Accessibility links

«Қытай деректерін пайдаланбағандықтан тарихи оқулықтарда қателік көп»


Нұрлан Кенжеахмет, синолог
Нұрлан Кенжеахмет, синолог

Ортағасырлық Қытай картасындағы бір жарым ғасыр бойы жұмбақ боп келген тұсты ашқаны үшін Гумбольдт стипендиаты атанған қазақ ғалымы Қытай деректеріне сүйенсе, қазақ хандығының ерте құрылғаны мәлім болады дейді.


Қазақстанға 2008 жылы көшіп келген Пекин университетінің PhD дәрежелі докторы, тарихшы Нұрлан Кенжеахмет қазан айында неміс ғалымдарымен бірігіп, бір жарым ғасыр бойы әлем ғалымдарына жұмбақ боп келген ортағасырлық қытай картасын одан әрі зерттеу үшін Германияға аттанбақ.

ҚАТПАРЛЫ КАРТАНЫҢ СЫРЫ

Нұрлан Кенжеахметтің айтуынша, 15 ғасырда сызылған бұл картада сол кездегі қытайдың батысында орналасқан жер-су аттары көрсетілген. Бұл ғылыми еңбекке сонымен бірге 5-6 беттен тұратын топонимдердің каталогы да кіреді.

Оның айтуынша, жер-су аттары бейнеленген бұл картаны осыдан бір жарым ғасыр бұрын батыс ғалымдары зерттеп көрген. Мысалы, осы мәселені зерттеген неміс ғалымы Бретшнейдер топонимдердің үштен бірін ғана шешсе, Цинь Цзо Мянь атты қытай ғалымы тек Қытайға қатысты бөлігі, яғни Қашғарға дейінгі аралықты зерттеп ашыпты. «Олар батысты сол күйінше түсінбей кеткен» дейді.
Көрнекі сурет

- 2003 жылы Пекин университетінде оқып жүрген кезде Қытайдың ірі компаниясы Жапониядан көне карта сатып алды. Бұл көне картаның аты «моңғолдың жер-су картасы» деп аталады. Бірақ бұл карта бағана мен зерттеген батыс өңірінің жер-суы мен халқы жайындағы картаға ұқсас болып шықты. Сол кездегі ұстазым Пекин университетінің профессоры Ли Ми Цун шақырып алып, «мына картаны бірге зерттесек» деген ұсыныс айтты. Пекинде екі-ақ жыл бірлесіп зерттедім, бірақ оның түп-тамырына жете алмадым, - дейді ғалым.

Оның айтуынша, Қазақстанға келердің алдында Жапонияда зерттеуін жалғастырып, жапон ғалымдарымен де бірлесіп зерттеп көріпті. «Олар да тек қана қарапайым зерттеген екен, ірі-ірі қалаларын ғана айтып, басқа ұсақ қалаларын түсіндірмеген» дейді.

"ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНЫҢ ЕРТЕ ҚҰРЫЛҒАНДЫҒЫ ТУРАЛЫ ТАЙВАНЬДА ДЕРЕК БАР"

Осы еңбекке сегіз жылын арнаған ғалым бұл картаның қазақ тарихы үшін де өте маңызды екенін атап өтеді.

Нұрлан Кенжеахметтің сөзіне қарағанда, «бұл жай ғана карта емес». Онда «сол кездегі 15-16 ғасырдағы дүниежүзіндегі ірі мемлекеттердің жағдайы, орналасу аумағы, Жібек жолын бейнелейтін өте маңызды деректер бар». Онда сол кездегі Қазақ хандығының да астанасы айтылған екен.

- Қазір Қазақ хандығы 1456 жылы құрылған деп айтылып жүр. Бірақ қытай деректерінде олай емес. 1452 жылы Жәнібек ханның сол кездегі қытай патшалығына жүз неше адамдық елшілік жібергені турасында деректер бар. Бірақ бұл да Тайваньда жатыр, - дейді Нұрлан Кенжеахмет.

"ТҰРАДА ТҰРҒАН ҚАЗАҚТАР ЖЫЛҚЫ МЕН БАЛЫҚ ЕТІН ҒАНА ЖЕГЕН"

Ғалымның айтуынша, бұл картада сонымен бірге Қазақстанның сол кездегі Тұра деген қаласы да сызылған.

- Оның астындағы түсіндірмеде былай деп жазылып тұр: «бұл Тұра қаласы дөңгелек пішінді. Онда бір хан тұрады, ақ қалпақ киеді. Бұл жерде бәрі - мұсылман. Олар егін екпейді, тек қана қымыз ішіп, жылқы, балық етін жейді деп түсініктеме жасаған. Бұл – сол кездегі қазақтар, - дейді Нұрлан Кенжеахмет.

Оның айтуынша, бұл ғылыми дерек осылайша Тұра қаласы туралы тарихшылар арасындағы дауды тоқтатуы да мүмкін. Сол кездегі Әбілқайыр хандығынан бөлінгеннен кейін де қазақтар Тұраны астана етіп тұрған дейді.
Қазақ хандары Керей мен Жәнібектің әуелгі ескерткіштері. Астана қаласының шеті, 17 қараша 2009 жыл

- Тұра - қазір Ресей аумағында. Қазір осы сияқты ұсақ-түйек болғанмен өте маңызды деректер бар. Қазақстан тарихында ол туралы ештеңе жазылмаған. Тек қана «Жәнібек пен Керей, Әбілқайырдан бөлініп шыққан соң, Қозыбас өңірінде осылай қазақ хандығын құрды» деп Мұхаммед Хайдар Дулатидің еңбегі бойынша солай түсіндіреді... Қазір қазақ тарихы туралы 5 томдық кітап шықты. Қытай деректері тікелей пайдаланбағандықтан ішінде көп қателіктер бар. Мысалы, Бичурин деген орыстың синологы болған. Соның аудармасы бойынша алынған қателіктер көп. Егер соны өзіміз көне қытай тілінен тікелей қазақ тіліне аударсақ, нұр үстіне нұр болар еді, - дейді Нұрлан Кенжеахмет.

Нұрлан Кенжеахмет кезінде мәдениет министрлігіне хат жазып, осы қазақ хандығының ерте құрылғандығы жөнінде деректерді Тайваннан алып келуге көмектесуін сұраған екен. Алайда министрліктегілер ғалымға қолындағы деректермен зерттеуін жалғастыра беруге кеңес берген.

ТҰРПАННАН ШЫҚҚАН ДЕРЕКТЕР

Оның айтуынша, Германияда да қазақ тарихына қатысты құнды деректер бар. Ғалым неміс тілін үйреніп, тезірек солармен танысуды армандайды.
- Германияда 19 ғасырдың соңы мен 20 ғасырдың басында Лекок тағы да басқа ғалымдар Шығыс Түркістандағы Тұрпанға барыпты. Көбі түркі тілінде жазылған жазбаларды Германияға алып кеткен. Қазір бұл деректер Берлинде. Олардың көбісі неміс тілінде шыққан. Енді неміс тілін үйрену арқылы сол түпнұсқалармен, сол еңбектермен таныссам деймін, - дейді Нұрлан Кенжеахмет.

Біз бұл мәселеге қатысты өзге де тарихшылардың пікірін білуге тырысқан едік. Берекет Кәрібаев, Нұрлан Атығай сынды тарихшыларға хабарласқанымызбен олар бұл жаңалықтан хабарсыз екендіктерін айтты.

ҚЫТАЙДЫҢ ЕРЕКШЕ КАРТОГРАФИЯСЫ

Ал тарихшы Қанат Өскенбай болса, бұл мәселені әрі қарай да жете зерттей түсу қажеттігін айтады.

- Нұрланмен талай кездескенбіз. Бұл карталарды қарап, талқылағанбыз. Болашақта бірге барып зерттейміз деп жоспар да құрғанбыз. Бірақ бұл жерде бір ерекше нәрсені ескеру қажет. Қытайдың картографиялық дәстүрі жалпы еуропалық дәстүрден ерекше. Мысалы, біз картаға қарасақ, бәрін көреміз ғой. «Міне, Қазақстан, міне оның қалалары дегендей. Ал қытай карталарында бұл елді мекен аттары бөлек-бөлек көрсетілген. Айталық, бір жерде Қазақстан көрсетілсе, дәл сол жерде басқа өлке де бейнеленуі мүмкін. Сондықтан оны түсіну өте қиын. Мұндай карталарды түсіну үшін ең біріншіден, сол кездегі ортағасырлық қытай тілін білу керек. Ортағасырлық қытай тілінің иероглифін, тарихнамасын білу керек. Одан кейін оның зерттелу деңгейін білу керек. Соның бәрін біле отырып, оқып зерттеп, сондай базамен бару керек. Қытай деректері біз үшін тың нәрсе ғой. Сондықтан бұл еңбек өте керек дүние, - дейді Қанат Өскенбай қыркүйектің 12-сі күні Азаттық тілшісіне.

Нұрлан Кенжеахметі стендианты атанған Александр фон Гумбольдт қоры 1860 жылдан бері жұмыс істейді. Бұл - Германиядағы ірі, әрі ескі қорлардың бірі. Қазіргі кезде әлем бойынша 23 мыңнан аса ғалым қор стипендиясына ие болған. Олардың арасынан 40 Нобель сыйлығы иегері шыққан.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG