Accessibility links

Белсенділер жекешелендіруге қарсы


Жағасында «Қазақмыс» компаниясының зауыты орналасқан көлден балық аулап тұрған адам. Балқаш, 15 маусым 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Жағасында «Қазақмыс» компаниясының зауыты орналасқан көлден балық аулап тұрған адам. Балқаш, 15 маусым 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Кейбір қоғамдық ұйымдар Қазақстандағы «жаппай» жекешелендіруге қарсы науқан бастады. Сарапшылар жоспарлы жекешелендіруді де, оған қарсы кампанияны да әрқилы бағалайды.

Қазақстанда биыл жазда басталатын жекешелендірудің жаңа кезеңіне қатысты жұрттың көзқарасы әрқилы. Үкімет жоспары бойынша, өнеркәсіп орындарын, қоғамдық секторды, транспортты, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жүйесін жеке меншікке беру 2014-2016 жылдары өткізілуі тиіс.

ОППОНЕНТТЕР КӨЗҚАРАСЫ

Осы аптада Алматы қаласында «Қазақстанның социалистік қозғалысы» қоғамдық ұйымы мен бірнеше үкіметтік емес ұйым (ҮЕҰ) жетекшілері жаппай жекешелендіру мен үкіметтің «антиәлеуметтік» реформаларына қарсы қоғамдық кампания басталғанын жариялады.

«Қазақстанның социалистік қозғалысы» жетекшісі Лариса Боярдың пікірінше, жекешелендірілген соң елде жүздеген кәсіпорын, мекемелер, жоғары оқу орындары мен ауруханалар жабылып, ондаған, тіпті жүздеген мың қазақстандық жұмысынан айырылады әрі қалған қызметкерлердің еңбек жағдайы нашарлайды.

Оның деректері бойынша, 800-ге жуық өнеркәсіп орны, ғылыми, медициналық және білім мекемелері, басылымдар, санаторийлер мен демалыс үйлері жеке меншікке өтіп, 400-дей ұйым, мекеме таратылып немесе қайта құрылады.

"Медицина саласы мен жоғарғы білім беру орындары толықтай коммерциялық негізге көшкеннен кейін әлеуметтік қамту жүйесі толық жойылатындықтан, Қазақстанның қарапайым азаматтарының бәрі бұл жекешелендіруден тікелей немесе жанама түрде болсын зиян шегеді" дейді Лариса Бояр.

«АрселорМиттал Теміртау» компаниясының жұмысшылары. (Көрнекі сурет)

«АрселорМиттал Теміртау» компаниясының жұмысшылары. (Көрнекі сурет)

Оның пікірін «Талмас», «АРД», «Үйсіздер мен жерсіздер комитеті» және «Қазақстан кәсіби жас мамандары қоғамы» қоғамдық ұйымдары жетекшілері Болат Әнетов, Денис Әлімбеков, Гүлнәр Инсенова және Олеся Халабузарь да қостайды.

Олардың айтуынша, бұл жекешелендірудің Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев жариялаған капиталға рақымшылық жасау акциясымен тұспа-тұс келуі кездейсоқтық болмауы мүмкін. Олардың пікірінше, бизнеспен астасып алған Қазақстан билігі «әлі ұрлана қоймаған дүниені» арзан бағаға сатып алу үшін олигархтарға «жымқырған ақшаны заңдастыруға» мүмкіндік бермек.

Олар бұдан капиталға рақымшылық жасаумен қатар жүретін жекешелендіру халықтың кедей бөлігі мүддесін ескермей, тек байлардың мүддесін ғана көздейді. «Қазақстанның социалистік қозғалысы» белсенділері экономиканың стратегиялық салаларын еңбек ұжымдарының қадағалауымен мемлекет меншігіне алуға шақырады.

«БӨЛІСКЕ САЛУДЫ ҒАНА БІЛЕДІ»

Саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедов Азаттық тілшісіне «онсыз да 2-3 жылға кешіккен жекешелендіруді өткізген дұрыс» дейді. Оның айтуынша, қайта жаңартуға мемлекет қыруар қаржы құйған нысандардың өзін де жекешелендіру қажет.

Ол жұртты жоспарланған жекешелендіруге қарсы наразылыққа шақыруға тырысқан кейбір ҮЕҰ-дың позициясын сынайды.

Саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедов.

Саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедов.

"Социалистер байлықты бөліске салуды жақсы білгенімен, оны қалай жасауды білмейді" дейді Бөріхан Нұрмұхамедов.

​Экономист Валентин Макалкиннің айтуынша, жекешелендірудің жаңа кезеңі капиталға кезекті рақымшылық жасаумен орайластырылған деуге нақты дәлел жоқ. Бірақ экономист «бұл екі процес бір-бірімен байланысты болуы мүмкін, ал онсыз капиталға рақымшылық жасаудың мәні болмас еді» дейді.

Әлемдік тәжірибеде кейбір салалар мен өндіріс орындарын жекешелендіру мен мемлекет меншігіне алу процестері қалыпты құбылыс болып саналады әрі ұлттық экономиканы сақтап қалу мен тиімділігін арттыру мақсаттарын көздейді. Ал 1991 жылдан бастап 1998 жылға дейін үш кезеңмен өткізілген жекешелендірудің қазақстандық тәжірибесі көлеңкелі капиталды дамытқаны үшін сынға қалған.

Өйткені кәсіпорындарды сенімгерлік шартымен басқаруға берудің соңы оларды жабық тендерлерде арзан бағаға сатып алумен аяқталған. Жекешелендірудің қарсыластары ол кездегі жекешелендіру елде қымбатшылық пен жұмыс орындарының азайып кетуіне соқтырып, қоғамдағы қайшылықтарды ушықтырды деп санайды.

«Бұрынғы жекешелендіру ешқандай игілік әкелген жоқ. Жұмыссыздық 25 пайызға өсіп, еңбекке қабілетті халықтың төрттен бірі жұмыссыз қалды» дейді Қазақстанда бұдан бұрын жүргізілген жекешелендіруді сынаған экономист Валентин Макалкин.

Экономист Валентин Макалкин.

Экономист Валентин Макалкин.

Жекешелендірудің қарсыластары Қазақстанда жекешелендіру процесі ешқашан жария түрде өткен жоқ дейді. Экономист Макалкин алдағы жоспарланып отырған жекешелендірудің де жаппай жемқорлықтан ада күйде өтетіндігіне күмәнмен қарайды.

Ал саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедов керісінше, жекешелендірудің көмегімен мемлекет мойнынан артық шығындарды алуға болады деп санайды. Егер жекешелендіру өркениетті жолмен, жария түрде, қоғамның бақылауымен өткізілсе, одан ұтарымыз көп болмақ деген болжам айтады ол.

Қазақстан үкіметі жекешелендірудің жаңа кезеңіне шетелдік инвесторларды да қатысуға шақырды. Тіпті ынталандыру мақсатында оларға визалық жеңілдіктер жасау көзделген. Мысалы, АҚШ, Оңтүстік Корея сияқты бірқатар елдердің азаматтары Қазақстанға 30 күнге дейін визасыз келе алады.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG