Accessibility links

Нобель сыйлығы иегерлері студенттерге дәріс оқыды


Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінде Нобель сыйлығы лауреаттарымен өткен онлайн режимдегі кездесу. Алматы, 24 мамыр 2012 жыл.
Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінде Нобель сыйлығы лауреаттарымен өткен онлайн режимдегі кездесу. Алматы, 24 мамыр 2012 жыл.

Астанадағы экономикалық форумға қатысқан Нобель сыйлығының лауреаттары Джон Нэш пен Эдвард Прескотт бүгін түстен кейін онлайн режимде Қазақстанның он шақты оқу орындарының студенттерімен видео-конференция өткізді. Алматылық студенттер конференцияда дауыстың сапасыз болғанын, ал астаналық студенттер лекторлардың уақыты аз болғанын айтты.

Конференция Астанадағы Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өтті. Әр аймақтағы оқу орындары оған интернет арқылы қосылып, конференцияны көріп, қонақтарға сұрақ қойды.

«СТУДЕНТТЕРДІ ШЫҒАРМАУ ТУРАЛЫ ҚАТАҢ НҰСҚАУ БАР»

Мұндай конфренцияның бірі Алматыдағы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің химия факультетінің кіші залында өтті.

Жиын басталар уақытта факультет басшылығы студенттерді тізім бойынша тексеріп, жиын бойы олардың кетіп қалмауын қатаң бақылап отырды. Есікті күзеткен бір-екі адам тіпті кей кездері залдың есігін сыртынан құлыптап тастады. Ал факультет басшылығы өкілдері сыртқа шығып келуге сұранған студенттерге «студенттерді шығармау туралы қатаң нұсқау бар, болмайды» деп, қатаң ескерту жасап отырды.

Ортаға орнатылған экраннан жалпы жиын барысын қадағалау мүмкін болғанмен, сөйлеп жатқан адамдардың даусы өте сапасыз естілді. Жиын модераторы
Нобель сыйлығының лауреаты Эдвард Прескотт. Астана, 24 мамыр 2012 жыл.
Нобель сыйлығының лауреаты Эдвард Прескотт. Астана, 24 мамыр 2012 жыл.
қонақтарды сахнаға кезек-кезек шақырып, тек ағылшын тілінде ғана сөйлесіп отырды. Аударма қызметі болған жоқ.

Шамамен екі сағат көлемінде Нобель сыйлығының лауреаттары Джон Нэш пен Эдвард Прескотт қана сөйлеп үлгерді.

Қазақ ұлттық университеті студенттері қонақтарға тек бір ғана сұрақ қоя алды. Сұрақ қойған экономика және бизнес жоғары мектебінің докторанты Анель Сахариева техникалық себептерге байланысты жауапты да дұрыс ести алмағанын айтады.

Ол лауреаттардың бірі Эдвард Прескоттың «әрбір Қазақстан тұрғынына депозит ашып беріп, оған мұнайды сатудан түскен табыстың бір бөлігін салып отыру керек» деген ұсынысына орай сауал қойған екен.

- Прескот мырзаның ойынша, бұл әрбір тұрғынға жеке капитал жинақтауға мүмкіндік беріп, бұдан әрі экономиканы инвестициялауға жол ашады, осы арқылы Қазақстан
Нобель сыйлығының лауреаты Джон Форбс Нэш. Астана, 24 мамыр 2012 жыл.
Нобель сыйлығының лауреаты Джон Форбс Нэш. Астана, 24 мамыр 2012 жыл.
тез арада АҚШ сияқты дамыған елдердің қатарына қосылады. Мен Джон Нэш ​мырзаға «осы идеяны қолдайсыз ба, егер қолдасаңыз, неліктен қолдайтыныңызды айтыңызшы» деген сұрақ қойдым. Бірақ дауыс сапасыз болғандықтан Нэш мырзаның жауабын аса түсінген жоқпын, – дейді Анель Сахариева жиын барысында Азаттық тілшісіне.

Сағат түскі үштен өте басталған видео-конференция сағат беске таман аяқталды. Жиын соңында студенттерден конференцияға қатысты пікірлерін сұраған едік.

Халықаралық құқық факультетінің студенті Евгений Кожин жиынның техникалық ұйымдастырылу жағы ұнамағанын айтады.

– Енді технология аса қатты дамыған жоқ қой. Сол себепті көп нәрсе түсініксіз күйінде қалды. Жалпы, жиында айтылған нәрселермен келісемін. Мұсылман желісін құру жағын да қолдаймын. Менің ойымша, бұл маңызды нәрсе. Интернет барлық адамға арналуы тиіс, – дейді ол.

Көптеген студенттер өз пікірлерін айтқысы келмей қашқалақтады. «Түк түсінбедім», «сабақтан шаршап келген едік» деп себеп айтқандар да болды.

«ҚОНАҚТАРДЫ ЖАРНАМА ҮШІН ШАҚЫРАТЫН СИЯҚТЫ»

Астанада өткен осы конференцияға қатысқан Азаттық тілшісінің айтуынша, жиында сөйлеген Джон Нэш пен Эдвард Прескотт әлемдік экономикалық дағдарыстың себептері мен салдары, адам капиталы ұғымы сияқты экономикалық мәселелерге тоқталған.

Нобель сыйлығы лауреаттары кеткен соң форум қонақтарының бірі, Salamworld мұсылмандарға арналған әлеуметтік желісі жобасының басшысы Абдул-Вахид Ниязов сөйлеп,
Абдул-Вахид Ниязов. Астана, 24 мамыр 2012 жыл.
Абдул-Вахид Ниязов. Астана, 24 мамыр 2012 жыл.
мұсылмандық интернет кеңістігін дамыту мәселесіне көп тоқталды. Оған ешкім сұрақ қойған жоқ. Ниязовтың сөзінен кейін жиын да аяқталды.

Жиын соңында Азаттық тілшісі Абдул-Вахид Ниязовқа: «Сіз ұсынған әдебиеттерде хиджаб киген қыздар туралы айтылған екен. Ал Қазақстанда қазір құлшылық ету бөлмелерін жауып жатыр, хиджаб киген қыздарды оқу орны қуғындайды – осының барлығы қалай реттеледі деп ойлайсыз?» деген сұрақ қойды.

– Менің ойымша, мұның бәрі – уақытша нәрсе. Қазақстан тәуелсіз мемлекет болды. Шетелден біреулер оған қалай жүріп-тұру керектігін айтады деу қиын. Мұндай нәрсе басқа елдерде де болды. Бәрі мұны бастан кешірді. Сондықтан мәңгілік ақиқат бәрібір бірте-бірте қалпына келеді деп ойлаймын, – деп жауап берді ол.

Еуразиялық ұлттық университетінің магистранты, «студенттердің азаматтық-қоғамдық белсенділігінің төмен» екенін айтқан Азамат Сүлеймен залды толтыру үшін студенттерді оқытушылар күштеп әкелуге мәжбүр болғанын айтады. Ол лекторлардың уақыты да аз болғанына қынжылды.

– Мұхиттың ар жағынан келген небір белгілі ғалымдар уақыт аз болғандықтан сүттің бетін қалқып қана, әр нәрсенің басын бір шолып, еркін көсіле алмады. Оның үстіне
Нобель сыйлығы иегерлерінің лекциясына келген студенттер. Астана, 24 мамыр 2012 жыл.
Нобель сыйлығы иегерлерінің лекциясына келген студенттер. Астана, 24 мамыр 2012 жыл.
түске дейінгі дәрісте басталғанына жарты сағат болмай жатып «Ақордада президентпен кездесуі керек» деп шұғыл алып кетсе, түстен кейін де бір жарым сағат уақыттан кейін «брифингке баруы тиіс» деп тағы дедектетіп ала жөнелді. Алыстан алдырған қонақтарды «болашақ мамандар алдында пайдалы кеңес, тәжірибесімен бөліссін» деп емес, тек әр жерде бір жарнамалап, көрсетуі үшін шақыратын сияқты, – деді Азамат Сүлеймен.

Ол бүгінгі жиында «Нобель сыйлығының иегері болуы үшін қазіргі студент қандай еңбек атқаруы тиіс» деген тақырып студенттерге пайдалырақ болғанын» айтты.

Мамырдың 22-24-і аралығында Астанада өткен бесінші экономикалық форумға Нобель сыйлығының 11 лауреаты (Роберт Манделл, Эдвард Прескотт, Джон Нэш, Эрик Маскин, Роберт Ауманн, Финн Кидланд, Кристофер Писсаридес, Мюррей Гелл-Манн, Ада Цонат, Сэр Ричард Джон Робертс және Кэрри Бенкс Муллис) қатысты.

Президент әкімшілігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, мамырдың 24-і күні президент Нұрсұлтан Назарбаев форумға қатысқан лауреаттармен кездесіп, оларды марапаттаған.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG