Accessibility links

Халықтық күнтізбені жаңғырту қажет пе?


Жазушы Нұрмахан Оразбек құрастырған «Қазақ күнтізбесі» кітабының мұқабасы.
Жазушы Нұрмахан Оразбек құрастырған «Қазақ күнтізбесі» кітабының мұқабасы.

Қазақстанда кейбір зерттеушілер қолданыстағы григориан жыл санағынан бас тартып, күнтізбені қазақтың ертеден келе жатқан дәстүріне негіздеп қайта түзуді ұсынады. Ал қарсы пікір айтушылар әлемде орныққан бірыңғай уақыт өлшемінен ажырау күнделікті өмірде қиындық туғызатынын алға тартады.


«ҚАЗАҚ КҮНТІЗБЕСІНІҢ»ТАРИХЫ

Қолданыстағы жыл санау үлгісіне негізделген «Қазақ күнтізбесі» алғаш рет 1923 жылы Орынбор қаласынан «Қазақ календары» деген атпен жарық көрді. Кейін араға уақыт салып барып 1960 жылы қайта шықты.

«Тіпті министрлер кеңесінің шешімімен күнтізбе дайындау үшін 1959 жылы арнайы
«Қазақ күнтізбесін» құрастырған жазушы Нұрмахан Оразбек. Алматы, 30 желтоқсан 2010 жыл.
редакция құрылып, екі-үш жылдың көлемінде күнтізбенің жыл сайынғы таралымы 350 мың данаға жеткен. Осы редакцияның құрылуына баспасөздегі неге орыс тілінде күнтізбе бар да, қазақ тілінде жоқ дейтін пікірталас себепші болған», – дейді жазушы Нұрмахан Оразбек.

Ел есінде «жыртпалы календарь» деген атпен қалған бұл күнтізбе 1995 жылы бір жыл «демалысқа» шығып, келесі жылы қайта жарық көрген болатын. Бірақ бұл дәстүр 2008-2009 жылы тағы үзілген.

Мұның себебін Нұрмахан Оразбек былай түсіндіреді:

– Сол уақытқа дейін бұрынғы Совет Одағындағы күнтізбе шығаратын жалғыз баспа «Кострома баспа-полиграфия бірлестігімен» отырған шарттағы баспаханалық шығындар, тасымал ақысы, тағы да басқа кедергілер «Қазақ күнтізбесінің» 2008 және 2009 жылдары жарыққа шықпай қалуына себеп болды.

Ал 2010 жылға арналған күнтізбе бұрынғыдай жыртпалы емес, сырты қалың мұқабамен қапталған кітапша түрінде жарыққа шықты. 2011 жылға арналған «Қазақ күнтізбесі» үшін де осындай кітапша үлгісі сақталды. Таралымы – 10 мың дана.


«КҮНТІЗБЕНІ ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІНЕН БАСТАҒАН ДҰРЫС»

Күнтізбе зерттеушілердің бірі Марат Нәукенұлы «Байырғы қазақтың күн, ай, жыл қайыруда өз есебі бар», – дейді. Оның пайымдауынша, халықтың шаруашылық тәжірибесінен өтіп, тұрмыс-тіршілігінің көзіне айналған бұл күнтізбенің қазіргі күнтізбеден айырмасы жер мен көктей.

– Мәселен, қазақ о баста наурызды «бірдің айы» деп атады, – дейді ол. – Яғни жылдың басы – бірінші айы. Ел ішінде айтылатын «ұзынсары» мен «бес қонақтың» да өзіндік мәні бар. Күн мен түн 21 наурызда теңелетінін, жаңа жылдың да осы күннен басталатынын ойға түйе отырып, әр күнді қазақша отыз күнмен санап 12 айға көбейтсек, 360 күн. Бүгінгі есеппен салыстырғанда – бес күн кемдік. Бұл – кемшілік емес, біз айтып отырған «бес қонақ», – дейді зерттеуші.

Марат Нәукенұлының айтуынша, күн мен түннің наурыздың 22-іне қараған түні теңелетінін ескере келгенде жаңа күн, жаңа жыл наурыздың 22-інен бастап саналмақ. «Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер тұсымен дөп келетін осы кезеңді қазақ тұтасымен «ұзын сары» деп атаған. Сондықтан да күнтізбені ежелгі қазақтың есебі бойынша ұлыстың ұлы күнінен бастаған дұрыс», – дейді ол.


«БҮГІНГІ КҮНТІЗБЕНІҢ РЕТСІЗДІГІ»

Жазушы Нұрмахан Оразбектің «Қазақ күнтізбесін» құрастырып, жарыққа шығарып келе жатқанына екі жыл болды. Ол күнтізбені Наурыз мерекесінен бастауды теріс көрмейтінін айтады.

«Бұл мәселе мемлекеттің саясатына байланысты болмақ. Егер де үкімет шешім шығарып, «біз мына григориан күнтізбесінен бас тартамыз, жыл санағын өзіміздің халықтық
Шығыстанушы ғалым Әшірбек Мүмінов (оң жақта). Алматы, 15 қараша.2010 жыл.
күнтізбесінен, немесе хижра жыл санауынан бастаймыз» дейтін болса, оны да жасап шығару қиын емес», – дейді Нұрмахан Оразбек.

Бірақ бұндай пікірмен шығыстанушы ғалым Әшірбек Мүмінов келіспейді. «Хижра күнтізбесі біз қалыптасқан жүйеге тура келмейді. Өйткені жылына он бір күн кеміп отырады», – деп атап көрсетеді.

Ғалымның айтуынша, бұл күнтізбені Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының жүйесі деңгейінде ғана қолдануға болады. «Ал зайырлы қоғамда оның қажеті жоқ», – дейді ол.

Ал Марат Нәукенұлы қазіргі қолданыстағы григориан күнтізбесінің тағы бір кемшін тұсы барын айтады.

«Бүгінгі күнтізбенің ретсіздігіне қатысты қарапайым бір дәлел: міне, енді жаңа қоян жылын қарсы аламыз. Алайда тұтас бір мезгілдің алғашқы айы ғана аяқталды. Нақтылап айтсақ, қыстың қаңтар, ақпан айлары жаңа жылдың еншісінде де, желтоқсан айы кеткен жылман бірге үзіліп қалды. Мезгіл аяқталмай жаңа жылдың басталып кетуі есепке де, қисынға да келмейді», – деген уәж келтіреді.
XS
SM
MD
LG