Accessibility links

«Ассанди-Таймс» газетін соттың жапқаны хабарланды


«Ассанди-Таймс» газетінің редакциясы. Алматы, 2 сәуір 2014 жыл.

«Ассанди-Таймс» газетінің редакциясы. Алматы, 2 сәуір 2014 жыл.

Сәуірдің 2-сі күні Алматы қалалық сот актілерін орындау департаменті өкілдері «Ассанди-Таймс» редакциясына газеттің сот шешімі арқылы жабылғанын хабарлады.

Редакция өкілдерінің айтуынша, сәуірдің 2-сі күні түске қарай редакцияға баса-көктеп кірген сот орындаушылары журналистердің кеңседен шығуын талап етіп, есікке мөр басатындарын айтқан.

СЫРТТАЙ ШЫҚҚАН СОТ ҮКІМІ

Сот орындаушылары журналистерге Медеу аудандық сотында сәуірдің 1-і күні осы аудан прокурорының шағымы негізінде газетке қатысты сот өткенін, «Ассанди-Таймс» газетін жабу туралы үкім шыққанын айтқан.

Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры «Ассанди-Таймс» газетінің 2012 жылдың аяғында сот шешімімен «экстремистік біртұтас БАҚ» ретінде танылып, жабылған 28 БАҚ-тың қатарына жатқызылғанын хабарлады. Олардың арасында «K-плюс» телеарнасы мен «Республика» газеті сияқты оппозициялық баспасөз құралдары болған еді.

Редакция өкілдері ондай соттың болғанынан бейхабар екенін, қазір мән-жайды анықтауға тырысып жатқанын айтады. «Ассанди-Таймс» газетінің журналисі Оксана Макушина Азаттық тілшісіне:

- Олар әуелі кеңсеге мөр баспақшы болды. Біз шешімге қатысты қайта шағымдануға 15 күн бар екенін ескерткеннен кейін ғана райларынан қайтты. Қазір олар көрсеткен құжаттармен танысып, мән-жайды анықтауға тырысып жатырмыз. Тіпті сот шешімі де жоқ. Сондықтан мәселе мүлде түсініксіз. Заңгерлермен кеңесіп, әрі қарай не істейтінімізді анықтаймыз, - деді.

Оның айтуынша, редакция өкілдері ешқандай сотқа қатыспаған.

- Біз газеттің жұмысын осы аптада тоқтатуға мәжбүр болатын шығармыз, - дейді Оксана Макушина.

Редакция өкілдері сот орындаушыларының бастапқы кезде өздерін таныстырмай, дөрекілік жасағандарын айтады.

ВИДЕО: Басылым қызметкері Нәзира Дәрімбет газетті жабу әрекеті жайлы айтып отыр
«СОТҚА ШАҚЫРДЫҚ, КЕЛМЕДІ»

​Ал өзін Алмас Елтоков деп таныстырған сот орындаушысы Азаттық тілшісіне сәуірдің 1-і күні шыққан сот шешімі негізінде қаладағы киоскілерден «Ассанди-Таймс» газеті жиналып жатқанын хабарлады. Ол сәуірдің 2-сі күні кешке қарай газет редакциясы мөр басылып, жабылатынын айтады.

- Біз бірнеше мәрте редакцияға сотқа шақырту бердік. Бірақ олар келген жоқ. Сәуірдің 1-і күні судья Тәжіхановтың төрелік етуімен газетке қатысты сот өтіп, газетті жабу туралы шешім шықты. Олар сот шешіміне сайт газеттің 7 мыңдық тиражын таратпауы керек еді. Біз қазір жинап жүрміз, - деді Алмас Елтоков.

"Ассанди-Таймс" газетін жабу туралы сот қаулысы деп интернетке жарияланған құжаттың суреті.

"Ассанди-Таймс" газетін жабу туралы сот қаулысы деп интернетке жарияланған құжаттың суреті.

Ал сот орындаушылары редакцияға көрсетті деген құжаттар интернетте жарияланды. Ол құжатта басылымның жұмысы тоқтатылатыны айтылған.

Қазақстанда 2000 жылдардың басында шыға бастаған тәуелсіз «Ассанди-Таймс» басылымы жабылып қалып, 2013 жылдан бастап жұмысын қайта жаңғыртқан. Газеттің тиражы - 7 мың 500 дана. Редакцияның онға жуық қызметкері бар.

2012 жылдың аяғы мен 2013 жылдың басында «K-плюс» телеарнасы мен «Республика» газеті бастаған 28 БАҚ сот шешімімен «экстремистік біртұтас БАҚ» ретінде танылып, барлығы жабылған еді. Өткен жылдың аяғында Қазақстан жоғарғы соты қызметіне тыйым салынған БАҚ өкілдерінің шағымын қанағаттандырмай тастаған.

Бұдан соң бірқатар оппозициялық басылым өкілдері ақпарат таратудың балама жолдарын іздеп, қатты қыспаққа қарамастан жұмыстарын жалғастырды.

Қазақстанда кейбір бақылаушылар «экстремистік біртұтас БАҚ» ісін оппозициялық тұлға - Мұхтар Әблязовпен байланыстырып, журналистерге жасалған қысым мен қуғынды Әблязов пен билік арасындағы саяси қақтығыстан көреді.

Қазақстандағы тәуелсіз БАҚ-қа жасалатын қысымды халықаралық ұйымдар да сынап келеді. Мәселен, «Шекарасыз тілшілер» ұйымының 2014 жылы ақпан айында жариялаған баяндамасында Қазақстан былтырғы индекспен салыстырғанда бір позиция төмен түсіп, 161-орынды иеленген.

​Қазақстанды бұл ұйым «тіс батпайтын» елдер қатарына жатқызады. Халықаралық ұйым «тіс батпайтын» елдер қатарында Қазақстанмен бірге Түркіменстан, Өзбекстан (166-орын) және Әзербайжанды (160-орын) атайды. Баяндама авторлары «Бұл елдер - сөз еркіндігі ең көп шектелетін, бірақ мұнай мен газдың бай қорының арқасында халықаралық қоғамдастық қысымына онша көп түсе бермейтін пост-советтік республикалар. Баспасөзі қатаң қадағаланатын, ал билікке бағынғысы келмеген журналистерін түрмеге қамайтын бұл елдердің үкіметтері өздеріне ешкімнің қысымы әсер етпейтіндей сезінеді» деп сипаттаған.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG