Accessibility links

Полицейлер ісі сотқа бір жылдан соң жетті


Николай Синявин. Қыркүйек, 2014 жыл. Сурет отбасылық архивтен алынды.

Николай Синявин. Қыркүйек, 2014 жыл. Сурет отбасылық архивтен алынды.

Қарағанды облысында мүгедек адамды азаптады деп айыпталған бұрынғы полиция қызметкерлеріне қатысты сот ісі басталды. Сотталушылар бұрын айтқан сөздерінен бас тартып, куәгерлер түсініктемесін өзгертіп жатыр.

Нұра ауданындағы Ахмет ауылының тұрғыны, 33 жастағы мүгедек Николай Синявин бұрынғы үш полиция қызметкерін өзін азаптады деп айыптайды. Оның айтуынша, Нұра ауданындағы полиция бөлімшесінде өткен тергеуден соң мойын омыртқасы сынып, белі мен басына зақым келген. Синявин прокуратураға өтініш берген соң, қылмыстық іске қатысты тергеу жұмыстары бір жылға созылды.

Николай Синявин полицияның үш қызметкері өзіне «ұрлық жасадым деп мойындату үшін физикалық және психикалық зақым келтірді» дейді. Тергеуді Қарағанды облысының арнайы маманданған прокуратурасы жүргізді. Енді оны сотта қарап жатыр. Бірақ сот процесі басталғаннан бері жауаптан сұрақ көбейіп кетті.

«ӘДІЛ СОТТАН ҮМІТТЕНЕМІН»

Жапа шегуші Николай Синявин Қарағанды облысы, Нұра ауданы, Ахмет ауылында тұрады. Ол аудан орталығы Киевкадағы сотқа 40 километр қашықтықтан келеді. Өзінің айтуынша, Николай жол жүргенде, әсіресе, күн ыстықта қатты қиналады. Соттың істі қарауы да оған физикалық және моральдық тұрғыда ауыр тиіп жатыр. Бірақ әділдікке жету үшін шыдаймын дейді.

- Әділетті сот болады, әлгі полицейлерді жазалап, темір торға қамайды деп үміттенемін. Әйтпесе, форма кигендер «бізге бәрін істеуге болады» деп өздерін әркез жазасыз сезінеді. Оларды бас бостандығынан айырса деймін, бітім жасауға көнбеймін, - деді Азаттыққа жапа шегуші Николай Синявин.

Айтуынша, ол жарақат алғаннан бері жұмыс істей алмайды. Ата-анасымен бірге тұрады, шамасы келсе шаруашылық жұмыстарына көмектеседі. Үй шаруасынан бос уақытында балық аулайды, бірақ жақын адамдарымен бірге барады. Өйткені кейде жағдайы нашарлап кетеді.

Николай Синявиннің анасы Любовь Битнер. Теміртау. 23 желтоқсан, 2014 жыл.

Николай Синявиннің анасы Любовь Битнер. Теміртау. 23 желтоқсан, 2014 жыл.

- Болған жағдайдан соң оған «жарақаттан кейінгі самай эпилепсиясы» деген диагноз қойылды. Үнемі басы ауырып, денесі құрысады. Жүрек соғысы тоқтап қалды. Бетін әзер бері қаратып алдық. Бұл - тергеуден соң үйге оралып келе жатқанда болған оқиға. Машинада жағдайы қиындап, есінен айрылды. Тамыры соқпай қалды. Әкесі екеуіміз бәрі бітті деп ойладық. Құдайға шүкір, жүрек тұсынан үш рет жұдырықпен ұрып жіберу керек деген ой келді. Аяқ астынан солай еттім. Ол тыныстай бастады, біртіндеп өзіне келді. Бірақ өзіне не болғанын ұзақ уақыт түсіне алмады, көзі шарасынан шығып кетті. Сосын Астанадағы кардиология бөлімінде емделді. Өте қатты қорықтық, - деді Азаттыққа Николайдың анасы Любовь Битнет. Ол ұлының ісі бойынша куәгер болып жүр.

БҰРЫНҒЫ ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ СӨЗДЕРІНЕН БАС ТАРТТЫ

Мүгедек Николай Синявинді азаптауға қатысты қылмыстық іс бойынша тыңдау судья Сәлима Жүпенованың төрағалығымен Киевка елді мекенінің аудандық сотында өтіп жатыр. Үш айыпталушы – бұрынғы полиция қызметкерлеріне – «Алдын ала келісім бойынша топпен адам азаптау» бабы бойынша қылмыс жасады деген айып тағылған. Айыпталушылардың біріне тағы да «Билікті немесе лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану» деген де айып тағылды.

Синявиннің ісі бойынша тергеу басталған соң Қарағанды облысы ішкі істер департаменті басшысының бұйрығымен полиция қызметкерінің үшеуі де «қызметтік тәртіпті дөрекі бұзып, құқық қорғау мекемесінің беделін түсіретін әрекет жасағандары» үшін қызметтен қуылды.

Адам азаптады деп айыпталған бұрынғы полицейлер сот кезінде бұл іске қатысы барларын терістейді. Сол күні Николай Синявинді «көрген жоқпыз», «ұрған жоқпыз», ол күні «мүлдем басқа жерде болдық» дейді.

Азаттық айыпталушылардың өздерімен сөйлесе алмады. Бұрынғы полицейлердің қорғаушысы Павел Фейст баспасөз өкілдерімен байланысқа шықпайды. Ол бірнеше мәрте түсініктеме беруден бас тартып, «сот аяқталмайынша іс бойынша пікір білдіруге құқы жоқ екенін» алға тартты.

КУӘГЕРЛЕР ТҮСІНІКТЕМЕСІН ӨЗГЕРТТІ

Істің анық-қанығына жетуге көмектеседі деген куәгерлер енді бұрынғы сөздерінен бас тартып, сауалды көбейтіп жіберді. Тергеу кезінде олардың бірі «бөлімше қызметкері көршім Синявиннің қолын бұрап, оны көлікке отырғызғанын көрдім, көршімді қорғамақ болғанымда мені ұрып жіберді» деген еді. Енді Синявиннің көршісі бұрынғы куәліктерінен бас тартып, «қылмыстық қудалау мекемелерінің қысымымен осындай куәлік бердім» деп отыр.

Николай Синявин. Ахмет ауылы. 2011 жыл.

Николай Синявин. Ахмет ауылы. 2011 жыл.

- Сот кезінде прокуратура жалған хабар жеткізіп, өтірік куәлік берген осы куәгерге қатысты шара қабылдау жайлы шағым түсірді. Сот оны әзірге қараған жоқ, - деп хабарлады Азаттыққа Нұра ауданының прокуратурасы.

Телефон арқылы Николай Синявиннің анасына болған жағдайды хабарлаған куәгер де сотта бұрынғы сөзінен бас тартып, полиция қызметкерлерімен байланысқысы келмейтінін, Синявиннің анасына қоңырау шалмағанын айтып шықты.

- Ол тіпті түсініктемесін неліктен өзгерткенін түсіндіре де алмады, - дейді прокуратура.

Оған қоса Николай Синявинді тергеуге себеп болған ұрлық іс оқиғасы әлі тергеліп жатыр. Прокуратурада Синявинге қатысты «Тонау» бабы бойынша қозғалған іс әлі «қаралуда» дейді. Бұл істі бұрын сотқа беру жоспарланған еді, бірақ прокуратура оны қосымша тергеу үшін кері қайтарды.

(Мақаланы орыс тілінен аударған – Динара Әлімжан.)

  • 16x9 Image

    Елена ВЕБЕР

    Елена Вебер - шығармашылық псевдоним. Елена - 2010 жылдан бері Азаттықтың Қарағанды облысы бойынша тілшісі. Теміртау қаласында тұрады. ҚарҰУ-дің филология факультетін бітірген.

XS
SM
MD
LG