Accessibility links

Жаңа жылын басқа күні тойлайтындар бар


Алматыдағы Республика алаңындағы Жаңа жыл қарсаңындағы декорация. 20 желтоқсан 2014 жыл.

Алматыдағы Республика алаңындағы Жаңа жыл қарсаңындағы декорация. 20 желтоқсан 2014 жыл.

Қазіргі Қазақстанда жұртшылық Жаңа жылды тек 31 желтоқсанда ғана атап өтпейді. Елде бірнеше Жаңа жыл мерекесі бар деуге болады.

Бірер жыл бұрын дін жолына түскен алматылық Мейрамгүл Сарқұлова қазір Жаңа жыл мерекесінде дастархан жайып, қонақ күтпейді. Ол «бұл діни сеніміме қайшы» дейді. Мейрамгүлдің пікірінше, Жаңа жыл – христиандардың діни мерекесі.

Мейрамгүл «мұсылмандар күнтізбесінің христиандар күнтізбесінен айырмашылығы бар – ай күнтізбені қолданатын мұсылмандар жыл санауды Мұхаммед пайғамбардың Меккеден Мединаға қоныс аударған күннен бастайды. Ал христиандардың жыл санауы Иисус Христос пайғамбардың туған күнінен басталады. Христосты Құранда жазылғандай, «Иса пайғамбар» деп атаған Мейрамгүл «исламның негізгі мерекесі - Құрбан айт пен Ораза айт» дейді.

Мейрамгүл Сарқұлова теледидар қарап отыр.

Мейрамгүл Сарқұлова теледидар қарап отыр.

- Мұсылмандардың жаңа жылы хижраның ай күнтізбесінен басталады. Жаңа жылды мұсылмандар ерекше атап өтпейді. Бұл күні мешіттерде уағыздар оқылып, ислам дінін ұстанатын жандарға кешкісін ғибадата жасап, дұға оқу аманатталған, - дейді Мейрамгүл Сарқұлова.

Мейрамгүл сияқты ислам діні өкілдерінен бөлек, желтоқсанның 31-і күні Жаңа жылды Иегово куәгерлерінің көбі тойламайды. Азаттық тілшісі осы конфессия өкілі Александр Кулинскиймен әңгімелесті. «Діни оқу тыйым салған» деген уәжбен ол фотоға түсуден бас тартты.

- 31 желтоқсан - шіркеуге қатысы жоқ күн. Біздің қасиетті шіркеу бекіткен күнтізбе бойынша жаңа жыл бірінші қыркүйекте басталады. Тиісті құлшылық ету жоралары да осы күнге орайластырылады. Ал қыста мерекеленетін азаматтық жаңа жылдың шіркеу күнтізбесіне еш қатысы жоқ, бірақ оны І Петр патша Еуропаға еліктеп, Ресей салтына 1700 жылдан бастап енгізген, - дейді Александр Кулинский.

Александр Кулинский «Совет заманынан сақталып қалған Жаңа жыл мейрамын тойлау дәстүрі әуелі шіркеудің Рождество мерекесі орнына енгізілді. Большевиктер православие діні өкілдерінің Жаңа жылды қабылдауын дінге қарсы насихаттың жетістігі ретінде бағалады» дейді.

Қазақстандағы православие шіркеуінің қоғам мен шіркеудің өзара қатынасы жөніндегі бөлім төрағасы протоиерей Александр Суворов Азаттық тілшісінің «Жаңа жыл шынымен христиан діні мен совет үкіметінің ықпалымен енгізілген мереке ме?» деген сұрағына қатысты комментарий берді.

Алматыдағы Вознесенск шіркеуінің протоиерейі Александр Суворов.

Алматыдағы Вознесенск шіркеуінің протоиерейі Александр Суворов.

- Жаңа жыл – діни мейрам емес, православие дініне ешқандай қатысы жоқ мереке. Октябрь революциясынан кейін Рождество мерекесіне тыйым салынып, шырша мерекесін өткізуге Сталин 1936 жылы ғана рұқсат етті. Кейін біртіндеп Жаңа жыл мерекесіне ұласты. Жаңа жыл мерекесінің ажырамас нышаны болып саналатын рождестволық шыршаға қатысты бейтарап көзқарас ұстанамыз, бірақ бәріміз азаматтық қоғам мүшесіміз. Сондықтан Жаңа жыл – зайырлы сипаты бар мереке. Православие өкілдерінің ұстаған оразасы Рождество кезінде аяқталады. Биыл желтоқсанның 31-інен қаңтардың 1-іне қараған түні Алматыдағы Вознесенский шіркеуінде құлшылық ету рәсімін өткіземіз. Жыл ауысуын арақ-шарапқа масайып алып, бұзықтық жасамай өткізуге болады, кез келген мерекені артық ырду-дырдуға айналдыру күнә болып саналады, - дейді протоиерей Александр Суворов.

Тарих ғылымдарының докторы, теолог Гүлмайра Омарова Қазақстанда Жаңа жыл мейрамы отбасылық мерекеге айналып кеткен деп санайды. Оның айтуынша, Жаңа жылды әр адам діни нанымына қарай атап өтеді, бұл күнді мерекелеуге ешкім мәжбүрлемейді. Гүлмайра Омарова «Қазір діни ағым көп, Қазақстанда Жаңа жылды ғана емес, кейбір зайырлы құбылыстарды елемейтін діни азшылық өкілдері де бар. Мысалы, олар балаларына музыкамен шұғылдануға, екпе жасатуға, кешкі сағат жетіден кейін көшеге шығуға, қыздардың тізеден жоғары юбка киюіне рұқсат бермейді.

Петропавлдағы Наурыз мерекесі. 22 наурыз 2014 жыл.

Петропавлдағы Наурыз мерекесі. 22 наурыз 2014 жыл.

Қазақстанда күн мен түннің теңесетін күн - Наурызды тойлау дәстүрі өрістеп келеді. Шығыс халықтарының Наурыз мерекесі мұсылмандықты қабылдаудан көп бұрын пайда болған. Наурызды мол дастарханмен қарсы алған шаңырақта бір жыл бойы береке-молшылық болады деген наным бар.

Елдегі кейбір этникалық және діни азшылық өкілдері өз жаңа жылдарын жиі атап өтеді. Мысалы, Қазақстанның кейбір иудейлері Жаңа жылды иудей күнтізбесі бойынша қыркүйектің аяғында тойлайды. Мерекені рухани көсем зиратының басында қарсы алу жақсы ырым болып есептеледі. Олар Израильдегі Зәйтүн тауына барып, зиярат етеді. Биыл иудейлер 5775 Жаңа жылды атап өтеді.

Қазақстан кәрістері де өздерінің ұлттық салт-дәстүрлерін жаңғырта бастады. Олар Жаңа жыл мейрамы - Соллаль мерекесін ақпан айының басында қарсы алады. Кәріс отбасында Жаңа жылды мерекелеу рәсімдері ата-баба аруағына құрбандық шалу мен зиратына тағзым етуден басталады.

Қазір Қазақстанда 7 қаңтар – православие рождествосы, 21-23 наурыз – Наурыз мейрамы, Құрбан айттың алғашқы күні (биыл қазанның 4-іне сәйкес келді) мереке және демалыс күндері болып бекітілген.

  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG