Accessibility links

Нәрестені қоқыс жәшігіне тастатпау амалдары


Дәрігер балаға вакцина салып жатыр. (Көрнекі сурет)

Дәрігер балаға вакцина салып жатыр. (Көрнекі сурет)

Қазақстанда жас әйелдердің нәрестесін қоқыс жәшігіне тастап кетуі жиілеп барады. Мұндай фактілерді азайту үшін заңды қатайту керек пе, әлде Еуропада Baby Box аталған арнайы қорап орнату қажет пе?

Жеті жасар Әсетті анасы туа сала ауладағы қоқыс жәшігіне тастап кеткен. Қазір ол Алматыдағы балалар үйінің бірінде тұрады. Әсеттің тәрбиешісі Салтанат Жаубаеваның айтуынша, оны қоқыс жәшігінен аула сыпырушысы тауып алған.

– 2007 жылдың жазында Әсетті Алматыдағы аулалардың біріндегі аула тазалаушы ер адам қоқыс жәшігінің ішінде пакетке оралған күйінде тауып алған. Бірден жедел жәрдем шақырып, дәрігерлер баланы аман алып қалды. Дені сау, денсаулығында еш ақау жоқ. Жеті жылдан бері менің тобымда. Әсет деген атты да өзіміз қойдық. Сабағы да жақсы. Баланың анасын да, әкесін де білмейміз. Әсет анасының қоқыс жәшігіне тастап кеткенін әлі білмейді. Ата-анам қайтыс болды деп ойлайды, – дейді тәрбиеші.

Әсет қазір мектепте оқиды. Сурет салып, ермексаздан түрлі мүсіндер жасағанды ұнатады.

«АЛИМЕНТ ТӨЛЕТУ КЕРЕК»

Қазақстанда соңғы уақытта жаңа туған балаларды қоқыс жәшігіне тастап кету оқиғалары жиі тіркеле бастады. Биылғы жаз айларында осындай оннан астам оқиға тіркеліп, тамыз айында ғана төрт баланы қоқыс жәшігіне, аулаға тастап кетуге қатысты қылмыстық іс қозғалған.

Тараз қалалық ІІБ мәліметіне сүйенсек биыл қала сыртындағы тас жолдардың бірінен қапқа салынған бес айлық бала табылған. Жолаушылардың бірі баланы тауып алып, ауруханаға апарған. Сәби қаладағы жетімдер үйінің біріне өткізіліпті.

Жамбыл облысы Жолдала кентіндегі қоқыс жәшігінде қапқа салынған күйі табылған тағы бір үш айлық баланы дәрігерлер аман алып қалған. Жергілікті полиция нәрестенің 23 жастағы анасын тауып, оны ата-ана құқығынан айырғанын хабарлады.

Бірақ көптеген жағдайда қоқыс жәшігіне тасталған балалар түрлі себеппен шетінеп кетіп жатады. Мұндай сәбилердің өлім-жітімі туралы нақты ресми дерек жоқ.

Көше сыпырушылар. Алматы, 23 қыркүйек 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Көше сыпырушылар. Алматы, 23 қыркүйек 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Білім және ғылым министрі балалар құқығын қорғау комитеті директорының орынбасары Бақыт Әлібаева қоқысқа тасталған балалардың санын азайту үшін түрлі шаралар ұйымдастырылып жатқанын айтады.

– Анасы қоқыс жәшігіне тастап кеткен балаларды жергілікті ішкі істер басқармасы мен денсаулық сақтау басқармасы тегін емдеп, балалар үйіне орналастырады. Тастанды балалардың санын азайту үшін жас аналарға, үйленбей жатып жүкті болып қалған әйелдерге түрлі психологиялық орталықтар көмек көрсетіп жатыр. Үкіметтік емес ұйымдар консультативтік кеңестер жүргізеді. Жалғызбасты аналарға мемлекеттік көмек қарастырылған, – дейді комитет өкілі.

Отбасылық психолог Аруна Ахметова баласын тастап кеткен адамдарды «ата-аналық құқықтан ғана айыру жеткіліксіз» деп ойлайды.

– Әкімшілік жазаға тарту керек деп ойлаймын. Болмаса бала кәмелеттік жасқа толғанша анасына алимент төлету қажет. Сонда тастанды баланың саны азайып, жаңа туған сәбиді қоқысқа тастай салу сияқты оқиғалар сәл де болса азаяды, – дейді маман.

Білім және ғылым министрі дерегіне сүйенсек, Қазақстанда барлығы 150-ден астам балалар үйі бар. 34 мың жетім баланың 11 мыңы балалар үйінде тәрбиеленіп жатыр.

BABY BOX

Еуропа елдерінде тастанды нәрестелерді аман алып қалу үшін медициналық мекемелердің көшеге қараған қабырғаларында Baby Box аталып кеткен қабылдап алу жәшіктері орнатылған. Нәрестесінен бас тартқысы келген ата- Ғимараттың сыртында тұрған Baby Box. Прага, 1 маусым 2010 жыл.

Ғимараттың сыртында тұрған Baby Box. Прага, 1 маусым 2010 жыл.

аналар баласын осындай жәшік ішіне тастап кетеді. Ал тастанды бала бірден күтушінің қолына түсіп, аман қалады.

Мұндай шыны жәшік алғаш рет 2000 жылы Германияның Гамбург қаласында пайда болған. Baby Box жәшіктері Чехия, Латвия, Венгрия, Австрия, ОАР, Бельгия, Словакия, Жапония және Швецияда қолданылады. Ресейде мұндай жәшіктер 2011 жылы орнатыла бастады.

АҚШ-тың Техас, Пенсильвания, Флорида штаттарында баласынан бас тартқысы келген ана нәрестесін кез-келген аурухана, полиция бөлімшесі, өрт сөндіру мекемесіне тастап кете алады.

Білім және ғылым министрлігі балалар құқығын қорғау комитеті директорының орынбасары Бақыт Әлібаева Қазақстанда Baby Box орнату туралы жоспар жоқ екенін айтады.

Бірақ әзірше баланы қоқыс жәшігінде қалдыру оқиғаларын азайтудың тәсілі де табылған жоқ. Білім және ғылым министрлігінің дерегі бойынша Қазақстандағы 34 мың жетім баланың көпшілігі – тастандылар. Елдегі 10 жетімнің 8-і осындай жолмен балалар үйіне түскен.

TIMELINE: Қазақстанда 2013 жылы наурыз-тамыз айларында баланы қоқыс жәшігіне тастап кету оқиғалары
(облыстық және қалалық ішкі істер басқармаларының деректері бойынша)

  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG