Accessibility links

Дау «ҮЕҰ» мен «КЕҰ» деген екі атаудан шықты


Қаланы тазалап жүрген белсенділер. Қарағанды 30 шілде 2016 жыл.
Қаланы тазалап жүрген белсенділер. Қарағанды 30 шілде 2016 жыл.

Құқық қорғаушы ҮЕҰ мен КЕҰ деген ұғымдар шатастыратынын айтады. Билік өкілі онымен жарым-жартылай келіседі.

Қазақстандық құқық қорғаушы Евгений Жовтис заңдағы КЕҰ (коммерциялық емес ұйым) және ҮЕҰ (үкіметтік емес ұйым) деген ұғымдар адамды шатастыратынын айтады. Дін және азаматтық қоғам министрлігіндегі азаматтық қоғам комитетінің төрағасы орынбасары Бауыржан Мусин «ұғымдар коллизиясы қалғанын» жоққа шығармайды, бірақ «ҮЕҰ» деген ұғымның заңға сіңісіп кеткенін, бұл шатасуды жоққа шығаруға көп күш керегін мәлімдейді.

Бұл мәселе Алматыда жұма күні өткен, ҮЕҰ туралы заңды талқылаған жиында сөз болды.

"БІР АТАУДЫ ӘРТҮРЛІ ТҮСІНДІРЕДІ"

Қазақстанның азаматтық кодексі – заң қызметтерінің барлық түрі қамтылған жалғыз нормативтік-құқықтық акт. Онда ҮЕҰ деген ұғым жоқ. Бірақ оны жалпы жұрт қолданып кеткендіктен баспасөз бен саясатта тұтынуға болады дейді Евгений Жовтис.

Құқық қорғаушы Евгений Жовтис. Алматы, 10 ақпан 2017 жыл.
Құқық қорғаушы Евгений Жовтис. Алматы, 10 ақпан 2017 жыл.

Азаматтық кодекс салалық заңдардан басым тұрады. 2005 жылы қабылданған мемлекеттік сатып алу туралы заңда ҮЕҰ деген термин бар, оны КЕҰ арқылы анықтаған. Әрі қарай КЕҰ мен ҮЕҰ тіркестерін қолдануда шатаса бастаған. КЕҰ деген ұғымның өзі екі түрлі түсіндіріле бастайды дейді Жовтис.

Бұл екі терминге байланысты түсінбестікті зиянсыз деуге болмайды. Мысалы, ҮЕҰ туралы заңда әуелі КЕҰ туралы айтылады, одан кейін ҮЕҰ-ға байланысты әлдебір өкілетті орган сөз болады. Іс барысында ҮЕҰ деген ұғымға қатысы жоқ КЕҰ грант алушылар тізіміне енбей қалуы мүмкін дейді Жовтис.

Құқық қорғаушы мұндай түсінбестіктің себебін мемлекеттік саясаттан – оның бәрін, тіпті азаматтық қоғамды да реттеуге ұмтылуынан іздейді. Бұл процесті бақылайтын мемлекеттік органдар неғұрлым көп болған сайын азаматтық қоғам азая түседі дейді ол. Әр мекеме бұл ұғымдарға өзінше анықтама берген сайын бұларды қолдануда түсінбестік көбейеді. Жовтис әртүрлі ведомствоның түсіндіруін азаматтық қоғамға неғұрлым көп бақылау орнату амалы деп біледі. Оның сөзінше, мемлекеттік мұндай амалын балықты қытай ауымен аулаумен салыстыруға болады.

– Қытай ауының көзі тар, оған тіпті кішкентай бьалық та тұтылып қалады. Бірнеше ірі балықты ұстау үшін осындай амалға барады. Ал оған түскен ұсақ балық көбінесе қырылып қалады, – дейді Евгений Жовтис.

"БҰЛ ҰҒЫМДЫ ҚАЙТА ҚАРАУ КЕРЕК ШЫҒАР"

Дін және азаматтық қоғам министрлігіндегі азаматтық қоғам комитетінің төрағасы орынбасары Бауыржан Мусин «ұғымдар коллизиясы қалғанын» жоққа шығармайды. «Бір сарапшылар бұл ұғымдар бір-бірін жоққа шығаратынын айтады. Екіншілер олай емес, өйткені ҮЕҰ КЕҰ арқыл анықталады дейді. Тек КЕҰ-да басқа заңдар арқылы реттелетін кәсіби, діни ұйымдар болмайды» дейді Мусин. Бірақ оның айтуынша, соңғы кездері құқықтық база мен аппарат түсінігі жетіліп жатыр.

Дін және азаматтық қоғам министрлігі өкілі Бауыржан Мусин. Алматы, 10 ақпан 2017 жыл.
Дін және азаматтық қоғам министрлігі өкілі Бауыржан Мусин. Алматы, 10 ақпан 2017 жыл.

– Бұл ұғымды (ҮЕҰ-ні) қайта қарау керек шығар. Бірақ оны сарапшылардың бәрімен ақылдасу керек, – дейді Бауыржан Мусин.

Мусин Евгений Жовтистің «заң актілерінен ҮЕҰ ұғымын алып тастау керек» деген сөзі дұрыс болуы да мүмкін екенін айтады. Бірақ ол Жовтистің айтқанын басқа сарапшылар талқылауы керек деп біледі.

– Бәрінің пікірін біліп, кейін мұны азаматтық секторда тиімді қолдану үшін дұрыс жолын табуымыз керек, – дейді Бауыржан Мусин.

Дін және азаматтық қоғам министрлігі мүдделі министрліктермен және ведомстволармен келісіп және жұртшылықтың пікірін ескере отырып, 25 наурызға дейін «Кейбір заң актілеріне коммерциялық емес ұйымдардың әрекеті мәселесі жайлы өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын үкіметке ұсынуы керек. Өзгерістер азаматтық қоғам мен биліктің арасында дау тудырған. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстан билігін азаматтық қоғамды сөзбен емес, іспен дамытуға шақырады.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG