Accessibility links

Билік не үшін дінмен және азаматтық қоғаммен айналыспақ?


«Әзірет Сұлтан» мешіті қақпасында тұрған мемлекеттік қызметкерлер. (Көрнекі сурет)

«Әзірет Сұлтан» мешіті қақпасында тұрған мемлекеттік қызметкерлер. (Көрнекі сурет)

Қазақстанның жаңарған үкіметінде дін істері мен азаматтық қоғам министрлігі ашылды. Азаттық кей саясаткерлер мен сарапшыларға «Мұндай министрліктің қажеті не?» деген сауал қойды.

Дін істері мен азаматтық қоғам министрлігін құру туралы президент жарлығы кеше қабылданып, Нұрлан Ермекбаев бірден басшысы болып тағайындалды. Ол бұған дейін президент көмекшісі - қауіпсіздік кеңесінің хатшысы болған. Бүгін Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев жаңа ведомство құру туралы шешімін түсіндіруге тырысты.

Ақмола облысына сапары кезінде ол «Дін істері мен азаматтық қоғам министрлігін құру – бүгіннің талабы... Бұл салада не болып жатқанын, не істеп, оны қалай басқару керектігін дұрыстап ұғып алуымыз қажет» деп мәлімдеді.

«НӘЗІК» МАТЕРИЯ

Дін істері мен азаматтық қоғам министрлігі әлі жұмысқа кіріскен жоқ, бірақ оның болашақ жұмысынан әлдебір нәтиже шығатынына қазірдің өзінде күмәнданатындар бар.

Қазақстан саясатының ардагері, сот тыйым салған оппозициялық коммунистік партияның бұрынғы жетекшісі Серікболсын Әбділдин күмәнін «президент Нұрсұлтан Назарбаев өзін тіпті жағымсыз салдарларға ұрындыруы мүмкін көрінеу жасанды әрекеттермен де жарнамалауға құмар» деп негіздейді. Әбділдин елде экстремизм проблемасының пайда болуын президент Назарбаевтың дінге қатысты саясатынан көреді.

- Өз қолымен құрған бұл проблеманы ол тым қауіпті топтар пайда болған дәрежеге дейін жеткізіп алды. Сондықтан қазір министрлік құрып жатыр. Ал оған азаматтық қоғамды қосып, былықтырудың еш қажеті жоқ. Ондай [азаматтық] қоғам құру оның ойында да болмаған. Диктатордың аты диктатор емес пе. Сондықтан халық пен шетелдік бақылаушылардың назарын аударып әкету үшін ол қазір алдамшы саясатқа басты, - дейді Әбділдин.

Алматының орталық мешітінің қақпасын Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев келген күні күзетіп тұрған арнайы жасақ сарбазы. (Көрнекі сурет)

Алматының орталық мешітінің қақпасын Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев келген күні күзетіп тұрған арнайы жасақ сарбазы. (Көрнекі сурет)

ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Нартай Дүтбаев дін сияқты идеология мәселелері -қоғамдық сананың жоғары деңгейі, сондықтан діни экстермизмді тойтару үшін бұл салада білікті кәсіпқойлардың шебер жұмысы қажет деп санайды. Бұған қоса, ол қазір өзекті мәселеге айналған діни экстремизммен күрес жаңа құрылған дін істері министрлігінде де, ҰҚК-іде де кешенді түрде жүргізілуі тиіс деп санайды.

Дүтбаевтың пайымдауынша, дін істері министрлігі де, ҰҚК де діни идеология сияқты нәзік «материяның» жаратылысын жақсы білуі тиіс әрі экстремизмнің алдын алу сияқты өз жұмысын дұрыс атқаратын білікті мамандарды іріктеп, даярлауы қажет. Бірақ ол дін істері мен азаматтық қоғам министрлігі шенеуніктері әміршіл-әкімшіл басқару тәсілдерінен бас тартады дегенге сенбейді.

- Түптеп келгенде, бәрі жаңа министрліктің қай бағытта жұмыс істейтініне байланысты болады. Егер ол діни бірлестіктерге қатысты қысымды күшейту үшін жұмыс істеуге кіріссе, меніңше, тағы бір сәтсіздікке ұрынады.

«ШТАБ» СИЯҚТЫ ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ

Журналист әрі құқық қорғаушы Сергей Дуванов дін істері мен азаматтық қоғам министрлігін құруды биліктің елдің қоғамдық-саяси өмірінде жандана бастаған қатерлерге назар аударуы деп санайды. Дувановтың пікірінше, қазіргі режим діни экстремизм мен азаматтық қоғамды, әсіресе оның негізгі бөлімшелерінің бірі - шетелден қаржыландырылатын қоғамдық ұйымдарды ең басты қатерлер деп түсінеді.

Дуванов жаңа құрылған министрлікті әскери тәртіпке барабар жүйемен жұмыс істеуі тиіс «штаб» деп атайды.

Жер реформасына қарсы шеруге қатысуға келген азаматты ұстап жатқан полицейлер. Алматы, 21 мамыр 2016 жыл.

Жер реформасына қарсы шеруге қатысуға келген азаматты ұстап жатқан полицейлер. Алматы, 21 мамыр 2016 жыл.

- Бұл қатерлерге қарсы жұмыстар бұрын да жүргізілген, бірақ оныменминистрліктердің түрлі бөлімшелері айналысқан. Ал қазір бүкіл жұмысты бір жерге, бірыңғай «штабқа» шоғырландырады. Яғни әлгі «штаб» бір жағынан діни экстремизммен, ал екінші жағынан Батыс елдері үлгісіндегі азат, еркін ойлауға қарсы күреседі. Қазір демократия, адам құқығы деген нәрселер саяси режим үшін «қатер» болып тұр, - дейді Сергей Дуванов.

Парламенттегі президентшіл Қазақстан коммунистік халықтық партиясы фракциясының жетекшісі Владислав Косарев те дін істері мен азаматтық қоғам министрлігін құру мақсатын осыған жуықтау түсінетін сияқты.

- Дін істері мен азаматтық қоғам министрлігі біріншіден, түрлі конфессиялардағы дін мәдениетінің даму тенденцияларын бақылап отыру үшін, ал екіншіден, діни ағымдар тарапынан мемлекеттік билікке қарсы астыртын әрекеттерге жол бермеу үшін құрылды. Ал мына министрлік азаматтық қоғам биліктің саясатына сәйкес болу үшін саяси партиялар мен саяси күштердің азаматтық қоғамға саяси ықпалын реттеп, халықты саяси және патриоттық тұрғыда тәрбиелейтін орта құрумен айналысатын шығар , - дейді Владислав Косарев.

Саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедов кейінгі айлардағы оқиғалар жалпы экстремизм проблемасын, оның ішінде діни экстремизм проблемасын ушықтырғаннан кейін осындай министрлік құру қажет болды деп санайды.

- Сондықтан осы мәселелермен айыналысатын жеке мемлекеттік орган құру қажет болды. Министрлікке дін істері ғана емес, азаматтық қоғамды қосақтауының өзі бұл саладаға мәселелер мен проблемаларды жүйелі шешуге көшкенін көрсетеді, - дейді Бөріхан Нұрмұхамедов.

Саясаттанушы кейінгі айлардағы оқиғалар деп Ақтөбе мен Алматыдағы қарулы шабуылдарды айтады, әлгі оқиғалардан кейін ҰҚК «террорист - радикал исламшылдардың бірнеше тобын ұстадық» деп мәлімдеген.

Президент жарлығына сәйкес, дін істері мен азаматтық қоғам министрлігі құзырына мәдениет және спорт министрлігінің діни бірлестіктермен өзара іс-қимыл, азаматтардың діни сенім бостандығы құқықтарын қамтамасыз ету, мемлекет пен азаматтық сектордың өзара іс-қимылы салаларындағы; ал білім және ғылым министрлігінің жастар саясаты саласындағы функциялары мен өкілеттіктері берілмек. Жаңа ведомство құру туралы шешім мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру мен оның тиімділігін арттыру мақсатында құрылғаны айтылады.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG