Accessibility links

Үкімет өзгеріссіз бекігенде «мұрагер» болжамы айтылды


Президент Нұрсұлтан Назарбаев бесінші инаугурациясы кезінде. Aстана, 29 сәуір 2015 жыл.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев бесінші инаугурациясы кезінде. Aстана, 29 сәуір 2015 жыл.

Азаттық тілшісінің «Нұрсұлтан Назарбаев сайлаудан кейін үкімет құрамы мен әкімдерді неге ауыстырмады?» деген сұрағына саясаткер, белсенді, журналист және саясаттанушы комментарий берді.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан президенті қызметіне бесінші мәрте кіріскеннен кейін үкімет басшысын да, оның құрамын да өзгертпеді. Кеше ол 14 облыс және Алматы, Астана әкімдерін өз орнында қалдыру туралы жарлыққа қол қойды.

ПРЕЗИДЕНТ ЖӘНЕ ОНЫҢ КОМАНДАСЫ

Журналист әрі саяси шолушы Сергей Расов сарапшылардың көбі сайлаудан кейін әлдебір саяси реформалар болады деп үміттенбегенін айтады. Расовтың айтуынша, елдегі жағдайдың қазіргі күйінде қала бергені президентке де, оның командасына да ыңғайлы, ал реформалар, әсіресе саяси реформалар жүргізуді билік басындағылардың ешқайсысы қаламайды.

— Көп ұзамай 80-ге келетін адамның түбегейлі саяси реформалар жүргізуге енді құлшынып кірісіп кете қоюы екіталай. Назарбаевтың аяқ астынан әлдебір реформаларды бастап кеткені президентке де, оның командасына да, Қазақстанның ТМД бойынша әріптестеріне де, елдің мұнайын сорып жатқан супермонополияларға да керегі жоқ, - дейді Сергей Расов.

Саясаттанушы Расул Жұмалының пікірінше, Ақорда кез келген саяси өзгеріске үрке қарайды, сондықтан бәрін бұрынғы қалпында сақтап қалуға тырысады. Ол «ескі команданың тұсында әлеуметтік-экономикалық проблемалар қағаз жүзінде ғана шешілетін» деп санайды.

— Биліктің өзгергісі келмеуі - жақсылық емес. Мұны соңғы айда болып жатқан оқиғалардан байқауға болады. Бірнеше аймақты бірден су басты, Алматыда салынып жатқан көпір күйреді, елдегі ең ірі сауда орны өртеніп кетті. Мыңдаған адам баспанасыз, жұмыссыз қалып, күнкөріс көзінен айырылды. Ал біз осындай проблемаларды шешудің орнына, қауырт жұмыс істеп жатқан сыңай танытатын құр имитация мен формализмді ғана көріп отырмыз, - дейді Расул Жұмалы.

Саясаттанушы Расул Жұмалы.
Саясаттанушы Расул Жұмалы.

Оның айтуынша, Қазақстан экономикасындағы қиындықтар мұнайдың бір баррелі 110 доллар болып тұрған кезде басталған, ал президенттің командасы ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ете алмады.

— Ал қазір мұнай бағасы 60 долларға дейін құлдыраған кезде ескі әдіс-тәсілдермен, ескі командамен бұл проблемаларды қалай шешетін ойы бар, білмеймін, - дейді саясаттанушы.

ТҮПКІ МАҚСАТЫ АЙҚЫН

Кейбір саясаткерлер билікте ауыс-түйістің болмауын Нұрсұлтан Назарбаевтың билікті өткізу жоспарымен байланыстырады. Мысалы, саясаткер Серікжан Мәмбеталин президент бес жылдық кезекті мандатын көп ұзамай «мұрагер» операциясын іске асыруға пайдаланады деп болжайды. Саясаткердің айтуынша, Назарбаев қазіргі командасын толық сақтап қалу арқылы билікті кімдерге мұраға қалдыратынын шешіп қойғанын көрсеткісі келеді.

Жуырда Назарбаев биліктен кететінін ашық жариялайды. Өзі болса, Еуразия одағының ештеңеге ықпалы жүрмейтін басшысы болатын шығар
Серікжан Мәмбетәлин

— Бұл Кәрім Мәсімов пен Дариға Назарбаеваның тандемі болады. Мәсімов ел премьері болып қалады, ал үлкен қызы президент болады. Жуырда Назарбаев биліктен кететінін ашық жариялайды. Өзі болса, Еуразия одағының ештеңеге ықпалы жүрмейтін басшысы болатын шығар, - деп болжайды Серікжан Мәмбеталин.

Мәмбеталиннің пікірінше, Дариға Назарбаева президент болса, билік сабақтастығын қамтамасыз етіп, мұнай контрактілеріне берілген кепілдіктерді сақтап қалады. Саясаттанушы «ал нақты билік бұрынғысынша премьер Кәрім Мәсімовтің қолында болады» деп болжайды.

Азаматтық белсенді Тоғжан Қизатова Ақорданың кешегі шешімін «елдегі жағдай Украинадағы сияқты астан-кестең болып кетпеуі үшін бәрін бұрынғы қалпында қалдырды» деп түсіндіреді.

Азаматтық белсенді Тоғжан Қизатова.
Азаматтық белсенді Тоғжан Қизатова.

— Меніңше, Назарбаев өз адамдарының ішінен біреуін мұрагер ретінде атауға әзір болған. Бірақ қазір - тым қиын кезең, Ресей тарапынан агрессиялық қауіп төнуі мүмкін. Сондықтан жағдайдың ушығып кетуінен қорқып, өтпелі кезеңді сәл шегере тұруды ұйғарды. Қазір халықаралық жағдай тым тұрақсыз болып тұр ғой, - дейді Тоғжан Қизатова.

2015 жылдың сәуірінде өткен кезектен тыс президент сайлауында Нұрсұлтан Назарбаев сайлаушылардың 97,75 пайыз даусын жинап, бесінші президенттік мерзімге қайта сайланды. 74 жастағы Назарбаев республиканы 1989 жылдан бері басқарып келеді. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары мұнайға бай елдің басшылығын «авторитарлық әдістермен басқарады, елді коррупция жайлаған, сөз бостандығын шектейді, биліктің қарсыластарын қудалайды» деп сынайды.

  • 16x9 Image

    Санат ОРЫН ӘЛИ

    Санат 2014 жылы қарашада Азаттықтың Батыс Қазақстандағы тілшісі ретінде қызметке кірісті. 2005 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Қызмет жолын "Уральская газета" басылымында бастаған. 2006-2014 жылдары Алматы мен Астанадағы түрлі БАҚ-тарда жарияланып тұрған.

XS
SM
MD
LG