалау шарасы ретінде айыппұл салу алынып тасталған. Енді айыптыларға бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазасы қолданылатын болады.

Жаңа қылмыстық кодексҚолданыстағы қылмыстық кодекс

174-бап. Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, қауымдық немесе діни алауыздықты қоздыру

1. Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, қауымдық немесе дiни алауыздықты қоздыруға қасақана бағытталған әрекеттер үшін…

екi жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бостандығын шектеу не дәл сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы белгіленген.

3. Осы баптың бiрiншi және екiншi бөлiктерiнде көзделген, қылмыстық топ жасаған, не ауыр зардаптарға әкеп соққан әрекеттер үшін –

үш жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру немесе онсыз 12 жылдан 20 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

164-бап. Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк немесе діни араздықты қоздыру

1. Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, дiни араздықты немесе алауыздықты қоздыруға қасақана бағытталған әрекеттер үшін…

бір мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл төлеу не екi жылға дейiнгi мерзiмге түзеу жұмыстары не жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы беріледі.

3. Осы баптың бiрiншi және екiншi бөлiктерiнде көзделген, ауыр зардаптарға әкеп соққан iс-әрекеттер үшін –

үш жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру немесе онсыз жеті жылдан он екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы беріледі.

Сондай-ақ тыйым салынған ереуілге жетекшілік жасағаны үшін жауапкершілікті күшейтуді «Жаңаөзен оқиғасы» сабақтарына жатқызуға болады. Бұл бап бойынша ең үлкен ықтимал айыппұл 500 АЕК-тен 2000 АЕК-ке дейін көбейтілген, түрмеге жабудың да ықтимал мерзімі бір жылдан екі жылға дейін ұлғайтылған. Қылмыстық кодексте «Сот заңсыз деп таныған ереуілге қатысуды жалғастыруға арандату әрекеттері» бабы пайда болды, бұл бап бойынша үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

ЛАҢКЕСТЕР МЕН ЖАЛДАМАЛЫЛАР ТУРАЛЫ

Жаңа қылмыстық кодексте пайда болған бірқатар жаңа баптар арасында мыналар бар — «Шетелдердегі қарулы қақтығыстарға қатысу» (үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру), «Жалдамалыларды даярлау базаларын құру» (бес жылдан он жылға дейін түрмеге жабу), «Лаңкестік немесе экстремистік даярлықтан өту» (үш жылдан жеті жылға дейін қамау), «Сепаратистік іс-әрекет» (15 жылға дейін түрмеге жабу).

Сириядағы соғысқа қатысушы қазақтар туралы интернетте жарияланған видеодан скриншот.

Сириядағы соғысқа қатысушы қазақтар туралы интернетте жарияланған видеодан скриншот.

«Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын қорғау ережелерін бұзу» бабының пайда болуын, мүмкін, Алматы облысындағы «Арқанкерген» шекара бекетінде болған жағдайға жауап деп санауға болар. 2012 жылдың мамырында бұл бекетте 14 шекарашы мен бір азамат жұмбақ жағдайда өлтірілген еді.

Мүлде жаңа тараулардың бірі — «Ақпараттандыру және байланыс саласындағы қылмыстық құқық бұзушылықтар» деп аталады.

ТҰРМЫСТЫҚ ҚЫЛМЫСТАР

«Аса ауыр емес» санатына жататын кейбір қылмыс түрлері үшін жазалау шаралары жұмсартылмақ. Сондай-ақ алаяқтық немесе көлікті айдап кету үшін берілетін жазалар да жеңілдетіледі.

Жаңа қылмыстық кодексҚолданыстағы қылмыстық кодекс

190-бап. Алаяқтық

Алаяқтық, яғни бөтен мүлiктi ұрлау немесе бөтен мүлiкке құқықты алдау немесе сенiмге қиянат жасау арқылы алу -

мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салу, не сол мөлшердегі түзеу жұмыстарына тарту, не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу, не мүлкін тәркілей отырып, үш жылға дейiнгі мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.

177-бап. Алаяқтық

1. Алаяқтық, яғни бөтен мүлiктi ұрлау немесе бөтен мүлiкке құқықты алдау немесе сенiмге қиянат жасау арқылы алу -

200-ден 700 айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салу, не 180-нен 240 сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тарту, не екi жылға дейiнгi мерзiмге түзеу жұмыстарына кесу, не үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу, не үш жылға дейiнгі мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы белгіленген.

200-бап. Автомобильдi немесе өзге де көлiк құралдарын ұрлау мақсатынсыз заңсыз иелену

1. Автомобильдi немесе өзге де көлiк құралдарын ұрлау мақсатынсыз заңсыз иелену (айдап кету) –

1000 айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салу, не сол мөлшердегі түзеу жұмыстарына, не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу, не екі жылға дейiнгі мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

185-бап. Автомобильдi немесе өзге де көлiк құралдарын ұрлау мақсатынсыз заңсыз иелену

Автомобильдi немесе өзге де көлiк құралдарын ұрлау мақсатынсыз заңсыз иелену (айдап кету) –

500 айлық есептiк көрсеткiштен 2000 айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салу немесе үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу не дәл сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы беріледі.

Қазақстан бас прокурорының бірінші орынбасары Иоган Меркель жылдың басында Қылмыстық кодекстің жобасын парламентте таныстырған еді. Ол бұл құжаттың қылмыстық теріс қылықтар жасағаны үшін жазалаудың жұмсақ түрлерін (бірінші кезекте қоғамдық жұмыстар, сол сияқты минималды ескіру мерзімі және соттылықты жою) кең ауқымда қарастыратынын айтқан.

«Қылмыстық теріс қылықтар санатына онша ауыр емес 104 қылмыстық құрам ауыстырылды. Бұл қылмыстық заңның елеулі түрде ізгілендірілгенінің дәлелі», – деген Иоган Меркель.

«Халықаралық құқықтық бастама» қоғамдық қоры президенті Айна Шорманбаева. Алматы, 22 сәуір 2014 жыл.

«Халықаралық құқықтық бастама» қоғамдық қоры президенті Айна Шорманбаева. Алматы, 22 сәуір 2014 жыл.

«Халықаралық құқықтық бастама» қоғамдық қоры президенті Айна Шорманбаева Азаттыққа берген түсініктемесінде қылмыстық заңнаманы ізгілендіру негізінен экономикалық қылмыстарға қатысты екендігін айтады.

– Кодексте адам келтірілген шығынды толық төлеген болса, бас бостандығынан айырмау туралы норма қарастырылған. Біз жаңа қылмыстық кодекстің бірлестіктер бостандығын, бейбіт жиындардың бостандығын, тәуелсіз кәсіподақтардың, үкіметтік емес ұйымдардың қызметін шектейтінін айтып келеміз. Бізді, қоғамдық ұйымдардың жетекшілерін, қылмыстық топтардың басшыларымен теңестіргенімен келіспейміз. Заңнамада «қоғамдық бірлестік көшбасшысы» деген ұғым енгізілген. Және де бұл анықтамаға сонымен қоса түрлі қоғамдық қорлардың, коммерциялық емес ұйымдардың жетекшілері енеді. Біз үшін, коммерциялық емес ұйымдардың жетекшілері үшін, дискриминациялық норма қойылған, лаңкестікке, экстремизмге және сепаратизмге қатысты баптар бойынша мейлінше қатаң жауапкершілік қарастырылған. Оның үстіне «экстремизм» ұғымының өзі қылмыстық кодексте жоқ, бұл, менің ойымша, заңнамаға енгізуге болмайтын құқықтық емес ұғым, - дейді Шорманбаева.

Қазақстанда бұдан 17 жыл бұрын қабылданып, содан бері көптеген түзетулер қосылған қолданыстағы қылмыстық кодекс 2015 жылдың 1 қаңтарынан күшін жойып, елде жаңа қылмыстық кодекс қолданысқа енгізілмек.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG