Accessibility links

Қырғыз сайлауы қазақ баспасөзінде қатардағы оқиға ретінде көрінді


Қырғызстандағы президент сайлауы туралы газеттегі қысқаша хабарлама. Көрнекі сурет.
Қырғызстандағы президент сайлауы туралы газеттегі қысқаша хабарлама. Көрнекі сурет.

Қазақстандық ресми басылымдарда Қырғызстандағы президент сайлауы Назарбаевтың Вьетнамға сапарының көлеңкесінде қалып қойды. Ал үкіметтік емес қазақ газеттері Қырғыз елінің жаңа президентін бүйрегі Ресейге бұратын саясаткер ретінде сипаттады.


Қазанның 30-ы күні Қырғызстанда президент сайлауы өтті. Кейбір сарапшылар мұны Орталық Азиядағы ең әділетті сайлаулардың бірі ретінде атап отыр. Социал-демократиялық партияның жетекшісі Алмазбек Атамбаев өзге көрші ел басшыларындай 80-90 пайыз емес, 63 пайыздан астам дауыс жинап, жеңіске жетті.

Қырғызстанда президенттің билігі барған сайын шектеліп бара жатқанымен, ішкі-сыртқы саясатта оның рөлі маңызды болып қала бермек. Қырғызстан Конституциясына сәйкес, президент ел Жогорку кенешінде сайлау өткізуіне, жергілікті кеңес мүшелерін таратып, сайлау тағайындауға, елдегі заңдарға қол қою мен оны жариялауға құқығы бар.

Келіспеген жағдайда президент заңды Жогорку кенешке қайтара алады. Судьяларды таңдау кеңесінің ұсынысымен Жоғарғы сотқа үміткерлерді таныстырады. Премьер-министрмен келісе отырып халықаралық құжаттарға қол қою, елшілерді тағайындау, т.б. құқықтарға ие.

Қалай болғанда жеке басқа табынушылықтың опа бермейтінін қырғыз халқы Орталық Азия елдерінің арасында алғаш болып сезінді.

САПАР ЖӘНЕ САЙЛАУ

Әйтсе де, бұл саяси құбылыстан тек «хаос» қана көріп отырған Орталық Азиядағы авторитарлық елдер үшін өткен жексенбі күнгі сайлау – қарама-
Газет оқып тұрған ер адам. (Көрнекі сурет). Алматы, мамыр, 2010 ж.
Газет оқып тұрған ер адам. (Көрнекі сурет). Алматы, мамыр, 2010 ж.
қайшылыққа толы, қырғыз еліндегі кезекті бір толқуға ұластыратын бұлыңғыр бір саяси шара болып қалған сияқты.

Қазақстандағы кейбір басылымдарда бұл тақырып тіпті қарапайым мақалаға да арқау бола алмады.

Қарашаның 1-і күні «Егемен Қазақстан» және «Жас қазақ» газеттері Қырғызстандағы президенттік сайлауда Алмазбек Атамбаевтың жеңіске жеткені туралы шағын анонс берді.

Нұрсұлтан Назарбаевтың Вьетнамға сапарына көлдей мақалалар арнаған «Егемен Қазақстан» газетінен бұл анонсты газеттің «Шарайна» деп аталатын шағын айдарында жарияланған жаңалықтар топтамасының арасынан ғана табасыз.

ҚЫРҒЫЗ САРАПШЫСЫНА ЖҮГІНДІ

Бұл тақырыпқа шамалы кеңірек тоқталған «Айқын», «Жас алаш» сияқты республикалық басылымдар сайлауда жеңіске жеткен Алмазбек Атамбаевтың саяси тұлғасына мән беруге тырысқан.

Мысалы, «Айқын» газетінде қарашаның 1-і күні қырғыз саясаттанушысы
Қырғыз сарапшысы Марс Сариев. Бішкек, 24 маусым 2010 ж.
Қырғыз сарапшысы Марс Сариев. Бішкек, 24 маусым 2010 ж.
Марс Сариевтен алынған сұқбатта бұл жолғы сайлауда жеңіске жеткен Алмазбек Атамбаев «экономикалық саясатты тиімді жүргізе білетін», «кландық топтардың» тілін таба алатын кәнігі саясаткер бейнесінде көрінген.

Қырғыз саясаттанушысы президент қызметіне жаңадан сайланған Алмазбек Атамбаевты «билікті бір әулеттің қолына» шоғырландырған Асқар Ақаев пен Құрманбек Бакиевтің қателігін қайталамайтынына сенетінін айтқан.

«Қырғызстан басқарудың парламенттік жолын таңдап алды емес пе?! Менің ойымша, бұл тарапта тепе-теңдік сақталады. Атамбаев биліктің бір қолға шоғырлануы неге апаратынын көрді. Сондықтан оны қайталауға мүдделі емес» дейді Марс Сариев «Айқын» газетіне.

Саясаттанушы бір мезетте Атамбаевтың ресейшіл саясаткер екендігін, сондықтан барған сайын Қырғызстанда батыстың ықпалы азая беретінін де айтып өткен.

АТАМБАЕВТЫҢ АУАНЫ

«Жас Алаш» газеті де қарашаның 1-і күні Алмазбек Атамбаевтың осы қырын мақалада басып атап өткен. «Ресейшiл Атамбаев – қырғыз
«Жас Алаш» басылымы редакциясында әзірленіп жатқан газет санының макеті. Алматы, 17 наурыз 2011 ж.
«Жас Алаш» басылымы редакциясында әзірленіп жатқан газет санының макеті. Алматы, 17 наурыз 2011 ж.
президентi» атты мақалада автор елде сайлаудың «әділ», «әділ еместігінен» гөрі елде жағдайдың әрі қарай қалай болатындығы өзектірек болып тұрғанын жазады.

«...Осылайша қырғыз елi екiге бөлiнiп, ұлтараздық мәселе шешiлмеген күйi қала бере ме деген қауiп басым. Себеп – жаңа президенттiң ел жағдайынан гөрi ресейшiл топтың ықпалына бас ұратыны. Президенттiк сайлаудың алдында ғана Қырғызстанның Кедендiк одаққа енетiнi туралы белгiлi болды. Мұның астарында да ықпал етушi күштiң қай тұстан екенiн, болашақ президенттiң қай жаққа жығылары анық байқалған» деп жазады «Жас Алаш» газеті.

ЗАҢСЫЗ ӘРЕКЕТТЕР

Қырғыз сайлауына қатысты соңғы мәліметтерді келтірген «Алаш айнасы» басылымы қарашаның 1-і күні «Атамбаев – келесі шоң байке» атты мақалада сайлау кезінде болған заңсыз әрекеттерге көбірек мән берген.

Алмазбек Атамбаев саяси оппоненттерінің сайлауда әкімшілік ресурстар қолданылғаны туралы уәждерді айта отырып, басылым «қазіргі үкімет халықты сайлау қорытындыларын бұрмалау жағынан Ақаев пен Бакиевтен де озып кетті» деген қырғыз саясаткерлерінің пікірін де береді.

Қазақстандағы орыстілді басылымдардың арасында да қырғыз сайлауын тарқатып бергендері аз. «Время» газеті «Третья попытка...хаоса» атты мақалада сайлауда заңсыз әрекеттер көп болғанын, оның басқа сайлаулардан артықшылығы болмағанын баяндап өткен.

«Голос Республики» басылымы сайлауға қатысты сарапшылар пікірін «егер инаугурацияға дейін елде жаппай толқулар басталмаса, онда елде революция болмайды» деп түйіндепті.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG