Accessibility links

"Республиканы" құртуға қосылған диірмен дөңгелегінің алдынан жүздеген мың долларлық облигациялар шықты


«Республика-деловое обозрение» газетінің бас редакторы Гузяль Байдалинова. Алматы, 29 қыркүйек, 2009 жыл.

«Республика-деловое обозрение» газетінің бас редакторы Гузяль Байдалинова. Алматы, 29 қыркүйек, 2009 жыл.

Оппозициялық "Республика" газеті салынған айыппұлды төлеп, есеп айырысу үшін БТА Банк күтпеген тосын қадамға барды. Сөйтіп қолайға жақпаған басылымдарды жауып құтылудың ескі әдісі оппозицияның жаңа тәсіліне тірелді.

«Республика- деловое обозрение» газетінің өкілдері 29 қыркүйек күні Алматыда баспасөз-мәслихатын өткізді. Мәселенің мәнісі газет БТА Банкке, апелляциялық инстанцияның шешімін күтпестен, "жала жауып, моралдық және материалдық шығын келтірді" деген айып бойынша салынған қомақты айыппұл қаржысын төлемек ниетте деп алдын ала берілген ақпаратта еді. Бұл қаржыны олар БТА Банктің өзінің облигациясымен өтеуді жоспарлап отыр екен.

"БТА ЕУРОБОНДТЫ АЛМАСА, АНГЛИЯ СОТЫНА ШАҒЫМДАНАМЫЗ"


Бас редактор Гузяль Байдалинованың айтуынша, газеттің меншік иесі - «DPA» ЖШС-нің құрылтайшысы мен өзінің иелігінде әрқайсысы 133 мың АҚШ долларына бағаланатын халықаралық облигациялар бар. Басылымның ендігіде жарық көруі үшін аталған соманы беруден басқа амал жоқ, алайда бұл біздің өз кінәмізді мойындағанымыз емес дейді бас редактор.

- Бұл ақшаны бермеске амал жоқ. Өйткені қалай болса да біз газетімізді шығаруымыз керек. Қандай атпен болса да біздің басылым жарыққа шығуы керек. Соңғы уақыттары біздің басылымымызға қатысты орын алып жатқан қудалаулардың куәсі болдыңыздар. «Комета S» баспаханасы жабылып қалғандықтан, қазір басқа баспахана іздестіріп жатырмын. Алайда келісім беріп жатқандары жоқ, – дейді Г. Байдалинова.

Осылай деген бас редактор құнды қағаздардың қаншаға сатып алынғаны коммерциялық құпия екендігін тілге тиек етті, бірақ ол бұл құпияны БТА Банк бағалы қағаздарды қабылдап алған жағдайда ғана жариялауға уәде берді. Егер банк құнды қағаздармен есеп айырыспайтын болса, ЖШС құрылтайшысы мен Гузяль Байдалинова банкті банкрот деп тану жөнінде Қазақстан сотына, одан оң нәтиже шықпаған жағдайда Англия сотына шағымданбақ.

- Халықаралық облигациялар эмиссиясында көрсетілгендей, БТА Банк акционерлік қоғамы эмитент міндеттемесіне сәйкес облигацияны ұстаушылар алдында кепілдік беруші болып саналады. Осыған сәйкес, банк өзіне тиесілі қаржыны еуробондттармен қабылдай алады. Алайда егер қандай да бір себептермен олай етпесе, онда Англия сотына шағымдануға құқымыз бар. Өйткені аталған құжатта еуробондтарға және оған қатысты кепілдемелер ағылшын заңнамасы аясында қаралатындығы көрсетілген, – дейді заңгер Сергей Уткин.

Егер бұл іс насырға шауып Британия соты БТА Банкіне қатысты істі қарайтын болса, онда ол халықаралық қаржы нарығында банкке жақсы атақ алып келмесі анық дейді басылым өкілдері.

БАНКТІҢ КӨЗДЕГЕН МАҚСАТЫ ОСЫДАН КЕЙІН БЕЛГІЛІ БОЛМАҚ

Заңгер Сергей Уткиннің айтуынша, күні банкке айыппұл төлемін қабыл алу үшін ескерту қағаз жіберілген. Банктің ендігі қадамы – оның газетке қатысты көзқарасын білдірмек.
"Республика" газетінің заңгері Сергей Уткин. Алматы, 29 қыркүйек, 2009 жыл.


- Егер мәселенің барлығы осы ақшаға келіп тірелген болса, онда Банк бұл облигацияны қабылдауы тиіс болады. Ал егер банктің көздегені басылымды жабу болса, онда ол әрине түрлі сылтаулар айтып, біздің ұсынысты қабылдамауы мүмкін – дейді заңгер.

БТА Банк өзіне тиесілі қаржыны еуробондпен қабыл ала ма, әлде алмай ма әзірге белгісіз. Өйткені біз бұл сұраққа жауап беретін банк өкілін таба алмадық.

Бұдан бұрын "Республика" басылымының басшылары бұл іске Кәрім Мәсімовтің қатысы бар деп мәлімдеген болатын.

Газеттің бас редакторының орынбасары Оксана Макушина бұл процеске премьер министрдің тікелей қатысы барлығын мәлімдеп:

«Біздің көзқарасымыз бойынша, бұл процесс банктің беделіне нұқсан келтіреді. Біздің пікірімізше, бұл процеске тапсырыс беруші БТА банк емес. Мен не себепті тапсырыс беру туралы айтып тұрмын? Сот біздің дәлелдерімізді толығымен жоққа шығарып, банктің шағымын алғашқы түпнұсқа қалпында еш өзгертпей қанағаттандыра салды. БТА банктің артында мемлекет яғни, «Самұрық-Қазынаны» бақылайтын Кәрім Мәсімов тұрғандықтан, оны біздің басылым тарапынан айтылған сындар әбден шаршатқан болар. Алдағы сот процестері де бұрынғыларын қайталауы мүмкін. Бірақ біз заңды сыйлайтын азаматтар ретінде барлық инстанциядан өтеміз», — деп атап көрсеткен еді.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, осы жылдың шілде айынан бері жалғасып келе жатқан «Республика» газеті мен БТА банкі арасындағы сот процесі қыркүйектің 9-ында аяқталған-ды.

2009 жылдың 6 -наурызында «Республика» газетінің 8-санында жарық көрген Мұхамеджан Әділовтің «Хрен редьки не слаще» атты мақаласы банктің 6 миллиард 770 мың теңге депозитінен және клиенттерінен айырылып қалуына тікелей әсер етті деп, сотқа шағым түсірген БТА банктің пайдасына шешім шығарған сот «Республика» газетін 60 миллион теңге айыппұл (400 мың АҚШ доллары шамасында) төлеуге міндеттеген болатын.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG