Accessibility links

Шетелдік мамандар Қазақстанда сөз бостандығы шектеулі деген пікірде


ЕҚЫҰ-ның БАҚ бостандығы жөніндегі өкілі Дунья Миятович. Астана, 26 қараша 2010 жыл

ЕҚЫҰ-ның БАҚ бостандығы жөніндегі өкілі Дунья Миятович. Астана, 26 қараша 2010 жыл

Жұма, қарашаның 26-ы күні Астанада басталған үкіметтік емес ұйымдардың форумына қатысқан шет елдік мамандар баспасөз бостандығына қарсы қойылған кейбір шектеулер көңілдеріне қонбайтынын айтты.Ал ЕҚЫҰ-ның БАҚ бостандығы жөніндегі өкілі Рамазан Есіргеповті босатуға шақырды.


Астанада басталған үш күндік үкіметтік емес ұйымдардың форумына шет елдік мамандар да көптеп қатысты. Форумның алғашқы күнінің негізгі тақырыбы, Қазақстандағы сөз бостандығына арналды.

«ОППОЗИЦИЯЛЫҚ ТЕЛЕАРНА МҮЛДЕ ЖОҚ»

ЕҚЫҰ - ның швециялық желісінің вице-президенті Олоф Клеберг Азаттық радиосына берген сұхбатында Қазақстанда оппозициялық бірлі- жарым газет болғанымен оппозициялық телеарна мүлде жоқ дейді.

- Мен Варшавада өткен дайындық кездесуінде бір қазақстандық оппозициялық журналистпен таныстым. «Республика» газетінің жазғандарын да оқығам. Басқа газеттерді де оқығам. Менің түсінігімше Қазақстанда баспасөз бостандығы өте, өте қиын жағдайда. Оппозициялық телеарна мүлде жоқ. Радионың жағдайы қалай екенін білмедім. Ол да мәз емес шығар. Интернетке деген цензура ол анау. Мұның барлығы жастарға және қоғамның дамуына кері әсерін тигізеді, - дейді Олоф Клеберг.

«ЕСІРГЕПОВТІ КЕШІКТІРМЕЙ БОСАТУ ҚАЖЕТ»

Форумда «Баспасөз бостандығы» тақырыбында баяндама жасаған ЕҚЫҰ-ның БАҚ бостандығы жөніндегі өкілі Дунья Миятович Қазақстандағы баспасөз мәселесіндегі бірқатар проблемалардың бетін ашты. Оның пікірінше қазақстанда ең алдымен журналистерді түрмеге отырғызу мәселесін шешу қажет. Бұл ретте Дунья Миятович абақтыда отырған «Алматы Инфо» газетінің редакторы Рамазан Есіргеповті көп кешіктірмей босату керек екендігін айтады.
Үкіметтік емес ұйымдардың форумы. Астана, 26 қараша 2010 жыл.

- Қазақстанда түрмеде отырған журналист бар. Журналисті абақтыға жабу мәселесін жедел арада шешу қажет деп ойлаймын. Түрмеде отырған журналист Рамазан Есіргеповті тез арада түрмеден босату қажет. Жабылған газетті ашу керек. Жабылған газеттерді қайтадан ашу жөнінде сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевқа хат жолдағанмын. Өкінішке қарай ол шешімін таппады, - дейді ЕҚЫҰ-ның БАҚ бостандығы жөніндегі өкілі Дунья Миятович.

САНДЫҚ ҮЛГІГЕ КӨШУ

Қазақстанда қазір жедел түрде шешетін бір мәселе телеарналарды сандық форматқа көшіру, - дейді Сорос – Қазақстан қорынының «Жастар бастамасын қолдау және БАҚ» бағдарламасының директоры Айжамал Дүйшебаева.

«Көптеген елдер сияқты Женева 06 конвенциясына қол қойған Қазақстан, 2015 жылдан бастап сандық хабар тарату жүйесіне көшу қажет. Бұл біраз қаражатты талап етеді. Бұл жердегі негізгі проблема, осыны ЕҚЫҰ саммитінде көтеріп бекітіп алу керек. Сол үшін үкіметтік емес ұйымдарды тарту керек. Азаматтық қоғам осыған мүдделі болуы керек»

Оның айтуынша, Қазақстан сөз бостандығы жағынан әлемде соңғы орындардың бірін иеленеді.

Үш күнге жалғасатын форумның басқа күндері адам саудасы мен мигранттар туралы мәселелер көтеріледі.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG