Accessibility links

Жаңа жыл «корпоративінен» жұрт ақша аямайды


Жаңа жыл «корпоративі». (Көрнекі сурет)

Жаңа жыл «корпоративі». (Көрнекі сурет)

Орта және жоғары тап өкілі саналатын азаматтар корпоративтік кеш өткізуді Жаңа жылдың ажырамас атрибуты санайды. Кімнің сән-салтанаты асып түседі деген бәсеке де бар. Ал Алматы әкімдігі «корпоратив өткізбейтінін» мәлімдеді.

Татьяна Мұхтарова Алматыдағы «Массато» сауда орталығында жұмыс істейді. Оның айтуынша, биыл корпоративтік кешке алты мың теңгеденжинап, кафені небәрі екі сағатқа жалдаған. Татьяна Мұхтарова Азаттық тілшісіне

– Ешкімді ешкім мәжбүрлемейді, бірақ жұрт ұжымнан бөлінгісі келмейді. Екі-үш сағаттық отырыс ұжымды жақындастырады, әріптестер бірін-бірі тани түседі. Корпоративтік кештен қалмауға тырысамын, мен үшін ақша проблема емес, - дейді.

Алматыда корпоративтік кештер мекеменің қаржылық мүмкіндігі мен отырыс форматына қарай әртүрлі өтеді. Бай мекемелер қаланың «Ритц», «Анкара» сияқты қымбат отельдеріндегі мейрамханаларды жалдайды немесе «корпоративті» Маралсай, Түрген, Ақбұлақ демалыс орындарында өткізеді. Кейбір компаниялар шоу-қойылымдарсыз, дастархан жаюмен шектеледі.

Банк кассирі ақша санап отыр.

Банк кассирі ақша санап отыр.

Алматы қаласындағы банктердің бірінің қызметкері Азаттық тілшісіне «әркім шамасына қарай ақша қосты: банк басшылығы 25 мың теңге, орта буын қызметкерлері – 20 мың теңге, техникалық қызметкерлерден 10 мың теңгеден жиналды» дейді. Демек, әлгі банкирдің әріптестері Жаңа жыл мерекесін барынша думандатып тойлайтын сияқты.

– Жаңа жыл кешін біз ырду-дырдумен, думандатып өткізбегенде, кім өткізеді? Былтыр мафияның жиыны стилінде өткізгенбіз, биыл декорациялық пальма, теңіз ортасында - Африка стилінде өткізбекпіз. Мұндай қызық кеш жұртты баурап алады әрі сүйікті кейіпкеріңнің костюмін киіп, балалық шақты еске алудың өзі тамаша емес пе? - дейді Шәміл А.

Білім және медициналық мекеме қызметкерлерінің сауық-сайраны бұған қарағанда жұпынылау өтеді. Олар жаңа жыл кешіне 10 мың теңгеден қосылады.

Алматыдағы медицина колледжі алдындағы безендірілген шыршалар. 20 желтоқсан 2014 жыл.

Алматыдағы медицина колледжі алдындағы безендірілген шыршалар. 20 желтоқсан 2014 жыл.

Алматы қаласындағы педиатрия институты қызметкері Баян И. «биыл жұлдыздарды шақырмадық, есесіне аста-төк дастархан жайып, қой етінен әзірленген тағамдарға көбірек тапсырыс бердік» дейді.

Ал жеке меншік компания қызметкерлері мерекеден ақша аямайды. «Алтернатива» ЖШС директоры Сергей Каменский:

– Жаңа жылдық «корпоратив» - жұрт сарыла күтетін әрі ең маңызды мереке, ұжымды ұйыстырудың тамаша амалы. Қызметкерлер мәнсабына қарамастан өзара түсіністігін арттырады. Кеште өткен жылды қорытып, үздік қызметкерлерімізді марапаттаймыз, келесі жылдың міндеттерін белгілейміз. Биыл корпоративтік кешті қаладағы элиталық мейрамханалардың бірінде өткізбекпіз, - дейді.

Компания басшысы биыл мерекелік кешке 10 мың долларға жуық ақша жұмсауды жоспарлап отырғанын айтты. Оның екі мың доллары шоуменнің қызметіне төленеді, қалғаны фото-видео түсіруге, артистерді жалдауға және дастархан мәзіріне жұмсалмақ. Компанияда 23 адам жұмыс істейді.

Корпоративтік кештерді ұйымдастыру компаниясының директоры Төлеген Мәдиев Азаттық тілшісіне «Мерекелік шараны ұйымдастыратын event-агентттікті жалдау оңай емес, бірақ Алматының кейбір тұрғындарын тіпті қаржы тапшылығы да тоқтата алмайды» дейді.

Алматы әкімі Ахметжан Есімов синтезатор ойнап отыр.

Алматы әкімі Ахметжан Есімов синтезатор ойнап отыр.

– Көбі бізге күзден бастап тапсырыс беріп қояды. Девальвациядан кейін жұрт тимбилдинг, корпоративтік кештерден бас тартатын шығар деп ойлағанбыз, бірақ қателесіппіз. Жұрт қызық көргісі келеді, Жаңа жыл мерекесінен ешбір мекеме бас тартпайды. Бұл бізге де жақсы, жұмыссыз қалмаймыз, желтоқсанның соңғы 10 күні келесі үш айға жететіндей ақша тауып, жырғап қаламыз,- дейді Төлеген Мәдиев.

Бірақ биыл қала билігі көпшілікке ортақ ережеден бас тартқан сияқты. Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінің Азаттық тілшісіне хабарлауынша, әкімдік биыл корпоративтік кеш өткізуден ресми түрде бас тартқан. Бірақ шенеуніктер бірін-бірі арнайы тексермейді.

  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG