Accessibility links

Үзілістен кейін “Вечерняя Караганда” газеті қайта шықты, ал ақпарат кеңістігінен ойып орын алу үшін күресу керек


"Вечерняя Караганда" газетінің бас редакторы Ерлан Жетесов, Қарағанды, сәуір, 2009 жыл.

"Вечерняя Караганда" газетінің бас редакторы Ерлан Жетесов, Қарағанды, сәуір, 2009 жыл.

“Вечерняя Караганда” газетінің дағдарысқа байланысты болған үзілісінен кейінгі алғаш нөмірі оқырмандар қолына тигенімен, қауышу ұзаққа бармайтын тәрізді. Басылым басшылығының айтуынша “Вечерняя Караганданың” аяғына тұсау болып отырған әділетсіз бәсекелестік. Ал бәсекелестер болса газет осындай шу туғызу арқылы газет өзін жарнамалауға тырысуда дейді.

-Қазір газет айналасында болып жатқан оқиғаларды әділ бәсекеге жатқызуға болмайды. Біздің газетімізден оқырмандар бас тартып отырған жоқ, керісінше олар редакцияға қоңырау шалып: “газет қашан шығады? ” деп сұрайды, ал бәсекелестеріміз жолымызды қиып отыр,- дейді. “Вечерняя Караганда” газетінің редакторы Ерлан Жетенов.

Газет тиражы үлкен болмаса да, оның тұрақты аудиториясы қалыптасып үлгерген дейді басылым басшылығы. Қаржылық қиындықтардың себебімен “Вечерняя Караганда” біраз уақыт жарық көрмей қалған болатын. Жақында газеттің үзілістен кейінгі алғашқы бірер саны жарық көрді. Қазір екінші саны баспаға дайындалуда. Алайда Ерлан Жетеновтың айтуынша егер жағдай түзелмесе, газет қайтадан жабылуы да мүмкін. Себебі көтерме сауда нүктелері иелерінің көбісі газетті сатып алудан бас тартып отыр.

Ерлан Жетеновтың айтуынша, кейбір көтерме сауда иелері дағдарып, не істерлерін білмей отыр:

“Новый вестник” пен “Авиатрек” өкілдері оларға егер “Вечерканы” алатын болсандар, біз өзіміздің газеттерімізді сендерге сатуға бермейміз” дейтін көрінеді. Біздің газетіміздің тиражы аздау, сондықтан көтерме саудамен айналысатындар, мысалға, біздің газетіміздің 500-ін , “Вестниктің” 1000-ын сататын болса, әрине олардан бас тартқанша бізден бас тартады.
"Әлемсөз"ЖШС-нің менеджері Руслан Әкімбаев. Қарағанды, сәуір,2009 жыл.


Дегенмен барлық көтерме саудамен айналысушылар “Вечеркадан” бас тартқан жоқ. Кейбір кәсіпкерлер мұндай әділетсіз бәсекеге наразылығын білдіруде екен:

-Маған жасалынған ұсыныстан мен бас тарттым. Себебі менің ойымша бұл дұрыс емес. Менен “Вечерняя Карагандаға” жұмыс істетпеуімді сұрады. Бұл әділетсіз деп ойлаймын, үлкен, қаржылық жағдайы тұрақты газеттердің, кішірек басылымдарға осындай қысым жасауы дұрыс емес,-дейді «Әлемсөз» ЖШС менеджері Руслан Әкімбаев.

Азаттықтың тілшісіне Қарағандыдағы «Новый Вестник» газетінің атқарушы директоры Виталий Федосенко былай дейді:

- «Вечерняя Караганда» газеті дағдарыстың әсерінен болған ішкі проблемаларының салдарынан көптен бері газеттерін шығара алмады. Жақында оның осы айдың басынан бергі алғашқы нөмірі шықты деп естідім. Араға уақыт салып қайта шыққан басылымды бірі білсе – бірі біле бермеуі мүмкін. Сондықтан газет басшылығы мынандай қулыққа барып отыр. Ол - айналасында осындай дау тудыру арқылы газеттерінің пиар компаниясын бастау. Сіздер оларға тегін жарнама жасап жатқандарыңызды мүмкін аңғармайтын да боларсыз. Ал сату нүктелеріне барып, біз өз айтқанымызды істетіп жатыр деген қауесет толығымен өтірік. Егер олар сотқа шағымданатын болса, біз де қарап қалмаймыз. Сотқа біз де арызданатын боламыз.

Басылымдар арасындағы ресми емес “соғыс” немен аяқталатындығы әзірше белгісіз. “Вечерняя Караганда” газетінің редакторы Ерлан Жетенов егер мәселе жақын арада шешілмесе, оны сот арқылы шешуге бел буып отыр. Сонымен қатар ол ҚР бәсекелестіктен қорғау агенттігіне де арыз жолдаған.

2000 жылдан бері «Вечерняя газета» деп аталып келген басылым наурыздың 31-і күні жаңа атпен тіркелген екен.
XS
SM
MD
LG