Accessibility links

Министрдің «орталықтандыру» саясатына облыстық газеттер қарсы


Газет сатушылар. Петропавл, 22 наурыз 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Газет сатушылар. Петропавл, 22 наурыз 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Ақпарат министрінің мемлекет қаржыландыратын облыстық газеттерді «Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская правда» басылымдарына біріктіріп, «басқаруды орталықтандыру» ұсынысына өңірлердегі журналистер қарсы. Министр бастаманы «облыстық басылымдарды құтқару шарасы» деп бағалайды.

Ақпарат министрлігі мен мемлекет қаржыландыратын облыстық шағын газеттер арасындағы бұл дау елдің 12 облысындағы 13 газеттің бас редакторларының Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа ашық хат жазған кезінде, өткен апта жарияға шықты.

Бас редакторлар президент Назарбаевқа жазған хаттарында «ақпарат министрі Дәурен Абаевтың облыстық газеттерді «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» АҚ-ларының басқаруына беру туралы ұсынысына» наразы екендерін білдірген.

«Сіздің саясатыңызды еліміздің түкпір-түкпірінде жедел насихаттап отырған газет басшылары ретінде бұл ұсыныстың ешқандай қисынға келмейтінін, яғни жергілікті жердегі БАҚ-тың нақты жағдайын, оларды басқаруды орталықтандырған кезде орын алатын келеңсіз салдарлардың ескерілмегенін айтқымыз келеді» деп басталған хатта «штат қысқарту, айлық «кесу» басталып, жергілікті журналистердің өкпе-реніші туатыны, бұл шараның істі ілгерілету орнына, кедергілер әкелетіні» жазылған. Хат «Елге етене жақын газеттерге Сізді араша түседі деп сенеміз» деп аяқталады.

«ЖУРНАЛИСТЕР ЖҰМЫССЫЗ ҚАЛАДЫ»

Азаттық хатқа қол қойған Алматы облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әрінге хабарласқан еді. Ол «министрлік пен президент әкімшілігі жасаған бұл ұсынысты бір апта бұрын облыс әкімдігіне барғанда естігенін» айтты.

Алматы облыстық "Жетісу" газетінің сайтынан алынған сурет.

Алматы облыстық "Жетісу" газетінің сайтынан алынған сурет.

- Министрлік (ақпарат және коммуникация министрлігін айтады – ред.) облыста шығатын қазақ басылымдарын «Егемен Қазақстанға», орыс тіліндегі басылымдарды «Казахстанская правда» газетіне біріктірмек. Осы арқылы қаржы үнемдесек, шығу сапасын арттырсақ деген ұсыныс айтыпты. Бұл – асығыс шешім. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін де, Совет Одағы кезінде де басылымдар жеке шыққан. Облыстық газеттер – әкімдік қолғанаты. Облыстық басылымдар орталықтандырылса, облыс саясаты жерде қалып, газетіміз «Егемен Қазақстанның» көшірмесі болып кетеді. Сондықтан қарсымыз, - дейді Әміре Әрін.

Облыстық газет басшылары газеттерінің басқа басылымға бағынатындығына ғана наразы емес, олардың кейбірі журналистер қысқарып, адамдар жұмыссыз қала ма деп алаңдайды. Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің бас редакторы Қайырбай Төреқожа «Жұмыс Астанадан басқарылса, облыстық басылымдарда штат қысқарады. Көп журналист жұмыссыз қалады» дейді.

Көрнекі сурет.

Көрнекі сурет.

«Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әрін де әріптесінің пікірін қостайды.

- Қазір газет 60 мың таралыммен шығады. 50 журналист жұмыс істеп жатыр. Көбі – жастар. Егер орталықтандырылса, кемінде 20 тілші жұмыссыз қалады, - дейді ол.

«МӘСЕЛЕНІ ШЕШПЕСЕК, ЖЕКЕШЕЛЕНДІРУГЕ КЕТЕДІ»

Азаттық тілшісі облыстық газеттер басшыларының бұл мәселе жөнінде наразылығы туралы ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаевтан сұраған еді. Министрдің айтуынша, «қазір бұл мәселе зерттеліп, қарастырылып жатыр».

- Бұл жерде үлкен күрделі мәселе болып тұр. Қазір қарастырып, зерттеп жатырмыз. Егер біз бұл мәселені қазір қарастырып, жүйесін таппасақ, олар [облыстық газеттер] келер жылдан бастап жекешелендіруге ілініп кетеді. Бұл жердегі проблема тек сонда ғана. Оның өзінде жекешелендіруге жарай ма, жоқ па – бөлек мәселе. Ал мазмұн сапасын жақсарту жағына, тарату жағына көмектесеміз, - деді министр қарашаның 11-і күні.

Ақпарат министрі Дәурен Абаев медиа құрылтайда отыр. Алматы, 11 қараша 2016 жыл.

Ақпарат министрі Дәурен Абаев медиа құрылтайда отыр. Алматы, 11 қараша 2016 жыл.

Ал кейбір өңірлік басылымдар журналистері министрлік ұсынған «орталықтандыру саясатына» қарсы емес. Мәселен Жамбыл облыстық «Знамя труда» газетінің бас редакторы Бекет Момынқұлдың пайымдауынша, «бұл бастаманың еш жамандығы жоқ».

- Қазір облыстық телеарналар «Қазақстан» телерадиокорпорациясына бағынады. Сол сияқты жүйе болады. Егер облыстық басылымдар Қазақстандағы екі ірі республикалық газетке біріксе, қаржыландыру жақсарып, мемлекеттік тапсырыс көбейеді. Республикалық газеттер облыстық басылымдарды қатты қысып тастайды деп айта алмаймын, - дейді ол.

Жамбыл облыстық "Знамя труда" газетін оқып отырған адам. Сурет газет сайтынан алынды.

Жамбыл облыстық "Знамя труда" газетін оқып отырған адам. Сурет газет сайтынан алынды.

«Құқықтық медиа орталық» үкіметтік емес ұйымының дерегінше, «Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская правда» - Қазақстанда ақпарат саласындағы мемлекеттік тапсырыстың негізгі бөлігін алатын газеттер. Ал Қазақстандағы облыстық басылымдар аймақ әкімдігіне тікелей қарайды және өңір әкімдіктеріндегі ішкі саясат басқармаларының бақылауында болады.

Ақпарат және коммуникация министрлігінің сайтындағы ақпаратқа қарағанда, Қазақстанда 2973 БАҚ тіркелген. Соның 84 пайызы - газеттер мен журналдар, сегіз пайыздан астамы - электрондық БАҚ, жеті пайызы - ақпарат агенттіктері. Ел аумағын 100 пайыз қамтып отырған телехабар тарату жүйесі бар. Министрлікке әрқайсысына 5-6 газет-журнал қарайтын «Жас өркен» және «Қазақ газеттері» ЖШС-лері; ішінде «Хабар» агенттігі» («Хабар», «24 KZ», «KazakhTV» телеарналары), «Қазақстан» РТРК («Қазақстан», «Балапан», «KazSport» телеарналары, «Қазақ радиосы», «Шалқар» және «Астана» радиолары мен өңірлік телеарналар) орналасқан «Қазмедиа орталығы»; бірнеше сайттардың басын қосқан «Казконтент» АҚ-лары қарайды. Бұл елде тәуелсіз БАҚ үні әлсіз, оппозициялық ақпарат құралдарының барлығы дерлік кейінгі екі-үш жылда жабылып қалған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG