Accessibility links

Биылғы «Мұражайдағы түн» акциясы тез бітті


Орталық мемлекеттік музей. Алматы, 16 мамыр 2014 жыл

Орталық мемлекеттік музей. Алматы, 16 мамыр 2014 жыл

Бірнеше қызық көрме ұсынылғанымен, биыл Алматыда өткен «Мұражайдағы түн» акциясына алдыңғы жылдарға қарағанда адам аз жиналды. Түнде мұражайларға қалалық автобус жүрмейді.

Баспасөз хабарламасында Алматыдағы «Мұражайдағы түн» акциясына қатысушылар саны үздіксіз өсіп келеді деп жарияланғанымен, биыл келушілердің қарасы аз болды. Алдын ала шығарылған қорытынды бойынша, акция аяқталуға жарты сағат қалғанда мұражайға шамамен 5 мыңдай адам келген. Былтырғы дерек бойынша - 7 500 адам болған еді.

Жұрттың «Мұражайдағы түн» акциясына деген ықыласы неліктен түсіп кеткенін түсіндіру қиын. Акция аясында түрлі көрмелер, әнші-бишілердің қатысуымен ойын-сауық бағдарламасы, дәстүрлі арт-базар ұйымдастырылды. Ересектерге арналған билет құны да арзан - 100 теңге болды.

Бірақ алдыңғы екі жылмен салыстырғанда , биылғы акцияның өзіндік ерекшелігі байқалмады. Экспозицияларды тамашалауға даңғырлаған музыка үні кедергі жасады. Былтыр ұйымдастырушылар Азаттық тілшісіне «келешекте концерттік бағдарламаны ғимараттың сыртында өткізуді ойластырамыз» деген еді. Бірақ бұл уәде орындалмады.

АТАҚТЫ АДАМДАРДЫҢ САҒАТТАРЫ

Халықаралық «Мұражайдағы түн» акциясының 17 жылдық тарихы бар. Алматы қаласында 2006 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан акцияға орталық мемлекеттік мұражай үзбей қатысады. Биылғы акция 18 мамыр - халықаралық мұражай күні қарсаңында өткізілді.

Мемлекеттік орталық мұражайға келушілер «Мұражайдағы түн-2014» акциясы кезінде Қазақстанның белгілі қайраткерлерінің сағаттарымен танысты.

Келушілердің назарына «Павел Буре» фирмасының үш сағаты ұсынылды. 1917 жылғы революцияға дейін Ресей империясының сағат нарығының 50 пайызын осы сағаттар жаулаған. Бұл - екінші Николай өмірінің соңына дейін таққан, Иосиф Сталин, Никита Хрущев және ондаған мың адам пайдаланған сағат. Олардың арасында жазушы, әрі советтік Қазақстан үкіметінің төрағасы Сәкен Сейфуллин де бар. Әйнектелген көрме сөресінде тікбұрышты формада алтыннан қалыпталған корпусы бар шағын қол сағаттары қойылған.
Сәкен Сейфуллин таққан сағат.

Сәкен Сейфуллин таққан сағат.


«Павел Буре» сағатын қазақ ағартушысы Ыбырай Алтынсарин де таққан. Бірақ оның қалта сағатының пішіні дөңгелектеу, сәл салмақтылау.

Совет кезеңіндегі қайраткерлер таққан сағаттардың көбі Совет Одағында жасалған. Академик Қаныш Сәтпаев мұндай сағаттың «Москва», қоғам қайраткері, әрі альпинист Рудольф Маречек - «Звезда», дипломат, әрі музыкант Шәріп Омаров - «Молния», археолог Кемел Ақышев «Слава» маркасын таққан.

Көрмеге мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасы Әлихан Байменовтің де қол сағаты қойылыпты. Бұл - 21 ғасырда шыққан сағат. Сағат циферблатына жазылған «Ақ жол» партиясы атауына қарағанда, қазіргі шенеунік бұл сағатты оппозиционер кезінде таққаны байқалады.

Мұхтар Әуезовтің қырынан түскен бейнесі бедерленген «Полет» маркалы сағаттың циферблатында қазақ тілінде «100 жыл М.Әуезов» деген жазу бар. Бұл сағат қазақ әдебиеті классигінің 100 жылдығына арнап шығарылған.

Ағылшын тілінде «N. NAZARBAEV THE FIRST PRESIDENT OF KAZAKHSTAN» деген жазуы мен Қазақ ССР-інің туының (1992 жылдың 4 маусымына дейін қолданылған) суреті бар Нұрсұлтан Назарбаевтың қол сағаты да көрмеде тұр. Қазақстан тәуелсіздік алған жылдары осындай сый-тарту сағаттарының бір партиясы шығарылған болуы керек. Экспозицияға тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіровке сыйға берілген бір данасы да қойылыпты.

ТРАНСПОРТ ҚИЫНДЫҒЫ

Акция кезінде мемлекеттік орталық мұражай ғимараты алдынан бір де бір жолаушы автобусы көрінбеді. Түнгі сағат 21.00-ден кейін Алматыда қоғамдық көлік күтуден қайыр жоқ. Метро істегенімен, онымен алысқа бара алмайсың. Есесіне Фурманов көшесі мен мұрайжай баспалдағы арасындағы тар алаңда сығылысқан жеке меншік автомобильдер қаптап тұр.
"Жас ұлан" ұйымының мүшелері музей гидін тыңдап тұр. Алматы, 17 мамыр 2013 жыл

"Жас ұлан" ұйымының мүшелері музей гидін тыңдап тұр. Алматы, 17 мамыр 2013 жыл


Мемлекеттік орталық мұражай жанындағы мәдени-білім беру орталығы қызметкері Анна Кущенконың Азаттық тілшісіне айтуынша, 2011-2012 жылдары мұражайлар акциясы өтетін мезгілде үш мұражай арасында автобус маршрутын ұйымдастыруды сұрап, әкімдікке өтініш жолдаған. Әкімдік көмектесуге уәде еткен, бірақ сол күйі ештеңе істемеген.

Анна Кущенко «қалалық әкімдіктің бұл мәселеге салғырт қарауының бір себебі - акцияға негізінен республикалық деңгейдегі мұражайлар қатысатындықтан шығар» деп болжайды. Алматыда қалалық әкімдікке қарайтын бірнеше мұражай бар. Ал олардың «Мұражайдағы түн» халықаралық акциясына қатысқаны байқалмайды.

Акция идеясы туған Германияның Берлин қаласында «Мұражайдағы түн» кезінде жұрттың жергілікті мұражай көрмелерін алаңсыз тамашалауына жағдай жасау үшін қоғамдық көлік мұражайға баратын арнайы маршруттар ұйымдастырады.
XS
SM
MD
LG