Accessibility links

Назарбаевқа «Нобель» алтыншы мәрте бұйырмады


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Берлин, 8 ақпан 2012 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Берлин, 8 ақпан 2012 жыл.

2012 жылы алтыншы мәрте Бейбітшілік бойынша Нобель сыйлығына ұсынылған Қазақстан президентіне жоғары награда тимеді.

Қазанның 12-сі күні Осло қаласында бейбітшілік бойынша Нобель сыйлығы Еуропа Одағына берілетіні жарияланды. Ұйым таратқан ресми ақпаратқа сәйкес саяси құрылымның "60 жыл бойы Еуропада бейбітшілік пен татулықты, демократия мен адам құқықтарын сақтауға қосып келе жатқан үлесі" ескерілген.

Ресми ақпарат бойынша, биыл бейбітшілік сыйлығына 188 адам және 43 ұйым ұсынылған.

ПРЕЗИДЕНТ НАЗАРБАЕВ ЖӘНЕ НОБЕЛЬ СЫЙЛЫҒЫ

Кейбір бейресми дерек көздері Қазақстан үкіметінің президент Нұрсұлтан Назарбаевты Нобель сыйлығына ұсыну жолдарын 2000 жылдардың басынан қолға алғанын айтады.

2003 жылы бұл мәселе бойынша Қазақстанның ресми өкілдері халықаралық деңгейде қолдау іздей бастайды.


(Суреттегі түймелерді бассаңыз, Нұрсұлтан Назарбаевты Нобель сыйлығына кімдер ұсынғанын оқи аласыз).

Ал 2006 жылы Қазақстан халқы ассамблеясы, пәкістандық теолог пен америкалық конгресмен ресми түрде президент Назарбаевты Бейбітшілік бойынша Нобель сыйлығына алғаш рет ұсынады. Ресми себеп - "әлемде бейбітшілікті сақтауға және халықтар арасындағы достықты нығайтуға қосқан үлесі үшін".

Әйткенмен бұл жылы сыйлықты Бангладештегі ең кедей топтарға тиімді несие беру ісін жетілдіріп, "кедейлер банкін" құрған, жүздеген мың адамды ашаршылық пен қайыршылықтан құтқарып қалған Мухаммад Юнус алды.
Мухаммад Юнус, бангладештік экономист, "Грамин" банктің негізін қалаушы. 9 желтоқсан 2012 жыл.

Мухаммад Юнус, бангладештік экономист, "Грамин" банктің негізін қалаушы. 9 желтоқсан 2012 жыл.


2008 жылы АҚШ Конгресінің екі мүшесі Қазақстан президентін "ядролық қаруды таратпау ісіне қосқан үлесі" үшін сыйлыққа тағы ұсынады.

Дегенмен бұл жолы фин дипломаты Мартти Ахтисаари БҰҰ-ның қызметкері ретінде бірнеше құрлықта басын қатерге тіге жүріп қарулы қақтығыстардың алдын алып, өте сәтті бітімге шақыру жұмыстарын жасағаны үшін Бейбітшілік сыйлығына лайық деп танылды.

2009 жылы шешенстандық балалар үйі Қазақстан президентінің сталиндік қуғын-сүргіннен жапа шеккендерге жасаған қамқорлығы үшін оны сыйлыққа қайыра ұсынады.

Алайда оның жолын АҚШ-тың қара нәсілден сайланған тұңғыш президенті Барак Обама кесті.

2010 жылы Дүниежүзілік түркі елдері ассамблеясы атты ұйым жетекшісі мен түрік журналисі президент Назарбаевты Семей полигонын жапқаны үшін және бір мәрте ұсынады.

Бірақ бұл жолы Бейбітшілік сыйлығы әлемдегі ең репрессивтік режимдердің бірінде ұзақ жылдар бойы тынбай адам құқықтары үшін күресіп келе жатқан қытайлық қоғам қайраткері Лю Сяобоға тапсырылды.
Қытайлық диссидент Лю Сяобо (оң жақта) әйелімен.

Қытайлық диссидент Лю Сяобо (оң жақта) әйелімен.


2011 жылы Нұрсұлтан Назарбаевты Нобельге ұсынушылар саны күрт артты. Норвегиялық үкіметтік емес ұйым, "Ақ Орда" қозғалысы, шешен-ингуш мәдени орталығы, Қырғызстан парламенті президент Назарбаевтың "ядролық қарусыздану мен бейбітшілікті нығайтуға қосқан үлесін" атай отырып, оны Бейбітшілік сыйлығына лайық тұлға ретінде танитындарын жеткізеді.

Бірақ Африка мен араб әлемінен шыққан үш бірдей әйел қайраткер бұл жолы да Қазақстан президентіне Нобель сыйлығын әпергісі келетіндерді жерге қаратты. Өз елдерінде болып жатқан қоғамдық-саяси өзгерістерге тікелей ықпал еткен Либерияның демократиялық жолмен сайланған президенті Эллен Джонсон-Серлиф, осы елдің қоғамдық белсендісі Лейма Гбови мен йемендік оппозиция жетекшісі Тавакул (Тәуекел) Карман Бейбітшілік сыйлығын бөліп алды.

Биыл тамыз айында Астанада өткен «Ядролық сынақтарға тыйым салудан - ядролық қарудан азат әлемге» атты халықаралық конфе­ренцияда БҰҰ-ның канадалық өкілі Дуглас Рош пен АҚШ конгресінің мүшесі Ени Фалеомаваега Қазақстан президентін Бейбітшілік бойынша Нобель сыйлығына алтыншы мәрте ұсынды. Бұл бастаманы Жапония парламентінің депутаты Хироюки Морияма да қолдап шыққаны туралы хабар тарады.

Әйткенмен 2012 жылғы Бейбітшілік бойынша Нобель сыйлығы жарты ғасырдан астам уақыт кәрі құрлықтағы интеграция мен демкоратиялық ахуалды жақсартуға қосқан үлесі үшін Еуропа Одағына табыс етілді.

ШАРП ПЕН TWITTER

Бұған дейін қазанның 11-і күні батыстық Foreign Policy басылымы басты үміткерлердің тізімін жариялаған. Бұл мақалада Қазақстан президентінің есімі жоқ. Бірақ Билл Клинтон, "Эхо Москвы" радиосы, "Каирдің Тереза анасы" мен Джулиан Ассанжге дейін бар болатын.

Ослодағы бейбітшілікті зерттеу институтының директоры Кристиан Берг Харпвикен жыл сайын үздік үміткерлердің тізімін жасауды әдетке айналдырған. Foreign Policy басылымының жазуынша, осы рейтингтің басында Альберт Эйнштейн институтының жетекшісі Джин Шарп тұр. Басылымның жазуынша, саясаттанушы Шарптың еңбектері Шығыс Еуропадағы демократиялану процестері мен «Араб көктемі» кезінде азаматтық белсенділікке зор ықпал еткен.

Foreign Policy басылымы жеңуге мүмкіндігі мол үміткер ретінде әйелдердің құқығын қорғаушы, ауғандық қоғам белсендісі Сима Самардың есімін де атайды. «Ауғанстан АҚШ-тан кетуге дайындалып жатқан кезде Самар қоғам назарын ауған әйелдерінің тағдырына аудартуы мүмкін» деп жазған басылым.
Ауғанстандық адам құқығын қорғаушы Сима Самар. Кабул, 30 қыркүйек 2012 жыл

Ауғанстандық адам құқығын қорғаушы Сима Самар. Кабул, 30 қыркүйек 2012 жыл


Одан бөлек "Каирдің Тереза анасы" атанып кеткен египеттік белгілі қоғам және дін қайраткері Мэгги Гобран да тізімге кірген болатын.

Foreign Policy «1980 жылдан бастап совет дәуіріндегі қуғын-сүргін мәселелерін зерттеп, адам құқығы бойынша тынбастан еңбек етіп келе жатқан» ресейлік «Мемориал» ұйымында да жеңу мүмкіндігі көп екенін жазған. Басылым сонымен қатар «үздіктер» қатарында «Эхо Москвы» радиосын да атай кеткен еді.

«...Егер норвегиялық Нобель комитеті осы жылы ақпарат құралдарының бостандығын атап өткісі келсе, онда тәуелсіз «Эхо Москвы» радиосы жеңуі мүмкін» деп жазған басылым.

Басылым атап өткен «үздіктер» қатарында АҚШ-тың бұрынғы президенті Билл Клинтон, Германияның бұрынғы канцлері Гельмут Коль, Нигериядағы христиан және мұсылман қауымының жетекшілері Джон Онайекан мен Мұхаммед Саад Әбубәкір, Сербиядағы диктаторлық режимді құлатуда зор рөл атқарған жастар ұйымының өкілі Срджа Попович, т.б. бар.
Тунистік блогер Лина Бен Мени. Тунис, 6 қазан 2011 жыл

Тунистік блогер Лина Бен Мени. Тунис, 6 қазан 2011 жыл


Биыл үміткерлер қатарына интернет саласына қатысы бар адамдар да қосылған. Foreign Policy басылымының жазуынша, тунистік блогшы Лина Бен Мени, египеттік революционер Уаэль Гоним, Исрадағы жастар ұйымының өкілі Абдель Фаттах та тізімде бар.

«Егер жеңсе, олар алғашқы жеңімпаз интернет белсенділері атанар еді. Және олардың жеңістері сөз бостандығының қажеттілігі туралы олардың үкіметтеріне жолданған үндеу ретінде көрінер еді» деп жазған басылым.

Үздік кандидаттар қатарында сонымен бірге WikiLeaks-тің негізін қалаушы Джулиан Ассанж, Facebook, Twitter, Wikipedia жобалары мен олардың құрылтайшылары да болған. Бірақ бұл жолы Бейбітшілік сыйлығын саяси құрылым - Еуропа Одағы еншіледі.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG