Accessibility links

«Голос республики» газетінің біраз саны тәркіленді


«Голос республики» газеті. 16 қазан 2009 жыл.

«Голос республики» газеті. 16 қазан 2009 жыл.

Жұма күні «Голос республики» басылымының жаңа саны Алматыдан өзге аймақтарға жетпей қалды. Алматы полициясы басылым тиражының бір бөлігін еш себепсіз тәркілеп алған. Сарапшылар елде санаулы тәуелсіз басылымдарға қысым үдей түскенін айтады.


«Голос республики» басылымы өкілдерінің айтуынша, қаңтардың 13-інен 14-іне қараған түні Алмалы аудандық ішкі істер басқармасы өкілдері себебін түсіндірместен, газеттің 200 данасын тәркілеп, редакция қызметкерлерін таң атқанша тергеген.

ТӘРКІЛЕУГЕ СЕБЕП БОЛҒАН РЕФЕРЕНДУМ МЕН «ҚАЗАҚГЕЙТ» ПЕ?

Редакция қызметкерлері «сақтық шараларын жасамағанда, барлық тиражынан айрылатын едік» деп отыр. Газет түптеліп жатқан кезде белгісіз біреулердің редакция кеңсесін торуылдап жүргенін байқаған олар газеттің 200 данасын таратуға жіберіп, «сынақ өткізіпті».

– Газеттің 200 данасын тиеп, оны таратушы «Қазақстан тудейге» жол тарттық. Шамамен түнгі екі жарым болатын. Чайковский мен Мәметова көшелерінің қиылысына келгенде кенеттен жол полициясының көлігі
"Голос республики" газеті қаржы бөлімінің редакторы Сергей Зелепухин. Алматы, 14 қаңтар 2011 жыл.
жолымызды бөгеді. Біз не болғанын сұрап едік, олар «әдеттегі жұмыс» деді де, көлігіміздің ішінен бір нәрселер іздей бастады. Кенет жай киінген бір адам олардың қасына жүгіріп келіп, ақтарып жатқан газеттің ішіндегі қосымшаларды нұсқап: «Міне, осы болатын, шақыра беріңдер» деді. Көп кешікпей «төбелес болып жатыр дегенді естідік» деп, полицияның машиналары келді, – деді басылымның қаржы бөлімінің редакторы Сергей Зелепухин жұма күні өткен баспасөз жиынында.

Көліктегі 200 дана газетті түгел алып кеткен полиция оған қатысты ешқандай құжат та бермеген.

Осы оқиғаның кесірінен 19 мың тиражы бар газеттің тек 3 мыңы ғана тұрғындарға тарап үлгерген. «Голос республики» мұндай оқиға тағы бола ма деп сескеніп, газеттің қалғанын аймақтарға таратпай отыр.

Басылым өкілдері газеттің тәркіленуінің екі себебі болуы мүмкін деп болжайды: біріншісі – газеттің қосымшасында жарияланған, референдумға қарсы қол жинауға қатысты үндеу; екіншісі – «К-Плюс» арнасының «Қазақгейтке» арналған жарнамасы.

– Ондағы сюжет «Суперханның сарайындағы тыңшы» деп аталады. Онда көпке белгілі «Қазақгейт» ісі туралы, Джеймс Гиффеннің рөлі жайлы айтылады. Біздің ойымызша, осы екі қосымша газетің тәркіленуіне себеп болып отыр, – деді Сергей Зелепухин.

Полицияның ақпарат құралдарына қарсы заңсыз да «жабайы» әрекеттері жайлы айтып берген басылымның заңгері Сергей Уткин ақыры құқық қорғау қызметкерлерінен бұл әрекеттеріне қатысты заңға сәйкес бірде-бір
"Голос республики" газетінің заңгері Сергей Уткин. Алматы, 14 қаңтар 2011 жыл.
түсініктеме ести алмағанын жеткізеді.

– Мәселен, көлікте болған үш адамды полиция ресми түрде «күдіктілер» деп атады. Бұған қоса олардан түсініктеме алып, саусақтарының таңбасын түсіріп алған. ҚР Қылмыстық процессуалдық кодексінде адам қылмыстық іс қозғалған кезде ғана «күдікті» атанады. Іс қозғалмай тұрғанда күдіктілердің болуы мүмкін емес, – деді заңгер Сергей Уткин.

Оның айтуынша, бұл оқиғаға қатысты ешқандай хаттама, құжат толтырылмаған.

Редакция өкілдері бұл шараға Алматы қалалық ішкі істер басқармасы қоғамдық қауіпсіздік жөніндегі бөлімінің орынбасары Абай Тұрысбековтың тікелей араласқанын айтқан еді. Азаттықтың тілшісі бұл мәселе туралы сұрамақ болып, оған хабарласқан еді. Бірақ Абай Тұрысбеков «баспасөз қызметіне хабарласыңыз» деп қысқа қайырып, телефон тұтқасын тастай салды. Ал баспасөз қызметі жауап бермеді.

ТӘУЕЛСІЗ БАСЫЛЫМДАРДЫҢ АХУАЛЫ

Қазақстанда өздерін тәуелсізбін деп атайтын санаулы ғана басылым бар. Олардың көбі қазір әр қиындыққа душар болып отыр.

Қаңтардың 14-і күні «Общественная позиция» басылымының бас редакторы міндетін уақытша атқарып отырған журналист Бақытгүл Мәкімбай өз редакциясының хал-ахуалы жөнінде айтып берді.
Журналист Бақытгүл Мәкімбай. Алматы, 20 қыркүйек 2010 жыл.


– Соттан үздіксіз шақыртулар түсіріп жатыр. Салыққа қатысты іс сияқты. Өзім денсаулығыма байланысты бара алмадым. Әйтеуір, бірнеше сот процесі. Оның бізге қатысы бар ма, жоқ па, білмеймін. Кеше де «сотқа келсін» деп Бостандық аудандық сотынан хабарласыпты. Ол кезде мен жоқ болатынмын. Бұдан бөлек, салық органдары мен тағы басқа соттардың шақыртулары бар, – деді Бақытгүл Мәкімбай Азаттық тілшісіне.

Сарапшылар мұндай оқиғалардың астарында биліктің тәуелсіз басылымдарды жаныштап, плюрализмге жол қалдырмау ниеті жатыр деп топшылайды.

«Әділ сөз» баспасөз қорғау ұйымының төрайымы Тамара Калееваның пайымдауынша, Қазақстан осы жылы ЕҚЫҰ төрағалығымен қатар елдегі демократиялық құндылықтармен де қоштасқанға ұқсайды. Оның айтуынша, тәуелсіз ақпарат құралдарына жасалған қысымның бәрі соңғы кездегі қоғамдық-саяси мәселелермен ұштасып жатыр.

– Мәселен, сондай басылымдардың бірі «Взгляд» соттың алғашқы инстанциясынан өтпей жатып тақырға отырды. Әрине, алда соттың бірнеше сатылары бар. Бірақ бұл басылымның тағдыры шешілген сияқты боп көрінеді де тұрады. Референдум туралы билікке балама пікір айтқаны үшін «Голос республики» газетіне не болғанын көріп отырсыздар. Алда телерадио туралы заңның шаруасы бар. Үкімет қазір шетелдің телерадио арналарын лицензиялауды ұсынып отыр. Сол сияқты өзге де шектеулер бар. Іс жүзінде мұның барлығы балама пікірлердің халыққа жетпеуі үшін жасалып отыр, – деді Тамара Калеева қаңтардың 14-і күні Азаттық радиосына.

Еске сала кетейік, әлем елдеріндегі сөз бостандығының хал-ахуалына сараптама жасайтын «Шекарасыз репортерлер» халықаралық ұйымының 2010 жылғы рейтингісінде Қазақстан былтырғымен салыстырғанда 20 сатыға төмен сырғыған.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG