Accessibility links

Жаңа "Республика" ескі "Республиканың" кебін кие ме?


Сергей Уткин, «Моя Республика - факты, события, люди» газетінің заңгері. Алматы, 21 қыркүйек 2009 жыл.

Сергей Уткин, «Моя Республика - факты, события, люди» газетінің заңгері. Алматы, 21 қыркүйек 2009 жыл.

«Республика» газеті өздеріне қарсы қысымның күшейгенін айтады. Бұл жайлы дүйсенбі күні аталмыш газет қызметкерлері мәлімдеді. Жаңа газетті шығаратын күні "Комета S" баспаханасына тағы рейдтер жасалған. Билік түсінік беруден бас тартты.

Олардың айтуынша, өткен аптада тиражы тұтқындалған «Республика - деловое обозрение» газетінің орнына шыққан «Моя Республика - факты, события, люди» газетін де құқық қорғау органдары тұтқындамақ болған көрінеді.

Өткен аптада сот орындаушылары «Республика - деловое обозрение басылымының тиражын тұтқынға алған еді. Соған қарамастан газет сол күні-ақ «Моя Республика - факты, события, люди» атаумен жарық көрген болатын.

Дүйсенбі күні ақпарат құралдарына арнап өткізген жиында газет қызметкерлері құқық қорғау органдарының енді жаңа басылымға да «көз тіге» бастағанын жеткізді. Газетті тарату бөлімінің бастығы әрі «Комета S» баспасының директоры Юля Козлованың айтуынша, қаржы полиция өкілдері жаңа газеттің тиражын «Комета S» баспасынан да табуға әрекеттенген.

Юлия Козлова, "Комета S" баспасының директоры. Алматы, 21 қыркүйек 2009 жыл.
«Күндізгі сағат 15.00 шамасында газетті («Моя Республика – факты, события, люди» - ред.) «Время-принт» баспасында шығарып, барлығын тарату нүктелеріне алып кетті. 20 минуттан соң баспадан қызметкер хабарласып, қаржы полиция қызметкерлерінің баспаға артқы есіктен басып кіргенін айтты. Бәріміз жүгіріп келдік. Әуел баста 12 адамға жуық болатын. Кейіннен олар көбейіп кетті. Олар ойларына келгенін істеп, сұмдық қылық көрсетті. Баспаны қалағанша аралады. Барлығы да жанталасып, бірнәрсе іздеумен болды. Бірақ менімше, олар діттеген мақсаттарына жете алмаған секілді. Ал кешкі сағат 19-ден кеткенде салық инспекциясының мамандары келді. Олар 2007 жылдан бастап жүргізілмеген кешенді тексеру жұмыстарын негізге ала отырып, әрекет жасайтындарын айтты. Барлығы баспаның астан кестеңін шығарды»,- деді ол.

Оның айтуынша, құқық қорғау органы қызметкерлері мұнымен қоймай баспадан ешкімді шығармай ұзақ уақыт ұстаған. Жұмыс күні бітсе де, адамдардың үйлеріне қайтуға мүмкіндігі болмапты. Баспадан түк таппаған қаржы полиция өкілдері нәтижесінде есепшінің компьютерін кеңседен алып кеткен.

БҰЛ «РЕСПУБЛИКА» БҰРЫНҒЫСЫНАН ӨЗГЕРЕК

Басылымның қаржы бөлімінің редакторы Сергей Зелепухиннің айтуынша, «Моя Республика - факты, события, люди» газетінің жұмысы тоқтап қалған «Республика» газетіне еш қатысы жоқ болса да, құқық қорғау органдарының назарынан түспеген.

«Бір қызығы, газетті таратушыларға хабарласқан кезде олар белгісіз біреулердің «Моя Республика» газетінің заңсыз шығып жатқанын нұсқап көрсеткен. Олардың көбісі өздерін прокуратурадан деп таныстырған. Мұнда сұрақ туындайды: неге газетке тыйым салынуда? Бұл бұрынғы «Республика» емес қой. Нақты жағдайда газеттің атауы басқа, меншік иесі де мүлде басқа. «Моя Республика» газетінің меншік иесі «ADP LTD-ның» өздеріңіз білетін «Республика» газетінің меншік иесі «DPA-ға» еш қатысы жоқ. Яғни, «Республика» газетінің үстінен түскен шағым оған ортақ емес. Бұл жерде ескерте кететін бір жайт бар. «Моя Республика» бұл ай сайын шығатындай тікрелген газет. Қазір біз оны апталық басылым ретінде қайта тіркейік деп жатырмыз. Заңға сәйкес, бұл кезде газет өз жұмысын тоқтатпаса да болады»,- деп атап көрсетті Сергей Зелепухин.

Естеріңізге сала кетейік, «Республика – деловое обозрение» газеті сандарының тұтқындалуына қыркүйектің 9-ында басылымға БТА банкіне 60 млн теңге көлемінде айыппұл төлеу туралы сот шешімі түрткі болған. Сот шешімі шыққан соң іле бере Медеу аудандық сотының судьясы Мақсұдов банктің өтінішімен газетті тәркілеу туралы шешім шығарған.
Олардың көбісі өздерін прокуратурадан деп таныстырған. Мұнда заңды сұрақ туындайды: неге газетке тыйым салынуда?


ҚАРЖЫ ПОЛИЦИЯСЫНЫКІ ЗАҢСЫЗ

Заңгер Сергей Уткиннің айтуынша, қаржы полициясының баспаға бұлайша басып кіруі заңға қайшы.

«Қаржы полициясы қылмыстық іс болмаған кезде жедел-іздестіру шаралары туралы заңның аясында жұмыс істейді. Заңға сәйкес, олар қандай да бір ғимаратқа ену үшін оның себебін түсіндіруі керек. Бізге мынадай жалғыз қағаз көрсетті. Онда былай деп жазылған: «Қызметтік қажеттілікке сәйкес, жедел іздестіру шарасы туралы заңға сүйене отырып, 2008-2009 жылдардың қағаз басылымдармен қарым-қатынас туралы, сонымен қатар салық есептері туралы ақпарат берулеріңізді сұраймыз». Қаржы полициясы істеп отырған әрекет пен мына қағаздың мазмұны еш қабыспайды. Олар үш жағдайда ғана ғимаратқа ене алады: қолдарында прокурордың рұқсат қағазы болған кезде, қылмыстық іс қозғалғанда, сот қаулысы болғанда. Олардың қолында әрине, ешқайсысы да болмады»

Заңгер қаржы полициясының үстінен прокуратураға немесе сотқа шағым түсіреміз деп отыр.

Біз бұған қатысты қаржы полиция өкілдерінен де жауап алуға тырыстық. Экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің баспасөз хатшысы Дәмежан Есенбекова мұны естімегенін, ақпарат түссе түсініктеме беретінін айтты. Десе де, егер арнайы жедел-іздестіру шарасы болса, ол құпия болғандықтан түсініктеме бере алмайтынын айтты.

Ал газет қызметкерлерінің есептеуінше, басылымның тиражы тұтқындалуы салдарынан редакция шамамен миллион теңгеден астам шығынға батқан. Әйтсе де, газет қызметкерлері 60 млн теңге айыппұл төлеу туралы сот шешімінің орындалуы кезінде бұл соманың ескерілуін талап етеміз деп отыр.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG