Accessibility links

Қарағанды облысы Долинка ауылындағы саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінде ерекше экскурсия өтті. Келген адамдар Карлаг тұтқындарының қандай тозақтан өткенін көрді.

«Карлагтағы түнге» Қарағанды облысынан, тіпті Астана қаласынан бірнеше жүз адам келді. Экскурсия мамырдың 19-ы күні болды. Карлаг – Сталин тұсында Совет Одағының барлық аймағында болған ГУЛАГ-тың ең ірі бөлімшелерінің бірі.

Карлагтың бұрынғы басқарма ғимараты алдында үрмелі аспаптар оркестрі ойнап тұрды. Әуелі шақыру билетімен келген адамдар ғана кірді, соңынан жұрттың бәрін кіргізді. Экскурсия бірнеше сағатқа созылды.

Гид музей қонақтарына түрме госпиталін, камераларды, азаптау бөлмесі мен Карлаг басшысының кабинетін көрсетті.

- Мынау - Карлаг басшысының кабинеті. Лагерьді әр жылдары 11 басшы басқарған. Карлагтың бірінші басшысы Отто Биннің кезінде басшылық отбасылардың бірге болуына рұқсат еткен. Әйелдер мен ерлердің бірге тұрып, жұмыс істеген кезі сол-ақ болды, - деді гид.

ТҮРМЕ ІШІНДЕ "ТІРІЛГЕН" КӨРІНІСТЕР

Бір бөлмеде артистер жас әйелді өз әкесіне қарсы куәлік беруге мәжбүрлеп жатқан көріністі қойды. Түрме күзетшісінің тұтқынды сабап жатқан сәті де бейнелі түрде көрсетілді.

Бірақ музей қызметкерлері әзірлеген шаралардың кейбірі көрсетілмей қалды. Музей директоры Светлана Байнова «Шенеуніктердің сұрауы бойынша, адамдардың психикасын жаралап, шошытпау үшін бірнеше көріністі алып тастадық» дейді. Бастапқыда «музейге келген адамдар тұтқындардың киімін киіп, олар көрген азапты өз басынан кешіреді» деп хабарланған еді. Бірақ оның бәрін музей қызметкерлері «көріп» шықты. Олар тұтқындар мен НКВД тергеушілеріне, куәгерлерге «айналып», Карлаг өмірінен қойылымдар көрсетті.
Карлаг 1931 жылы желтоқсанның 19-ы күні құрылып, 1959 жылы жабылған. Бұл - ГУЛАГ-тың ең ірі бөлімшелерінің бірі.

Келген адамдардың айтуынша, оларға ең қатты әсер еткен дүние - карцер мен лазареттегі, ерлер мен әйелдер камераларындағы азаптау көріністері және басқарма бастығының кабинеті мен вагондағы қойылымдар. Мұнда саяси тұтқындар кәнігі қылмыскерлермен бірге отырған. Гримм жаққан кейіпкерлердің өмірі көрерменді шошытты. Қонақтар лагердің қара наны мен арпадан пісірілген ботқадан дәм татты. Бұл ботқадан тұтқындар ісініп кететін болған. Ал депортация залында көрерменге құрт (тағам – ред.) берілді. Тұтқындарға жергілікті қазақтар құрт беріп, аштықтан құтқарған. Барлық қойылымдар ГУЛАГ туралы кинолар мен кітаптардағы оқиғалар бойынша көрсетілді.

Карлаг 1931 жылы желтоқсанның 19-ы күні құрылып, 1959 жылы жабылған. Бұл - ГУЛАГ-тың ең ірі бөлімшелерінің бірі. Мұнда жас баладан бастап, қарттарға дейін, сталиндік қуғын-сүргіннің мыңдаған құрбандары азап көрді.
  • 16x9 Image

    Елена ВЕБЕР

    Елена Вебер - шығармашылық псевдоним. Елена - 2010 жылдан бері Азаттықтың Қарағанды облысы бойынша тілшісі. Теміртау қаласында тұрады. ҚарҰУ-дің филология факультетін бітірген.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG