Accessibility links

«Наурыз кеше тойланып кеткен, үйлеріңе қайтыңдар!»


Наурызды мерекелеп жүргендердің арасында полиция көлігі бірден көзге шалынады. Алматы, 22 наурыз, 2010 жыл.

Наурызды мерекелеп жүргендердің арасында полиция көлігі бірден көзге шалынады. Алматы, 22 наурыз, 2010 жыл.

Бүгін Алматыдағы Астана алаңына Наурыз тойлаймыз деп келген алматылықтар мен қонақтардың естіген алғашқы сөзі осы болды. Ал Астанада күн суық, қар жауып тұр деген желеумен қала көшелерінде мерекелік шаралар мүлде өткізілмеген.


Қазақстанда биыл ресми түрде 20- 24 наурыз аралығы мереке күндері деп жарияланған болатын. Осы ретте ЕҚЫҰ-на төрағалық етіп отырғандықтан және президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 70 жылдық мерейтойы тойланатын жыл болғандықтан Қазақстанда Наурыз да ерекше сән-салтанатпен тойланады деп күтілгендігі аян.
Алматының Астана алаңында Наурыз серуенінде жүрген халық. Алматы, 22 наурыз, 2010 жыл.

Халықаралық наурыз мерекесі күні Алматының орталық Астана алаңында ешқандай мерекелік шаралардың жоқтығына қарамастан, мыңдаған халық жиналды. Алғашқыда олардың Астана алаңында қыдырыстап, наурызды тойлап жүргенін көруге болатын еді.

Қызылды-жасылды киініп, мерекелік көңіл-күймен алаңға келген үлкен-кішінің бәрі де өздерінің жүрекжарды мерекелік тілектерін жеткізіп, бір-бірімен құшақтасып, көрісіп жатыр. Наурыздың ең үлкен дәмі - Наурыз көже де буы бұрқырап, меймандарды өзіне шақырады

Дегенмен алматылықтардың осындай мерекелік шаттығын жол қозғалысының тәртібін сақтаушы полиция қызметкерлері су сепкендей басып жатқанын Азаттық радиосының тілшілері көзбен көріп, құлақтарымен естіген еді. Дауыс күшейткіштен шығып жатқан дауыстан:

-Құметті халайық, жол тәртібіне кедергі келтірмей, алаңды босатыңыздар. Наурызға арналған мерекелік шаралар кеше өтіп кеткен,- деген хабарланыруды естіген жұрт алдында аңтарылып қалса да, бірден тарап кете қойған жоқ. Олардың бірқатары Азаттық радиосына өз тілектері мен ойларын былайша жеткізді.

-Бүгін біз ұлттық мейрамды тойлауға келіп едік. Мерекелік шаралар кеше өтіп кеткен деп елдің бәрін қайтарып жатыр. Ешқандай мерекелік шараны көріп тұрған жоқпыз.
Қолдарына дауыс күшейткіш ұстаған полиция қызметкерлері Наурызды тойлаушылар арасында. 22 наурыз, 2010 жыл.


-Мен осы айтылып жатқандарға қосыламын. Біз барлық мерекені тойлаймыз.Тіпті қасиетті Валентин күніне дейін тойлағанда, Наурызда неге тойлай алмаймыз?!

-Биыл Наурыз мерекесін дүниежүзі мойындап тойлап жатқанда, біздің тойлай алмауымыз ұлттығымызды жоғалтуымыз деп есептейміз. Бүгін мұнда билік тарапынан ешқандай құттықтау, ресми мәлімдеме болмауын қалай түсінуге болады?- дейді Астана алаңында Азатық радиосына пікірлерін білдіргендердің бір тобы.

Астана алаңында Наурыз мерекесінің ресми түрде сән-салтанатпен аталып өтпей отырғанына наразы адамдардың қарасы аз емес.

Биылғы ақпан айының аяғында БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы 21 наурыз күніне Халықаралық мереке мәртебесі берілген қарар қабылдаған болатын.

Осы Наурыз күндері Алматыда «...Тіл кеспек жоқ!» деп аталатын республикалық ақындар айтысы өтіп жатыр, ол жексенбі күні басталып, дүйсенбіде де жалғасты. Әдеттегідей Қазақстан телеарналарынан көрсетілетін Айтыстың бұл жолы беріле қоюы неғайбыл бұл айтысты тамашалаушылардан Студенттер сарайында ине шаншар орын жоқ деп хабарлайды біздің тілшіміз.

Алматының Астана алаңында жұртшылықтың Наурыз серуені қалай өткенін бейнелеген Азаттық тілшілерінің видеосюжетін осы арадан көруге болады:

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG