Accessibility links

Құрылтайшылары мен журналистерінің арасындағы даудан "Диапазон-Орал" газетінің жаңа нөмірі оқырманына жетпеді


"Диапазон-Орал" газеті сайтының бір көрінісі
"Диапазон-Орал" газеті сайтының бір көрінісі

"Диапазон-Орал" газетінің алты қызметкерінің бесеуі жалақының азайтылып, жұмыс жағдайының нашарлағанына келіспеушілігін білдіріп, жұмыстан өз еріктерімен босату туралы арыз берген. Басылым басшылығы журналистерді ұжымға іріткі салғаны үшін айыптап отыр.

ГАЗЕТ ШЫҚПАЙ ҚАЛДЫ

24-ақпан күні "Диапазон-Орал" газетінің оқырмандары басылымның кезекті нөмірін асыға күтті. Бірақ газет жұмысының кенеттен тоқтауы түсініксіз болып қалды. Басылым иесі, ақтөбелік «Рифма» компаниясы бұл жайтқа журналистердің өздерін кінәлайды. Ал шығармашылық ұжым газетті шығаруға басылым қожайындарының тыйым салғанын айтады.

"Диапазон-Орал" газетінің бас редакторы Жаннат Нұғманованың сөзіне сүйенсек, 23-ақпан,сейсенбі күні «Рифма» компаниясының басшылығы телефон шалып, газеттің келесі нөмірін шығаруды тоқтатуын талап еткен.

- Бізге Ақтөбеден қоңырау шалды. Олар газеттің келесі нөмірі шықпайтынын айтып, бұл туралы баспахананы да хабардар етуімізді сұрады. Бұл шешімнің бүгінгі нөмірге қатысты екендігін, әлде газетке байланысты екендігін мен білмеймін, Бұл туралы басшылық бізге тіс жармады. Егер олар газетті шығарыңдар десе, біз өз жұмысымызға кірісуге әзірміз, - дейді Жаннат Нұғманова.

Сонымен қатар, Жанна Нұғманова газет қожайындары қандай шешім қабылдаса да, журналистердің бұл газетте одан әрі қарай жұмыс жасауға ниеті жоқ екендігін жасырмады.

- Газеттегі алты қызметкердің бесеуі жұмыстан өз еркімен кету жөнінде арыз берді, олардың ішінде мен де бармын. Біз заң бойынша соңғы айымызды өтеп, өзімізге ізбасар дайындауға әзірміз.

Сондай-ақ, біз «Рифма» компаниясы басшыларының газеттің кезекті санын тоқтатқаны үшін таққан айыптауын негізсіз деп санаймыз, әрі теріске шығарамыз, бұл туралы «Әділ сөз» қорының сайтында айтылған. Ал газет сол кезде шығарылымға жүз пайызға толықтай әзір болды, - дейді Жаннат Нұғманова "Азаттық" радиосының тілшісіне берген сұхбатында.

Газет тілшісі Злата Удовиченконың айтуынша, журналистердің жалақыны арттырып, жұмыс жасауға жағдай туғызуы тиіс екендігі туралы бірнеше мәрте талап етуінен кейін басылым қожайындары осындай қадамға барып отыр.

- Біздің жұмыс орнымыз тар, бұл қолайсыздық туғызып отыр. Бұл туралы басшылыққа бірнеше мәрте айттық, бірақ, әрекетіміз нәтижесіз аяқталды. Осындай шартты қойған сайын басылым басшылығы біздің жалақымызды қысқартып отырды, - дейді Злата Удовиченко.

ҚАРСЫ ТАРАПТЫҢ ДА АЙТАРЫ БАР...


Ал «Рифма» компаниясындағылар газеттің кезекті нөмірі редакция кінәсінен шықпай қалғанын айтады. Олар бұл туралы «Әділ сөз» қорында мәлім етіпті.

«Диапазон-Орал» газеті ақтөбелік «Рифма» компаниясының аймақтық жобасы ғана болды. Бірақ, басшылық қаржылық дағдарысқа қарамастан, оны жауып тастауды жөн деп таппады. Оралдық филиалдың қызметкерлері ақтөбелік әріптестері секілді, бірдей жалақы алды, тіпті кейбірінің айлық ақысы анағұрлым жоғары болды, - делінген қордың ресми сайтында.

«Рифма» компаниясының құрылтайшысы әрі «Диапазон» газетінің редакторы - ақтөбелік кәсіпкер Владимир Михайлов. 2004 жылы ол сол кездегі Ақтөбе облысының әкімі Ермек Имантаевпен қырғи-қабақ болып дауласқан болатын.

Сол кезде «Диапазон» газеті оқырманы мол, танымал басылым болған еді. Газет беттерінде жемқорлыққа бой алдырған аймақтағы биліктің былық-шылығы туралы ашық жазылды. Бірақ, таяқтың бір ұшы кәсіпкерге де тиді. Владимир Михайлов қудалауға ұшырап, тіпті қамауға да алынған еді.
XS
SM
MD
LG