Accessibility links

«Республика» тәркіленді, бірақ сол күні-ақ басқадай атаумен қайта жарық көрді


Сот орындаушылары «Республика - деловое обозрение» газетінің тиражын тәркілеуде. (Сурет газет редакциясынан алынды) Алматы, 18 қыркүйек, 2009 жыл.
Сот орындаушылары «Республика - деловое обозрение» газетінің тиражын тәркілеуде. (Сурет газет редакциясынан алынды) Алматы, 18 қыркүйек, 2009 жыл.

Жұма күні «Республика – деловое обозрение» басылымы оқырмандар қолына тимей қалды. Заң қызметкерлері басылымның барлық тиражын тәркілеген, республикашылар бұл жоғарыдан түскен бұйрық дейді. Дегенмен «тұтқындалған» газет 18 қыркүйек күні-ақ атын өзгертіп қайта шықты.



ТИРАЖДЫҢ ТҰТАСЫМЕН "ТҰТҚЫНДАЛУЫ"


Басылымның бас редакторының орынбасары Оксана Макушинаның айтуынша, оқиға жұмаға қараған түнде болған. Жол полициясы, сот орындаушылары мен БТА банкінің заңгерлері басылым шығатын типографияға келіп, газет тиражын көлікке тией бастапты.

«Бізге типографиядан «мұнда сот орындаушылары жүр» деген хабар түсті. Сол себепті біз оларға өзіміздің заңгеріміз Сергей Уткинді жібердік. Сот төрешісі Мақсұдов қыркүйектің 9-ы күні БТА банктің пайдасына қарай сот шешімін шығарған еді. Ал қыркүйектің 11-і күні сот шешімін орындау мақсатында басылымның есепшоты мен мүлкін тұтқындау туралы шешім шығарғанын тек кеше ғана білдік. Осы шешім негізінде типографияға сот орындаушылары мен БТА банктің өкілдері келген. Оларға көмекке келген жол полициясының қызметкерлері типография айналасындағы көліктерді тоқтатып, тексерген. Қазір ол тираж БТА банкінде», - деді Макушина.

Өткен аптада басылымға БТА банкіне 60 млн теңге көлемінде айыппұл төлеу туралы сот шешімі шыққан болатын. Басылымды сотта қорғаған заңгер Сергей Уткиннің айтуынша, талапкердің сот шешімін орындату мақсатында мұндай қадамдарға баруы заңды. Десе де, заңгердің пайымынша, сот орындаушыларының әу баста-ақ негізгі мақсаты - ақша емес, қалай болғанда басылымды таратпау ниеті болған.

«Негізгі мақсат БТА банктің моральдық шығынын өтеу үшін банктің пайдасына орай ақша өндіріп алу болуы керек еді. Себебі, шағым да, шешім де осыған қатысты. Бірақ бұл мақсатты басылымның тиражын арестке алу арқылы орындай алмайсың ғой. Бұл тираж бірнеше күн өткен соң өзінің құнын жоғалтады. Газеттің сақталу мерзімі шектеулі. Мен мұны бүгін түнде сот орындаушысына да, БТА банктің өкіліне де түсіндіруге тырыстым. «Егер ақша керек болса, онда басылымды бізге сатуға беріңіздер, түскен ақшаны шешімнің орындалуына береміз» дедік. Бірақ олар бұған құлақ аспады. Осыған қарап мәселенің ақшада тұрмағанын көреміз. Олар басшылықпен хабарласып та мұны дәлелдеді. Тек тиражды тартып алу. Бұдан басқа оларға ешнәрсе керек болмады», - дейді заңгер Сергей Уткин.

БТА БАНКІ ТҮСІНІКТЕМЕ БЕРМЕЙДІ

Біз осыған қатысты БТА банкке де хабарласып көрген едік. Банктің қызметкері Қаламқас Төлешқызы: «Бұл мәселеге біз түсініктеме бермейміз. Бұл БТА банктің ресми ұстанымы», - деп жауап берді.

Бұл оқиғаның басылымға қандай шығын әкелетінін әзірге газет қызметкерлері нақты айта алмай отыр. Қалай болған күнде де мамандардың айтуынша, бұл тәуелсіз басылым жұмысының тоқтатылуын жылдамдатуы мүмкін. Газетке айыппұл салу туралы шешім шыққан кезде редакция өкілдері аталмыш соманы төлеуге редакцияның шамасы жетпейтінін, газет жабылатынын айтқан еді. Сонымен қатар газеттің қағаз нұсқасы жабылса да, электронды беті жабылмайтынын айтқан болатын. Бұл болжам орындалып, жұма күні газеттің электронды нұсқасы да мыңдаған оқырманға жол тартты.

АПЕЛЛЯЦИЯЛЫҚ ШАҒЫМНАН ДА АСЫҒЫС

Сөз бостандығын қорғауға бағытталған «Әділ сөз» халықаралық қорының қызметкері Ғалия Әженова: «Сот шешімі шыққаннан кейін 15 күннің ішінде ол шешім әлі заңды жүзіне енбейді. Сол себепті газет әлі де шыға беруі керек болатын. Тиражы арестке алынбауы керек еді. Ол әрі қарай да таратылып кетуі керек еді. Апелляциялық шағымның мерзімі біткен жоқ қой».

Осы жылдың шілде айынан бері жалғасып келе жатқан «Республика» газеті мен БТА банкі арасындағы сот процесі өткен аптада аяқталған еді. 2009 жылдың 6 наурызында «Республика» газетінің №8-ші санында жарық көрген Мұхамеджан Әділовтің «Хрен редьки не слаще» атты мақаласы банктің 6 миллиард 770 мың теңге депозитінен және клиенттерінен айырылып қалуына тікелей әсер еткен деп аталмыш басылымның үстінен БТА банк сотқа шағым түсірген болатын.

Қыркүйектің 9-ы күні Алматының Медеу аудандық соты БТА банктың пайдасына «Республика» газетінен 60 миллион теңгені (400 мың АҚШ доллары шамасында) өндіріп алу туралы шешім шығарған еді.

«Соттың шешіміне сәйкес, біз шешімді апелляцияға беруге құқылымыз. Біз оны қайтсек те береміз» деді Оксана Макушина.

ЖАҢА АТПЕН ЖАРЫҚ КӨРДІ

Жұмаға қараған түні тұтқындалған «Республика - деловое обозрение» газеті «Моя Республика - факты, события, люди» деген жаңа атаумен шыға бастады. Бұл туралы аталған басылымның интернеттегі парақшасы хабарлады. Саудаға шығарылған жаңа басылымның мәліметтері түнде тәркіленген тираждың мазмұнына толық сай келеді делінеді.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG