Accessibility links

Мектепте Жаңа жылға ақша жинау көбейді


Алматы балабақшаларының біріндегі Жаңа жыл шыршасы мерекесі. (Көрнекі сурет)

Алматы балабақшаларының біріндегі Жаңа жыл шыршасы мерекесі. (Көрнекі сурет)

Желтоқсанның соңында бүкіл мектеп, балабақшаларда жаңажылдық шырша мерекесі өтеді. Азаттық тілшісі елдің ең қымбат қаласының бірі Алматыда ата-аналар осы мерекеге қанша ақша жұмсайтынын анықтап көрді.

Алматыда тұратын Сәрсеновтер отбасындағы төрт баланың бірі балабақшаға барады, үшеуі мектепте оқиды. Ата-аналарының айтуынша, көп балалы отбасы жаңа жылдық мерекеге 25 мың теңге өткізген.

- Қызым Сәбина балабақшаға барады. Балаларға, тәрбиеші мен балабақша меңгерушісіне сыйлық сатып алуға екі мың теңгеден жинадық. Ата-аналардың кейбірі наразы болды, бірақ ақша өткізді. Шырша мерекесін видеоға түсіруге бір мың теңгеден бердік. Қызыма тиіннің костюмін бес мың теңгеге сатып алдық, - дейді төрт баланың анасы Жәния Сәрсенова.

Оның айтуынша, ұлы оқитын бірінші сыныпта әртістердің мерекелік қойылымынаәр оқушыдан 400 теңге жинаған. Ал мектеп шыршасын безендіруге оқушылардан екі мың теңгеден алған. Үшінші сыныпта оқитын ұлы үшін де бұл отбасы 2 мың 400 теңге өткізген. Жәния Сәрсенова «бірақ оқу жылы аяғына дейін жетеді деп, жыл басында мектеп қорына бес мың теңгеден жинап алып еді» деп қынжылады.

Ал жоғары сыныпта оқитын қызы мұғалімге сыйлық пен мерекелік кеш үшін әке-шешесінен 10 мың теңге сұраған.

Жәния мен Баймұрат Сәрсеновтер. Алматы, 21 желтоқсан 2014 жыл.

Жәния мен Баймұрат Сәрсеновтер. Алматы, 21 желтоқсан 2014 жыл.

- Осындай алым-салық, ақша жинау қашан бітеді екен, мектеп басшылығы қайда қарап отыр? Бір сыныпта 25 бала оқиды, мектепте бес бірінші сынып бар, енді өзіңіз санай беріңіз. Әртістерді Америкадан шақырған жоқ, әр баладан 200 теңгеден жинаса да жетер еді ғой. Оның үстіне, ата-аналар комитеті мектеп қорынан әр мұғалімге 10 мың теңгеден береміз деп ұйғарыпты, - дейді Жәния Сәрсенова.

Бұл проблема ата-аналарды ғана мазаламайтын сияқты. Алматы қаласындағы орта мектептердің бірінің аты-жөнін атамауды өтінген Ж. есімді бастауыш сынып мұғалімі Азаттық тілшісіне «Мектеп, балабақшаларда Жаңа жыл шыршасы тегін өтуі тиіс, бірақ жылда ақша жинайды. Әртістерді жалдамай-ақ, үйірмеге қатысатын балалардың өздері өнер көрсетсе болады ғой» дейді.

Алматы қаласындағы тағы бір мектептің мұғалімі ақша жинауды директор міндеттеп қойғанын, ал мұғалімдер оның бұйрығын ғана орындайтынын айтады. Наталья С. «Ата-аналардың ақша жинауға көнуден басқа шарасы жоқ. Жиналатын ақша көлемі жыл сайын көбейіп келеді, мұны ешкім тоқтата алар емес» дейді.

- Бұл - жыл сайын қайталанатын жағдай. Меңгерушіге сыйлық сатып алуға әр баладан 500 теңгеден жинайды, ал менің тобымда 27 бала бар. Менің тобымнан ғана 13 мың 500 теңге жиналады, ал балабақшада осындай 12 топ бар. Қарсы шықсаң, меңгерушінің қырына ілігесің. Әрине, ата-аналардың мерекелік қойылымға қатысудан бас тартуына болады, бірақ мына жүйеге ештеңе істей алмайсың, - дейді балабақша тәрбиешісі Әсия С.

Азаттық тілшісінің «Мектептерде жаңа жыл мерекесін өткізу үшін оқушылардан ақша жинау әрекеттеріне қатысты тексеру жүргізіле ме? Әкімдіктің сыйлықтары қалай бөлінеді?» деген сұрақтарына Алматы қаласы білім басқармасының мектеп бөлімі «Сұрақтарыңызды жазбаша жолдаңыз, қала бюджетінен қай мектепке қанша ақша бөлінгенін нақты көрсетіп, толық ақпарат береміз» деп жауап берді.

  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG