Accessibility links

Қазақстанның террорға қарсы жаңа стратегиясы


"Терроршыларға" қарсы арнайы операцияға келе жатқан әскерилер. Атырау, 21 қыркүйек 2012 жыл.
"Терроршыларға" қарсы арнайы операцияға келе жатқан әскерилер. Атырау, 21 қыркүйек 2012 жыл.

Eurasia Daily Monitor басылымы Қазақстанның террорға қарсы жаңа стратегиясы жасалғанын жазады. Ол бойынша, террормен күреске азаматтық қоғам өкілдері де қатысады.


«Қазақстанда ядролық отын қалдықтарының орналасуы террор қаупін ұлғайтады» деген пікір бар.

«АЗ БАЙЫТЫЛҒАН УРАНҒА ТЕРРОРШЫ ҚЫЗЫҚПАЙДЫ»

Мақала авторы Роджер МакДермоттың жазуынша, «Қазақстан ядролық отын банкін орналастыруға қауіп төндіретін террорлық әрекеттерге қарсы және ядролық отын қоймасын қорғау үшін барлық шараларды қолға алды. Дегенмен билік ел ішінде одан да ауқымды террор қаупі бар екенін ескертіп келеді».

Уран өндіретін Үлбі зауытында сақталып тұрған ядролық материалдар. Қазақстан, Өскемен.
Уран өндіретін Үлбі зауытында сақталып тұрған ядролық материалдар. Қазақстан, Өскемен.
Ал Қазақстанның сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов «Экспресс-К» газетіне берген сұхбатында «аз байытылған уран террористер қызығатындай материал емес» дейді.

Министр ядролық отын орналасатын Үлбі металлургия зауытында (Шығыс Қазақстан облысы – ред.) ядролық материалдарға бөгде адамның қолы жетпеуі үшін көпсатылы қорғаныс жүйесі қарастырылатынын да мәлімдеген.

БИЛІКТЕ ҮРЕЙІ БАСЫМ

Сарапшының жазуынша, «Қазақстанның ресми орындарында алдағы уақытта саяси бүліктер болуы мүмкін деген үрей басым. Бұл 2014 жылы НАТО әскерінің Ауғанстаннан кетуімен байланысты. Наурыздың 28-і күні Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) төрағасы Нұртай Әбіқаев Астанада өткен ТМД шекара қызметтері басшылары жиынында осындай болжам айтқан».

Әбіқаев «Аймақтағы тұрақтылыққа төнген қатердің ұлғаюы біздің күш біріктіруімізді қажет етеді. Әсіресе НАТО әскерінің Ауғанстаннан шығу қарсаңында аймақтағы террорлық және экстремистік ұйымдар белсенділігінің артуы алаңдатады» деген.

ПРЕЗИДЕНТТІҢ СЫНЫ, ҰҚК-НІҢ АҚТАЛУЫ

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметіне көңілі толмайтынын соңғы кездері жиі айтып келеді.

Оған себеп – 2011 жылдан бері ел ішінде террорлық қылмыстардың жиілеп кетуі. Президент 2012 жылғы шілдеде ел ішіндегі экстремистік және террорлық әрекеттермен күресті күшейту жөнінде тапсырма берген.
ҰҚК төрағасы Нұртай Әбіқаев Шымкент маңында ҰҚК шекара қызметі басшылары мінген ұшақтың қалай құлағанын айтып отыр. Шымкент, 26 желтоқсан 2012 жыл.
ҰҚК төрағасы Нұртай Әбіқаев Шымкент маңында ҰҚК шекара қызметі басшылары мінген ұшақтың қалай құлағанын айтып отыр. Шымкент, 26 желтоқсан 2012 жыл.

Назарбаев «Құқық қорғау органдарының, әсіресе ҰҚК-нің жұмысына көңілім толмайды. Біз қолға алған шаралар онша тиімді болып жатқан жоқ» деген еді. Ол төтенше оқиғаларға «постфактум жауап қайтарылатын» айтты.

ҰҚК-ге «Террорлық шабуылдардың алдын алып, оларды бақылап отыруға қауқарсыз» деген сын айтылды. Мекеме басшылығы комитет беделін қорғау үшін статистикалық мәліметтерге жүгінді. ҰҚК мәліметтеріне қарағанда, құқық қорғаушылар 2011 және 2012 жылдары 53 терактінің 35-ін болжап, алдын алған. Ол операциялардың барысында 42 экстремистік топтың әрекеті тоқтатылған («Интерфакс», 6 ақпан, 2013 жыл).

ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ ЕРЕКШЕ ЗАҢ

Автордың жазуынша, Назарбаев «нақты шараларды қолға алу» туралы айтқан соң, терроризмге қатысты заң қайта қаралған.

Роджер МакДермот «2013 жылы қаңтарда қабылданған «Терроризммен күрес туралы» заңда терроризмге анықтама берілген, онымен күрес туралы көзқарасты өзгертуге бағыттаған шаралар көрсетілген» деп жазады. Бұл құжатта ШЫҰ (Шанхай ынтымақтастық ұйымы - ред.) аясында террорға қарсы бірлесіп әрекет ету туралы да айтылған.

Автор «Халықаралық тәжірибеге сүйеніп дайындалған құжат мазмұны жағынан Орталық Азиядағы ерекше заң болып шықты» дейді. Оның ойынша, «Терроризммен күреске қатысты заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бұл құбылысқа қатысты дәстүрлі көзқарасты бұзған».

Қылмыстық топты тұтқындау операциясынан келе жатқан полицейлер. Атырау, 21 қыркүйек 2012 жыл.
Қылмыстық топты тұтқындау операциясынан келе жатқан полицейлер. Атырау, 21 қыркүйек 2012 жыл.
Бұл заң террормен күресті арнайы органдар мен қауіпсіздік күштерінің мойнына ғана артып қоймай, азаматтық қоғамға да міндеттер жүктейді. Заңда террордың қаупі, терроршылардың идеологиясын тарату және құрамына адам тарту әдістері туралы түрлі ақпараттық және үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу қарастырылған.

2012 жылғы қарашада Қазақстан парламенті террормен күрес тақырыбына халықаралық конференция өткізді. Онда халықаралық экстремистік ұйымдардың қатарына кірген Қазақстан азаматтарының көбейгені айтылды. Террормен күресе отырып әскери құрылымдарды шамадан тыс пайдаланбау керектігі де сөз болды.

ТЕРРОРМЕН КҮРЕСКЕ АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМ ДА ҚАТЫСАДЫ

Халықты құлақтандыру шараларының аясында террор қаупі туралы хабардар етіп отыратын сайт ашылды. Eurasia Daily Monitor басылымы «Бұл сайтта әзірге басқа дереккөздерден алынған танымдық мақсаттағы материалдар ғана бар. Халықтың күдікті адамдар жайлы ақпаратты қайда, қалай жеткізуіне болатыны жайлы мағлұмат аз» деп жазады.

Осы сайттағы мақалалардың бірінде Қазақстанның ұлттық қорғаныс университетінің профессоры Георгий Дубовцев «терроризм Қазақстанға әскери қатер төндіріп тұр» деген пікір айтқан. Оның ойынша, мұның алдын алу үшін Қазақстан басқа елдермен әскери-саяси ынтымақтастықты арттыруы қажет.

Eurasia Daily Monitor авторы Роджер МакДермот «Қазақстанның террорға қарсы стратегиясы - адам құқықтарын лайықты түрде қорғай алмай отырған бұл аймақтағы жаңалық. 2013 жылғы «Терроризммен күрес туралы» заң террормен күресті адам құқықтарымен байланыстырған қадам болды. Заң Қазақстан қоғамын радикалдандыруға тырысып жүрген террорлық ұйымдардың ауқымын тарылту мақсатында азаматтық қоғаммен қоян-қолтық жұмыс істеуді көздейді».

Автор мақаланы «Бірақ Қазақстандағы террорға қарсы шараларды іске асыру ішкі саяси наразылықтармен күресіп келе жатқан, әлі реформадан өтпеген ҰҚК қолында қалып отыр» деп аяқтаған.
XS
SM
MD
LG