Accessibility links

Норвегия босқындарға баспана беруді азайтып, заңсыз келген шетелдіктерді жаппай елден шығаруға кірісті. Соңғы екі жылда Қазақстаннан барған босқындардан түскен 53 өтініштің 27-сі кері қайтарылды.


Шешен ұлтының 40 жасар өкілі Магомедті алдын-ала ескертпестен түн жарымында оятып алып, Норвегиядан шығарып жіберді. Өз қауіпсіздігін ойлаған Магомед біздің тілшімізге толық аты-жөнін айтқысы келмеді. «Норвегияда баспана күтіп жүргеніме жеті жыл болса да, баспана беруден бас тартылғаны жөнінде хабарлаған да жоқ» дейді ол.

– Олар бізді Мәскеуге әкеліп, тағдыр тәлкегіне тастады да кетті, – дейді Магомед. – Көпшілігімізде тиісті құжаттарымыз да жоқ еді, сондықтан шекарада ұзақ кідіртті. «Біздің міндетіміз – сендерді Ресей билігінің қолына тапсыру» деді норвегиялық шенеуніктер.

Қазір Магомед Шешенстанда ата-анасымен бірге тұрып жатыр. Күнкөріс көзі жоқ, бірақ кімнен жәрдем сұрайтынын да білмейді. Бұл бір ғана Магомедтің басындағы жағдай емес. Норвегияда жүрген 50-ден аса отбасы дәл осылай бір түнде Ресейге жөнелтілді.

«ҚОНАҚЖАЙЛЫҚ» АЗАЙДЫ

Бертінге дейін Норвегия Еуропадағы ең «иі жұмсақ» мемлекет еді. Бірақ соңғы кездері жағдай күрт өзгерді. Норвегия билігі заңсыз иммигрантарды елден жаппай шығаруға кірісіп, 2010 жылы баспана сұраушылардың азайғанына да қарамастан баспана беруден бас тартуды көбейтті. Бұл Еуропадағы ең «қонақжай» мемлекеттің де баспана беру рәсімі қатайғанын көрсетеді.

Норвегиялық көші-қон басқармасының 2009 жылдың қаңтары мен 2011 жылдың ақпаны арасындағы мәліметтеріне қарасақ, қатаң шаралар негізінен мұсылман елдерден келіп жатқандарға жасалып отырғанын аңғару қиын емес. Баспана алудан үміт үзгендердің көпшілігі – Ауғанстан, Ирак елдері мен Солтүстік Кавказ өңірінің өкілдері. Бұл елдердегі авторитарлық режимдерді
Еуропалықтар өздеріне келетін адамдарға нақты талап қойылғанын қалайды, олардың немен шұғылданып жүргенін білген жөн деп есептейді.
ескерсек, баспана сұраушылардың қауіпсіздігі мәселесі де төбе көрсетеді.

Норвегия билігі «егер елдеріне оралғанда өмірлеріне қатер төнсе немесе азапталатын болса, ондай баспана сұраушылардың қорғануға құқы бар» деп санайды. Бірақ Еуропа одағының адам құқығы жөніндегі уәкілі Томас Хаммарберг Ирактан келген босқындарға саяси баспана бермегені үшін Норвегияны айыптады. Өйткені БҰҰ Адам құқығы жөніндегі комиссиясы баспана сұраушылардың Иракқа қайта оралуы өте қауіпті деп санайды.

Босқындарды қорғау жөніндегі «Норвегия халқына жәрдем» ұйымының қызметкері Ирфан Кайзер бұл елдің иммигранттарға, әсіресе мұсылмандарға деген көзқарасы қатты нашарлады деп отыр.

– Менің ойымша, жалпы Еуропада белең алған тенденция Норвегияда да байқалып келеді. Оған «иммигранттарға қатаң бақылау орнатып, шектеу салу қажет» дейтін саяси пікірталастар ықпал етіп жатыр, – дейді Ирфан Кайзер. – Қазіргі Еуропадағы айтыс-тартыстар мультиұлттық мәдениеттің келмеске кеткенін көрсетеді. Еуропалықтар өздеріне келетін адамдарға нақты талап қойылғанын қалайды, олардың немен шұғылданып жүргенін білген жөн деп есептейді. Кейде «олардың құқығы сол елдегі басқа халықтардан аз болуы керек» деген де пікірталастар айтылады.

ИММИГРАНТТАРҒА ІШТЕРІ ЖЫЛЫМАЙДЫ

Соңғы жылдары Скандинавия елдерінде баспана беру туралы заң төңірегінде дау-дамай үдеп барады. Даниядағы 2005 жылы Мұхаммед пайғамбарға қатысты карикатура, Сирия, Ливан мен Иранда Дания елшіліктерінің өртелуі, сондай-ақ Ирактан шыққан жанкештінің желтоқсан айында Стокгольмде өзін-өзі жарып-жіберуі – баспана сұрап жүрген мұсылмандарға деген теріс көзқарас туғызды.

Өткен жылы 1144 баспана сұраушы мен заңсыз иммигрант Норвегияның қаржылай көмегінен кейін өз еріктерімен отандарына оралды. «Бұл алдыңғы
Норвегиядан шығарылған Мадина Саламова Шереметьево әуежайына келді. Мәскеу, 24 қаңтар 2011 жыл.
жылмен салыстырғанда 30 пайызға өскендігін көрсетіп отыр» дейді Норвегия көші-қон басқармасы. Елдеріне қайтарылғандардың үштен бірі – Ирак азаматтары.

Магомед сияқты елден еріксіз аласталғандар да көбейді. Норвегия көші-қон басқармасының мәліметтеріне сүйенсек, биылғы алғашқы екі айдың өзінде Ирактың 71 азаматы еліне қайтарылған, бұл бүкіл 2009 жылғы деректен көп.

Ресей Федерациясына еріксіз аласталатындар да көбейген. Олардың көпшілігі – Шешенстан мен Солтүстік-Кавказ елдерінен босып келгендер. Олардың арасынан да биылғы екі айда 102 адам отандарына қайтарылды. Бұл алдыңғы бір жылда елден шығарылғандардың санымен тең.

Әсіресе 25 жастағы Мәдина Саламованы елден шығару жайы ерекше көзге түсті. Бала кезінде Солтүстік Осетиядан Норвегияға қалай қашып келгенін баяндайтын кітабы шыққан соң Мария Амели деген лақап атпен мәлім болған бұл қызды Норвегия билігі қамауға алып, еліне қайтарып жіберді. 2010 жылы апталық журналдардың бірі оны «Норвегияның жыл адамы» деп атады. Оның еріксіз елден шығарылуы айтарлықтай қарсылық толқынын туғызды.

Еуроодақтың адам құқығы жөніндегі уәкілі Томас Хаммарберг «Шешенстандағы бүгінгі саяси жағдайды ескере отырып, ол жаққа иммигранттар тек өз еріктерімен ғана оралуына болады» деген пікірін білдірді Азат Еуропа/Азаттық радиосының тілшісіне.

ОТАНЫНДА ҚАУІП БАР

Отанына оралғандардың өміріне қауіп төнетін жайттар да кездеседі. «Ирандағы адам құқығы» үкіметтік емес ұйымының мәліметіне қарағанда, Норвегия билігі баспана беруден бас тартып, ақпан айында елден шығарған 19 жастағы ирандық күрд Рахым Ростами қазір Иран түрмесінде отыр. Тұтқындарды азапқа салып, қинауымен аты шыққан Тегеранның «Евин» түрмесінде отырған бұл азаматтың өміріне қауіп төнуі ықтимал деп есептейді.

Норвегия иммиграция басқармасының мәліметі бойынша, 2009 жылдың қаңтарынан 2011 жылдың 28 ақпанына дейінгі аралықта Ауғанстанның, Ирак пен Ресейдің 8289 азаматы Норвегиядан баспана сұраған.

Норвегия осы мерзімде аталған елдерден шыққан 6111 адамға баспана беруден бас тартқан. Олардың алдында екі-ақ таңдау бар: бірі – бұл шешімге байланысты үш тәуліктің ішінде шағым түсіру, екіншісі – елдеріне өз еріктерімен қайту. Өткен жылы қайта шағым бергендердің 6,8 пайызы ғана өздері күткен шешімге ие болды.

Өтініш жасаушылардың көпшілігі әуелі Шенген аймағындағы басқа елдерден баспана сұраған, сол себепті олар ең алғаш өтініш берген жерге жөнелтіледі.

БАС ТАРТУ КӨБЕЙДІ

БҰҰ босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссарлығы басқармасының ақпаратына қарағанда, Норвегиядан баспана сұраушылардың саны 2010 жылы (2009 жылмен салыстырғанда) 42 пайызға азайған. Бірақ баспана
Олардың арасында жалған сөйлейтіндер жиі кездеседі. Олармен кейде күні бойы сөйлессек те, қалай қуғын-сүргінге түскенін айта алмайды. «Түрмеге қамап тастады, бірақ бір сағаттан кейін шығарып жіберді» дейді...
беруден бас тарту дерегі азаймай отыр – 2009 жылы 6196 адам болса, 2010 жылы 7673 адамға жеткен.

Норвегия иммиграция басқармасының өкілі Кирстен Михре соңғы екі жылдан бері баспана беру мәселесін қатаңдатқалы бұл елге өтініш жасаушылардың қатары күрт азайғанын айтады. Ол өзі қызмет ететін басқарма шын мәнінде саяси баспанаға аса мұқтаж емес адамдарды іріктеп шығаратынын айтып отыр.

– Олардың арасында жалған сөйлейтіндер жиі кездеседі, – дейді Кирстен Михре. – Олармен кейде күні бойы сөйлессек те, қалай қуғын-сүргінге түскенін айта алмайды. «Түрмеге қамап тастады, бірақ бір сағаттан кейін шығарып жіберді» дейді. Егер билік оларды қуғындағысы келсе, одан да қатты қысар еді ғой.

ДЕПОРТАЦИЯНЫҢ ҚАЛТАРЫСТАРЫ

Балтық елдері мен Скандинавия елдеріндегі УВКБ өкілі Ханне Матисен «Норвегия билігі баспана берілмейтін тұлғаны келген жағына өз еркімен қайтару тактикасына көшті, егер одан ештеңе шықпаса, мәжбүрлеп қайтарады» дейді:

– Олар мұны адам құқығын халықаралық тұрғыдан қорғау ісін әлдекімдердің бас пайдасына пайдаланбауы үшін жасап жатырмыз дейді. Бұл бір жағынан саяси баспана беру жүйесін қолдау үшін де қажет.

Ирфан Кайзердің сөзіне қарағанда, Норвегияда халықаралық конвенцияның иимиграциялық процедураларына көп нұқсан келе бермейді. Тек кейбір мекемелерде «өзіне-өзі қол салмас үшін» баспана сұраушы тұлғаны әр жарты сағат ұйқысынан оятатын көрінеді. Ұйқыны бұзудың мұндай түрі, Ирфан Кайзердің сөзіне қарағанда, халықаралық құқықта «азаптау актісі» болып саналады.

Иммиграциялық органдардың жұмысында ашық ақпараттардың болмауы адам құқығы жөніндегі белсенділерді мазасыздандырып отыр.

– Депортациялау ісінің қалай жүріп жатқаны белгісіз, – дейді Ирфан Кайзер. – Кейде полицияның түн ішінде барып, босқындарды отбасыларымен қоса арнайы орындарға жіберетінін көріп жүрміз. Ондай орындарда «адамның қадір-қасиетін түсіретін әрекеттер» жасалатыны жайлы біздің қолымызда да ақпараттар бар.

ПОСТСОВЕТТІК ЕЛДЕРДІҢ БОСҚЫНДАРЫ

Қалай болғанда да саяси баспана сұраушы тұлға «үй» деп атауға болатын жер іздейді. Магомедтің бұрынғы көршісі, шешен ұлтының өкілі Летчи өз бауырын да Ресейге қайтарып жібергенін айтады.

– Ақыры Шешенстанға қайтарады екен, онда көп кідіртпей бірден қайтарсын,
Менің ағам мен Магомед сот шешімін күтіп жүрді. Бірақ түн ішінде полиция келді де, олардың заңгерлерінің қарсылық білдіргеніне қарамастан қолдарына кісен салып әкетіп, елден шығарып жіберді.
– дейді ол. – Олар осы жерде біраз өмір сүрді, балалары мектепке барды. Ал Шешенстанға қайта барғанда балалар не істейді, бәрін қайта оқи ма? Не ары, не бері емес, сөйтіп екі арада балалар зардап шегеді.

Летчи өз ағасының дәл осындай жағдайда Ресейге жөнелтілгенін айтады:

– Менің ағам мен Магомед сот шешімін күтіп жүрді, – дейді ол. – Бірақ түн ішінде полиция келді де, олардың заңгерлерінің қарсылық білдіргеніне қарамастан қолдарына кісен салып әкетіп, елден шығарып жіберді. «Полиция бұйрықты ғана орындайды» деді олар.

Есепке жүгінсек, 2009 жылдың қаңтарынан 2011 жылдың 28 ақпанына дейінгі аралықта Норвегиядан Қазақстанның 53 азаматы саяси баспана сұраған, оның 27-сі қанағаттандырылмаған. Салыстыру үшін айтар болсақ, мәселен Қырғызстан азаматтарынан 101 өтініш түскен, оның 55-і қайтарылған; Өзбекстаннан түскен 276 өтініштің 242-сі, Ресейден келген 1552 өтініштің 1091-і кері қайтқан. Бәрінен де ең аз өтініші түскен поссоветтік ел – Түрікменстан. Түрікменстанның жеті азаматы өтініші берсе, оның екеуі қанағаттандырылмаған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG